Қызылордада дәрігерлер жаңа туған сәбиді күйдіріп алды

cover Фото: freepik.com

Қызылордада процедура кезінде жаңа туған нәрестенің аяғы күйіп қалды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Бұл туралы жәбірленуші әйелдің туысы Әйгерім Әбілтаева айтты. 

Оқиға Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында болған. Жоғары қан қысымы байқалған жүкті келіншекті аудан дәрігерлері шұғыл түрде облыстық перинаталдық орталыққа жіберген. Қалада оған дереу «кесар тілігі» арқылы ота жасалған. Бірақ орталықта келіншектің туыстары дәрігерлермен кездесе алмаған. 

«Тек нәрестенің кувезде екенін және оның жағдайы ауыр екенін білдік. Бірнеше күннен кейін келін жылап хабарласып, нәрестенің аяғын күйдіріп алғандарын айтты», - дейді Әйгерім Әбілтаева. 

Мәліметтерге сүйенсек, медициналық қызметкерлер баладан анализ алу кезінде спиртпен табанын күйдіріп алған екен. Ал дәрігерлер осы уақытқа дейін анасына жөргекті ауыстыруға немесе нәрестені ұстауға рұқсат бермеген.

«Күнделікті тексеріс жасайтын педиатр қайда қарады, жансақтау бөлімінің жауапты қызметкерлері не істеп отыр? Жараға инфекция түскенін күтті ме, егер одан әрі тараса не болады? Неге бұны ешкім ойламайды? Бейшара нәресте жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, ал енді мына жағдай болды! Біз кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз!», - деді ол. 

Облыстық перинаталдық орталық бұл оқиға бойынша ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Дәрігерлерлің қателігі үшін тиісті шаралар қолданылатынын айтты. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар