Қазақстан экономикасы Ресей мен Қытайдан озды. Онда неге жұрт байып кеткен жоқ?
Өткен аптада Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жұртты елең еткізген болжамын жариялады: 2025 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Ресей мен Қытайды және өзге көршілерін басып озады. Алайда бұл қазақстандықтар ресейліктер мен қытайлықтардан байып кетті дегенді білдіре ме?
Дәл осылай экономика өсіп кетсе, қарапайым халықтың қалтасы неге қампаймайды?
Бұл туралы Orda.kz сайтына берген сұхбатында қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв айтып берді.
ХВҚ деректеріне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14,77 мың АҚШ долларына жетеді. Бұл Ресейдегіден (14,26 мың) және Қытайдағыдан (13,69 мың) көп. Қазақстанның Ресей мен Қытайдан озып кеткені туралы жаңалық үлкен резонанс тудырды — тіпті ресейлік олигарх Дерипаска пікір білдіріп, ал әлеуметтік желілердегі қазақстандықтар ешқандай экономикалық өсімді байқамағандарына наразы болды.
Алдымен нақтылап алайық: жан басына шаққандағы ЖІӨ мен халықтың сатып алу қабілетімен есептелетін табысы арасында қандай айырмашылық бар? Нақты өсіп жатқан не — ЖІӨ ме, әлде халық табысы ма?
— Жан басына шаққандағы ЖІӨ — бұл экономика орта есеппен бір адамға қанша өнім шығаратынын көрсететін көрсеткіш, бағалар сатып алу қабілетінің паритеті арқылы теңестірілген. Бұл көрсеткіштің құрамына бәрі кіреді: компаниялардың табысы (адамдарға төленбеген болса да), мемлекеттік шығындар, инвестициялар, амортизация, ел ішіндегі шетелдіктердің табысы.
Ал халықтың жан басына шаққандағы табысы — бұл адамдардың нақты алатын ақшасы, әдетте бұл үй шаруашылықтарының қолда бар табысы: жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, пайыздық кірістер, дивидендтер (салықтар мен жарналарды шегергеннен кейін). Мұнда бөлінбеген корпоративтік табыстар мен «мемлекеттік» өнім көлемінің бір бөлігі кірмейді.
Бірінші көрсеткіш — мінсіз теңгерілген экономикада адамдар қанша табыс алуы керек деген өлшем. Екінші — шынайы өмірдегі жағдай. Бай мен кедей, еңбекқор мен жалқау, жолы болғыш пен жолы болмағанның айырмашылығы осы сандар арқылы көрінеді. ЖІӨ жан басына шаққанда — бұл орташа, бәріне бірдей. Ал нақты табыс — өмірдің шындығы.
Қазақстанның көршілерінен жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша озып шығуы барлық қазақстандықтардың ресейліктер мен қытайлықтардан байып кеткенін білдірмейді.
ХВҚ болжамы өте жоғары. Бірақ бұл тек болжам ғана. 2025 жылдың екінші жартысында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны бәсеңдеп, ЖІӨ жан басына шаққанда төмендеп кетуі мүмкін бе? Яғни, бәрі қайта кері кетпей ме?
— ХВҚ болжамында айтылғандар — өзге бағалаулар бойынша, қазірдің өзінде жүзеге асқан факт. Біз жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Балтық елдерінен басқа ТМД елдерінің барлығын басып оздық. Енді бұл болжамның орындалмауына әкелетіндей ештеңе болмайды.
Әрине, егер Үшінші дүниежүзілік соғыс басталса, Қытай Тайваньға шабуыл жасаса немесе тағы бір күтпеген оқиға бола қалса — онда бәрі өзгеруі мүмкін, бірақ ондайда бәріне қиын болады, бізге де ЖІӨ-ді ойлайтын уақыт болмайды. Ал өзге ықтимал сценарийлер жоқтың қасы. Тіпті Украинадағы соғыс толығымен тоқтап, Ресейге салынған санкциялар алынып, оның экономикасы күрт көтеріліп кетсе де — бұл шындыққа аса жанаспайды.
Үкімет жиі еске салып отыратын ЖІӨ-нің рекордтық өсуі негізінен екі-үш саладағы инфрақұрылымдық жобаларға бюджет қаражатының құйылуынан болды. Бұл экономикалық өсімді ынталандырудың сапалы тәсілі ме?
— Иә, біздің экономика өсімі көбінесе жеке сектордан гөрі мемлекеттік сектор есебінен қамтамасыз етілген. Бізде сол сияқты «мемлекеттік капитализм» бар, яғни экономиканың 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі. Бұл біздің экономикамызды «мемлекеттік-нарықтық» экономика етеді.
Бұны — сапасыз өсім деп айтуға келмейді, себебі мемлекет қазіргі кезде жеке сектор жұмыс істей алмайтын салаларды өзі қолға алып отыр. Мысалы, құрылыс саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Әлемде бұл туралы көптеген пікірталас бар: үлкен инфрақұрылымдарды жеке бизнес салуы керек пе, әлде бұл — үкіметтің міндеті ме? Мұндай модель де қалыпты жағдай. Қытай экономикасы жыл сайын дәлелдеп отыр — мемлекеттік капитализммен де тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсімге қол жеткізуге болады.
Көптеген қазақстандықтар: егер экономика өсіп жатса, бәрі тамаша болса, онда неге халық мұны сезінбейді? Қысқаша айтқанда — экономика өссе, неге Токиодағыдай өмір сүрмейміз, тым болмаса Мәскеудегідей?
— Егер табыстар мен кірістер біркелкі бөлінбесе, онда жан басына шаққандағы ЖІӨ халықтың нақты табысымен сәйкес келмейді. Бірақ бұған бола қатты уайымдаудың қажеті жоқ, себебі бұл бүкіл әлемде солай.
Кез келген елде бай мен кедей (немесе жалқау мен еңбекқор) арасындағы айырмашылық едәуір жоғары. Әлемде толықтай теңдік орнаған, жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні әр адам теңдей алатын қоғам жоқ. Себебі ЖІӨ тек шағын және орта бизнес арқылы ғана емес, сонымен қатар ірі бизнес арқылы қалыптасады. Ал ірі бизнестің игілігін көретіндер — аз ғана бенефициар топ. Мұндай жағдай әлемнің барлық елдерінде бар, бұны капитализм деп атайды және бұл — табиғи құбылыс.
Біздің мақсатымыз — бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту, жалқау мен еңбекқор арасындағы теңсіздікті жою және халықтың нақты табысының жан басына шаққандағы ЖІӨ-ге жақындауын қамтамасыз ету.
Қаржы министрлігі, Экономика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар енді біз Ресей мен Қытайды басып оздық деп мақтанады. Бұл үкіметтің жетістігі ме?
— Бұл — тікелей үкіметтің жетістігі, себебі бізде мемлекеттік капитал бар және мемлекет экономиканың өсуіне орасан зор қаражат жұмсап отыр. Бірақ капиталдың басқа да түрлері бар. Қазіргі уақытта президенттің нарықтық экономиканы либерализациялау, яғни мемлекет үлесін азайту туралы жарлығы бар.
Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек: мұндай қаржы жұмсаудың екінші жағы да бар — ол инфляция деп аталады. Ал инфляция бізде негізінен фискалдық импульс арқылы өсіп жатыр: яғни, үкімет экономиканы өсіру үшін бөліп отырған сол қаражат арқылы. Иә, экономика өсіп жатыр — бірақ онымен бірге инфляция да қатар өсуде.
Авторы: Никита Дробны
Жаңалықтар
- «Тура биде туған жоқ» немесе «көбелек эффекті»: журналистерді қамау қоғамды қалай құлдыратады?
- ҚазТАГ агенттігінің басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғалды
- Бала өртеген 16 жастағы жасөспірімге сот үкім шығарды
- Музыкант Иманбек Зейкенов «Құрмет» орденімен марапатталды
- Қазақстан күрес федерациясын Тұрлыхановтың орнына кім басқарады?
- Атырауда Яна Легкодимованың ісін ашқан тергеушіге жаңа атақ берілді
- Олимпиада жүлдегері Дәулет Шабанбайды әскери қызметкерлерге шабуыл жасады деп айыптап жатыр
- Тоқаев пен Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы жайлы талқылады
- Сәтбаев қаласында қызметкерлерді пышақпен қорқытқан ер адам ұсталды
- Алматыда бірнеше көлік пен жолаушылар автобусы апатқа ұшырады
- Шалқарда құжаты жоқ мектептің ата-аналары президентке үндеу жасады
- Бажкеноваға өзін қорғауға мүмкіндік бермей жатыр — адвокат Мұрат Адам
- Ақтөбе облысында жол апатынан 5 адам көз жұмды
- «Көлік иесі де ажал құшқан»: Ақтөбеде бөтен көлікке мінген 16 жастағы жасөспірімнің денесі көлден табылды
- Санитарлық дәрігердің қаулысы: Астанада тұмау белгілері бар балалар мен ұстаздар сабаққа жіберілмейді
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде