«Қазақстан үкіметінен еш жауап жоқ»: Пәкістанда атажұртын аңсаған қазақтарды Ауғанстанға жер аударып жатыр

cover Фото: Пәкістандағы қазақтар

Orda.kz бұған дейін шеттегі қазақтардың мәселесін көтерген еді. Соның ішінде Қазақстанға орала алмай жүрген Пәкістандағы қазақтардың халі мүшкіл. Жергілікті билік атажұртын аңсағандарды Ауғанстанға «жер аударып» жатыр. Пәкістанның «босқын» деп берген құжаты қандастардың басына бәле боп жабысты. Қазақстан елшілігінен, Сыртқы істер министрлігінен 5 жыл бойы мардымды жауап ала алмаған қандастар Қазақстан билігінен күдерін үзді. 

Пәкістанның Карачи өңірінде тұратын Хамид Уллах Жорабайдың бұл жерге қалай келіп қалғаны, түп-тамыры қазақ екені, бірақ соны дәлелдей алмай жүргені туралы ақпараттарды осы материалымыздан оқи аласыздар. 

Атажұрттан алыстаған ағайын түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. Қандастардың Карачидегі шаңырағында қамалып жатқанына 20 күннен асты. Біз бұл туралы Хамид Уллах Жорабайдың Facebook-тегі парақшасына жазған жазбасынан бір-ақ білдік. 

«Пәкістанның Карачи қаласының қазақтары, 20 күннен бері үйде қамалып отырмыз. Өмір сүру өте қиын. Қазақстан үкіметінен ешқандай жауап алған жоқпыз. Балаларымыздың жағдайы өте ауыр болып кетті. Соңғы бірнеше күнде 30 адам елден шығарылды. Біз өзімізді Пәкістан полициясына тапсыруды ұйғардық. Бізді депортацияласа жақсы болар еді. Сізге, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және құрметті елшіге рақмет. Сіз бізге көп көмектестіңіз.
Балаларымыз енді өздерін қазақпын деп есептемейді деп ойлаймын» деп жазды ол. 

Хамидтың Карачидегі айналдырған 40 отбасыны елге қайтара алмағанына күйініп жазғаны көрініп тұр. Жазба астындағы пікір бөліміне қоғам белсендісі Бурахан Дақанов былай деп жазыпты:

«Кешір мені, Хамит. Менің қолымнан келмеді. Бәріне барғанымды, бәріне хабарласқанымды, осы мәселені қозғағанымды өзің көрдің. Куәсің. Бұйырмайтын зат бұйырмайды екен. Ал,  Тәңір сендерге жар болсын. Керей бауырым. Болашақта көрісуге жазсын». 

Бурахан Дақанов — елдегі азаматтарды солтүстікке көшуге үгіттеп жүрген белсенді. Алайда бұл жағдай қолында құзіреті бар, шешім қабылдау құқығына ие азаматтар ғана шеше алатын нәрсе.

Пәкістандағы жағдайға оралайық. Хамид Қазақстаннан жауап күтіп, елшілік пен ауыл арасында сабылып жүргенде бірнеше отбасы Ауғанстанға депортацияланып та кетті. Хамид Уллах тағы да жан ұшыра елшіліктің есігін қайта қақты. «Бірақ, баяғы жартас — сол жартас». Атажұртты аңсағандар мардымсыз жауап пен құр сөзге «шомылып», күдері үзіліп, сағы сынды. 

Хамид жоғарыдағы жазбасын кеше, 18 қыркүйек күні жариялады. Orda.kz редакциясы кейіпкеріне қайта хабарласты.

«Бізге тамыздың соңына дейін Пәкістаннан шығуға уақыт берген еді. Егер кетпесек, ұстап қамайтындарын, депортация жасайтындарын айтты. Мен осы бойынша елшілікке, СІМ-ге хабарласып, жағдайды түсіндірдім. СІМ-нен бізге «сіздерге ешкім тиіспейді, біз сіздерді 10-15 күнде елге алдыртамыз. Ал Пәкістан полициясына хат жолдап, сіздерді ұстамауға келістіреміз» деді. Бірақ полиция ұстаған адамын дереу қамап, елден мәжбүрлеп шығарып тастап жатыр», — дейді Хамид. 

Көріп тұрғанымыздай, сыртқы істер министрлігі тарапынан айтылған сөзге алып-ұшып қуанған қандастардың қуанышы көпке созылмапты. Өткен аптада 5 қазақ отбасын полиция ұстап, Ауғанстанға өткізіп жіберген. 

«2-3 күн бұрын тағы осы жағдай қайталанды. 4-5 баласы бар ер адамды және 15 жастағы жасөспірімді полиция ұстап қамап қойды. Мен дереу қайта елшілікке, СІМ-ге, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына хабарластым. Хат та жаздым. Ешбірінен жауап келмеді. Жауап күтіп жүргенде ол екеуін де Ауғанстанға өткізіп жіберді», — деп ашынды қандасымыз. 

Пәкістанда полиция назарына ілікпеген 33 қазақ отбасының жағдайы ауыр.

«Балаларымыз аш-құрсау, ауырып жатыр», — дейді кейіпкеріміз.

Үлкендері жұмысқа шыға алмайды, есік алдына аттап баса алмайды. Ал елден мәжбүрлеп шығарылған 30 қазақтан хат не хабар жоқ. 

Хамид: «Пәкістан полициясы қолдарына телефонын берді ме, бермеді ме, білмеймін. Бірақ кеткелі ешбірі «тіріміз» деп хат жазбады», — дейді. 

Бұл көші-қон мәселесінде Пәкістандағы қазақтардың түсінбей отырғаны мынада. СІМ: «елшілікке хат жібереміз. Пәкістан билігімен өзара келісімге келдік. Олар бір топ қандасты Қазақстанға қайтаруды қолдап отыр» деген. Бірақ Хамидтың айтуынша, әлі күнге дейін жібереміз деген хаттары тиісті орнына жетпепті. 

«Бұларды не ұстап тұрғаны қызық. 2 рет ДНҚ тапсырдық. Қазақ болып шықтық. Елшіліктегілер үйімізге келді. Біздің қазақ екенімізді көрді. Енді не керек?», — деді Хамид Уллах. 

Пәкістандағы қазақтарды өз өмірі бір ойландырса, Ауғанстанға кетіп хабар үзілген бауырларының жағдайы екі ойландырып, мазаларын қашырған.

«Олар Ауғанстанда не істейді, қалай болады? Ештеңе айта алмаймын. Бір айдан соң күн салқындап қалады. Ауғанстанда қар жауатын уақыт жақын. Бұлардың баспанасы да жоқ, қар жауғанда қай жерге барып пана іздейді? Қазақстаннан бір жақсы хабар келмеді. «Қарастырып жатырмыз» дейді. Бізді «қарастырып жатқанына» 5 жыл болды. Не қарастырып жатқандарын білмедім. Менің сөзім жоқ. Біз қазақпыз. Қазақстанға барып ешкімге қол жаймаймыз. Өз күнімізді өзіміз көріп кетеміз», — деді ол. 

Өлім мен өмірдің ортасында тұрғандай күй кешкен қандастардың ендігі арыз-талабы әлгі хатты ертерек жіберсе дейді. Немесе Қазақстан біздің «қазақ екенімізді» тексеріп біткенше Пәкістанда өмір сүре тұруымызға мүмкіндік беретіндей өзара келісім жасалса деп отыр. 

Бірнеше жыл бойы Пәкістандағы қандастардың мәселесінің шешілмеуі — тарыдай шашылған қазақтың атамекенге оралсам деген арманын аяқ асты етті. Қазақстан үкіметінің бір топ қазақ отбасын телміртіп қоюы, үзілді-кесілді жауап бермеуі, редакцияның сауалына тоқетерін айтпауы — өте күрделі мәселе.

Бір өкініштісі, шеттегі қазақты мына ұлан-ғайыр даламызға, атамекеніне біз шақырмасақ, оларға құшақ жаятын басқа ұлт жоқ екені бәріне түсінікті. Жат елде өгей болған қандастардың жағдайы осындай. Олардың әлі ассимиляцияға ұшырай қоймағанын ескерсек, елге келіп алса, санасы, көзқарасы өзгеріп, жергілікті халыққа сіңіп кетуі мүмкін. Өздері өзгермеген күннің өзінде қазақ балалары мектепке барып, білім алып, осы елдің бір-бір азаматы болар еді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар