Қонаев қаласының әкімдігі аяқталмаған жұмысқа 12 млрд теңге төлегені рас па?

cover Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде Қонаевтағы кәріз-сорғы станцияларының бітпеген құрылысына 12 млрд теңгеден астам ақша төленіп қойғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Orda.kz.

Алматы арнасының мәліметінше, 2023 жылдың қазанда Қонаев қаласында 11 кәріз-сорғы станцияларын жаңарту жұмыстары басталған. Бұл жоба қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қолға алынған. Мердігер «TOLAGAI-2050» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Қонаев қаласы әкімдігі мердігерге қаражат толық төленбегенін мәлімдеді. 

«Жұмыс кестесіне сәйкес, нысан 2025 жылдың наурызында қолданысқа беріледі деп көзделген. Құрылыс жұмыстарының уақтылы жүруі қала әкімі Асхат Бердіхановтың жеке бақылауында. Ұлттық қордан бөлінген 12 млрд 687 мың теңгенің 391 млн теңгеден астамы әлі игерілмеген, мердігердің шотына жіберілмеген», - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мәліметтерге сүйенсек, 22 дана сорғының жартысынан көбі орнатылған және электр желілері тартылған. 28 шақырымнан астам құбырдың 26,5 шақырымы жүргізілген.

«Бөлінген қаржының көлемі құрылыс материалдарының қымбат болуына байланысты. 1 кәріз сорғысының құны - 50-60 миллион теңге. Ал 11 сорғы станциясына кем дегенде 2-3 данадан қою қажет. Бұдан бөлек, құбыр тарту, жерді жару, мамандардың еңбекақысы, құрылыс материалдарын сатып алу деген сияқты жұмыстар бар», деп атап өтті Қонаев әкімдігінің баспасөз қызметі.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар