Қазақстан президентінің Ресейге жасаған екі күндік сапары осы аптаның ең көп айтылған оқиға шығар. Себебі бұл сапарда құпия да, орындалмай қалған үміт те жатыр.
Orda.kz сарапшылар пікірін жинақтап, сапардың мән-маңызын тарқатып көрді.
Тұңғыш көзге түскен жайт — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге жасаған сапарындағы даңғазалық. Бұрын байқала бермейтін сән-салтанат бірден көзге түсті. Өткен жылғы біздің елдегі «жоғары мәртебелі президент» деген қошеметке экран арқылы жауап қайтарылған сәттен бастап, кездесулер өткен залға дейін ерекше әспеттелген.
Кездесулердің өзі де барынша жаймашуақ, бейресми сипатта өтті. Бұған 2025 жылғы 11 қарашада Владимир Путин айтқан:
«Отырып шай, кофе ішіп алайық», — деген сөзі дәлел.
Сөйтіп екі президент үш сағатқа жуық екеу ара әңгімелесті. Осы ұзақ оңаша отырыс — сапарды расында жалпақ жұрт үшін жұмбақ етті. «Олар қандай құпия мәселені талқылады?» деген сауал талайдың көкейін тескені анық.
Орталық Азия бойынша белгілі сарапшы Аркадий Дубнов былай деді:
«Олар неге оңаша сөйлескісі келгенін аңдау қиын емес. Жуырда Астанаға келген Финляндия президенті Стубб Тоқаевтың Вашингтонға сапарынан кейін Трамп тарапынан қандай да бір белгі не хабар жеткізуі мүмкін екенін айтқан еді. Айта кету керек, Кремльде мұндай оңаша отырыс өте сирек болады. Мұндай құрметке тек Қытай басшысы Си Цзиньпин ғана ие болған», – деп жазды ол.
Тоқаевтың Путин мен Трамптың арасындағы емес, жалпы Ресей мен Батыс арасындағы байланыста да делдал ретінде рөл атқара алатынын көрсететін тағы екі жайт бар.
Біріншісі — The New York Times басылымына берген сұхбатында Тоқаевтың Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер жүргізетін алаң болуға дайын екенін тағы да айтуы. Екіншісі — Тоқаевтың сапарынан кейін жария болған ақпарат. Келесі аптада Астанаға Эстония президенті Алар Карис келмек. Эстония — парламенттік республика, елдің шынайы атқарушы билігі премьер-министрдің қолында. Бірақ әңгіме делдалдық миссия туралы болса, бұл айырмашылықтың шешуші маңызы қалмайды.
Ал орындалмаған үміттерге келсек, кей сарапшылар сапар барысында Қазақстан «Росатоммен» АЭС салу туралы келісімге қол қояды деп болжаған еді. Бірақ ондай құжат болған жоқ. Оның орнына тараптар Амур жолбарыстарының төртеуін Қазақстанға әкелу жөнінде уағдаласты.
Ядролық тақырып мүлде қозғалған жоқ деуге болмайды. Қазақстанның атом энергетикасы агенттігі «Ростехнадзор» ұйымымен меморандумға қол қойды. Ол болашақ АЭС-ке де, ТМД аумағында радиоактивті қалдықтарды тасымалдау жөніндегі жаңадан бекітілген ережелерге де қатысы болуы мүмкін. Өкінішке қарай, меморандум мәтіні әзірге ашық жарияланбады.
Өткен кездесуде Тоқаев пен Путин талқылаған ең басты мәселе – көлік қатынасы болды. Бұл тақырыпты қос президенттің өзі де ерекше атап өтті. Orda.kz журналисінің жеке пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі Декларация мәтінінде нақтылығы ең айқын көрінетін тұс – дәл осы көлік саласы. Екі ел қабылдаған құжаттардың басым бөлігі де осы салаға бағытталған.
Фото: Ақорда
Мысалы, «Қазақстан темір жолы» мен Ресейдің РЖД компаниясы қол қойған келісім жөнінде ҚТЖ былай деп хабарлады:
«Құжат шекаралық инфрақұрылымды жаңғыртуға, жүк легінің өсуін ескере отырып, теміржол өткелдерінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған».
Министрлік те жаңа транзиттік келісімнің мәнін қысқаша түсіндірді:
«Бұл келісім екі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға, логистикалық тізбектерді оңтайландыруға және халықаралық жүк тасымалын тиімді етуге жаңа мүмкіндіктер ашады».
АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын күшейткені және ЕО-ның да жаңа шектеу қоюы мүмкін екенін ескерсек, еріксіз бір сұрақ туады: транзитке қатысты құжаттар бұрыннан әзірленген бе, жоқ әлде жаңа шектеулерге байланысты тез арада жасалды ма?
Экономист Айдар Әлібаев бұл сауалға былай жауап береді:
«Санкциялар бүгін не кеше енгізілген жоқ. Бұл шектеулердің болғанына төрт жылға жуықтады. Олар Ресейдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, көлік-логистикалық мүмкіндіктерін әлсіретті. Осындай жағдайда Қазақстан шекарасы – Ресей үшін әлемге ашылар жалғыз терезе болып отыр. Біздің елдің экономикалық және логистикалық тұрғыдан маңызы артып келеді».
Айдар Әлібаев. Фото: facebook.com
Сарапшының айтуынша, Ресейдің жағдайы нашарлаған сайын Қазақстан арқылы өтетін жолдардың да маңызы күшейе береді:
«Бұл бағытта бәрі артады. Оның ішінде сапар барысында ашық айтылмаған, бірақ соғыс басталғалы үздіксіз болып келе жатқан санкцияны Қазақстан арқылы айналып өту де бар. Бұл бүгінде Ресейдің азаматтық та, әскери де экономикасының ең маңызды тетігіне айналды».
Автокөлік өткелдерін дамыту жоспары туралы министрлік те қысқаша мәлімет берді:
«Жоба жүзеге асса, шекарадан өтудің уақыты қысқарып, өткізу мүмкіндігі артады. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасалады».
Теміржолға қатысты келісімдер санкцияларға жауап тәрізді көрінуі мүмкін. Ал автомобиль тасымалы жөніндегі жоспарды бірнеше ай бойы бітпей тұрған шекарадағы ұзақ кептелістерге берілген реакция деуге болады. Дегенмен, Путиннің жуырдағы Қазақстанмен шекара арқылы жүктерді декларациясыз өткізуді рұқсат ететін жарлығын ескерсек, бұл жерде де санкция мәселесі еріксіз ойға оралады. Әлде бұл бұрыннан жоспарланып келген бастама ма, тек жүзеге асырудың сәті енді түсті ме? Қалай десек те, Қазақстан мен Ресей арасындағы құрлықтағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Ал онда ірі өткізу бекеттері тым аз.
Экономист Әлібаев бұл жерде екі себеп қатар тұрғанын айтады:
«Мұнда, шамасы, екі уәж де қатар тұр. Біріншіден, бұл мәселе Ресей үшін бұрыннан маңызды да қажетті еді. Екіншіден, санкциялар да түрткі болып отыр. Санкциялар күшейген сайын кей бағыттар жабылып қалады. Ал ол шығынды басқа жақтан өтеу керек. Жаңа жолдар ашуға тура келеді. Ал соған қолайлы жалғыз ашық «терезе» қайсы? Қазақстан», – деді Айдар Әлібаев.
Сонымен бірге сарапшы Тоқаевтың Мәскеуге сапары кезінде мүлде көтерілмеген бір мәселеге назар аударады. Қарашаның басында Ресей Қазақстаннан баратын жүк көліктерінің жүргізушілеріне өз аумағында болуға рұқсат етілетін мерзімді қысқартқаны белгілі болды. Бұрын олар жылына 180 күнге – әр алты айға 90 күннен қала алатын. Ал жақында бұл мерзім жылына 90 күнге дейін қысқарды.
9 қарашада осы мәселе Қазақстан мен Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысында талқыланды. Жиынның қорытынды хабарламасында былай деп жазылған:
«Ресей жағы халықаралық тасымалмен айналысатын қазақстандық жүргізушілердің Ресей аумағында болу мерзімін бұрынғы 180 күнге қайтару мәселесін жедел шешуге қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді».
Алайда «жедел шешуге қолдау көрсетуге дайынбыз» деп мәлімдеу – бұрынғы мерзімнің міндетті түрде қайтарылатынын білдірмейді.
Айдар Әлібаевтың айтуынша, бір жағынан көлік саласындағы әріптестіктің дамуы туралы сөз қозғалса, екінші жағынан жүргізушілер үшін болу мерзімін қысқарту – түсініксіз қайшылық.
«Менің түсінуімше, мұндай шешімдер тез қабылданады, бірақ оларды кері қайтару өте қиын. Бірақ қандай жағдайда да сұрақ туады: бұл шешімнің артында қандай себеп тұр? Оны кім алға бастырды? Сталин айтқандай: “Әр шешімнің артында нақты бір фамилия тұрады”. Ендеше, ол адамның мүддесі қандай болды? Егер сондай шектеуді енгізіп отырса, ол қызметі жоғары лауазымды тұлға болғаны», – дейді сарапшы.
Бәлкім, бұл мәселені де Тоқаев пен Путин жеке, жұрт көзінен тасада отырып талқылаған шығар. Екі елдің басшысының не жайлы талқылағаны әлі беймәлім.