«Қазақмыс» шахтерлері Тоқаевқа үндеу жолдады

cover Фото:Бейнеден кадр

«Қазақмыс» корпорациясының шахтерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Orda.kz.

 Желтоқсанның 19-ы күні кешке компания басшылығы наразылық білдірушілермен мәмілеге келгендерін хабарлады. Алайда, бүгін кеншілер наразылық білдірген шахталардың ешқайсысы жұмысын қайта бастаған жоқ. Оның үстіне жұмысшылар президентке үндеу жолдады.

«Біз жанайқайымызды жеткізгіміз келеді. 3 күн бойы талаптарымызды айтып келеміз, бірақ «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы бізді адам құрлы көрмей келеді. Айтқан талаптарымызды елеусіз қалдырып, шахтерлердің жағдайын назарға алмай отыр. Жұмысшылар арасынан сайланған өкілдер барлық мәселелерді басшылыққа баяндап отырды. Алайда оларды ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері жалақыны көтеру талабына байланысты қудалап, сотқа береміз деп қорқытуда. Бұл әрекет ереуіл де, митинг те емес, бұл – жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы келіссөздер процесі», – деді шахтерлер өкілі.

Сонымен қатар, шахтерлер жалақы мөлшері туралы таралып жатқан ақпаратты жоққа шығарды.  

«Әлеуметтік желіде шахтерлердің ең төменгі жалақысы 800 мың теңге деген жалған ақпарат таралуда. Осы 3 күн ішінде «Қазақмыс» басшылығының өкілдері, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, прокурор келіп, бізбен кездесті, сөйлесті. 
Осы кездесуде біз үш талап қойдық. Бірінші – бастамашыл топ мүшелерін ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының тарапынан түсіп жатқан қысымды  тоқтату. Екінші талап – 13-ші жалақы төлеу, себебі қазіргі уақытқа дейін басшылық 13-ші жалақы ретінде тек негізгі айлықты төлеп, қарапайым халықты алдап келді. Ал біз толыққанды 13-ші жалақыны талап етеміз. Үшінші талап – жалақыны бірден екі есеге көтеру», – деді шахтерлер.  

Шахтерлер Тоқаевтан дәл осы жалақы мәселесіне қатысты жалған ақпараттарға сенбеуін сұрап отыр. 

Сондай-ақ, шахтерлер президентке үндеу жолдап жатқанда, жергілікті телеграм-арнада полиция мен бірнеше автобус және әскери ұшақ ұшып келгендігі көрсетілген видео тарады.

Orda.kz жер астында төртінші тәулік жатқан кеншілердің бірінің әйелімен байланысқа шықты. Әйел қандай да бір хабардың жоқтығына алаңдаулы.

«Менің ойымша, бұл, бәлкім, ұлттық гвардия. Біздің өңірде мұндай жағдайлар болмаған. Бізде тіпті әскери бөлімдер де жоқ. Бұл ұшақтар жайдан-жай ұшып келмес еді», – деді телеграм-арнада пікір білдіруші.                                                      

Егер де, бұл ұлттық ұлан болса, онда оның  не үшін ұшып барғаны әлі белгісіз.





 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар