Маңғыстаудағы сарбаздың өлімі: марқұмның әкесін судья сот залынан қуды

cover Фото: ашық дереккөзден

Бүгін, 14 қаңтар күні Астанадағы әскери сотта 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы басталды, деп хабарлайды Orda.kz

19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Марат Барқұловтың әкесі Ербол Күнтүнов соттың ашық өтуін және БАҚ өкілдерінің қатысуын талап етті. Судья бастапқыда журналистерді сот залына кіргізбеді. Кейін БАҚ өкілдері залға кіргенде, ол айыпталушы – 25744 әскери бөлімінің зенитті-артиллериялық взвод командирі Дамир Досовтың адвокаттарын тыңдап, олардың сотты фото, видео және аудиожазбасыз өткізуді сұраған өтінішін қабылдады. Осыдан кейін марқұмның әкесі Ербол Күнтүнов сөйлеп, отырысты адвокаттың қатыспауына байланысты кейінге шегеруді сұрады. Барқұловтар отбасы соттың ашық өтуін қалаған. Алайда судья оған өз өтінішін толық жеткізуге мүмкіндік бермеді. Бұған наразы болған Ербол Күнтүнов судьяға қарсылық білдірді, ал судья сот орындаушысына оны залдан шығаруды бұйырды.

«Сіздер көрдіңіздер ғой? Олар арандатып отыр. Айыпталушы тараптың өтініші қабылданды, біздікі неге тыңдалмайды? Бұл ең алдымен менің ұлыма қатысты іс. Мен заң бұзған жоқпын. “Судья ханым, менің өтінішімді неге тыңдамайсыз?” деп сұрадым. Маған “отырыңыз” деп қысқа қайырды. Мен шыдамай, орнымнан тұрып айттым. Ол мені залдан шығаруды бұйырды. Орындаушы мені қолымнан ұстап, 102-ні шақырды. Бұл қандай сот сонда? Ұлым ел алдындағы борышын өтеуге кеткені үшін бе? Әділдік қайда? Мен судьяға қарсылық білдіремін. Президент әкімшілігіне барамын. Сол жерде тамырымды, тамағымды кесемін! Судья мен үшін жауап береді», – деді марқұмның әкесі Ербол Күнтүнов.

Сот отырысы тоқтатылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар