«Қазақ ғылымындағы бітпейтін дау»: Министрлік ғалымдарға қандай талаптар қоймақ?
Коллаж Orda.kz
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі базалық қаржыландыру аясында жалақы алатын жетекші ғалымдарға қойылатын жаңа талаптарды ұсынды. Бұл қазақ ғылымын дамытып, ілгерілету мақсатында жасалып отырған қадамдардың бірі.
Orda.kz еліміздегі ғылымның дамуы мен ғылымға сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдардың жай-күйі жайлы түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектеп-тегіне хабарласқан болатын. Ол министрлік қабылдап отырған жаңа талаптар жайлы және оның кілтипандары жайлы айтып берді. 50 жыл бойы ғылымға өмірін арнаған түркітанушы ғылыми еңбектердің әділ бағаланбай отырғанын айтты.
Ал 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетін, ғалымдарға қойылатын талаптар мынадай:
- Білімі: Ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD және т.б.) болуы тиіс.
- Тәжірибесі: Кемінде 5 жыл ғылыми немесе ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болуы керек.
- Басшылық: Ғылыми ұйымды немесе жобаны басқару тәжірибесі кемінде 3 жыл болуы тиіс.
- Жариялаған еңбектері: Соңғы 10 жылда ғалымдар халықаралық және отандық ғылыми журналдарда еңбегін жариялауы тиіс.
- Негізгі жұмыс орны: Ғалым базалық қаржыландыра алатын ұйымда жұмыс істеуі керек.
Бұрынғы талаптарда ғылыми дәрежесі мен белгілі бір жұмыс өтілі болуы жеткілікті еді. Оның үстіне еңбектерінің жарыққа шығуы мен басшылық тәжірибесіне қойылатын талаптар қатаң болмаған. Министрлік сөзіне қарасақ, жаңа талаптарды енгізу ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға және олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Жаңа талаптар ғалымдарды беделді журналдарда жиі жариялануға және халықаралық жобаларға қатысуға міндеттеп отыр.
«Аударма ісі»
Ежелгі түркілердің өмірі мен руна жазуы жайлы зерттеп келе жатқан түркітанушы Аманқос Мектеп-тегі бұл қабылданатын талаптағы бір кілтипанды айта кетті. Түркітанушының айтуынша, жаңа талаптағы халықаралық басылымдарда еңбектердің жариялануы жайлы талап орынды. Бірақ шетелдің басылымдарына ғылыми еңбекті шығару үшін аударма мәселесін де қолға алуы керек. Мысалы, әлемдік тіл ағылшын, болмаса испан және т.б.
«Бұл істе ғылыми еңбекті нақтылап дұрыс аудара алатын тіл мамандарын біріктіру керек. Себебі, бұл жағдайда мәнсап үшін жүрген ғалымдар ғана бір-екі жазған дүниесін талапты орындау үшін ғана өз бетінше аударып жариялайды да нақты зерттеулер, ғылыми еңбектер, кітаптар қалып қояды. Егер ғылым саласына жауапты адамдар, министрлер расымен осы ғылымды дамытқысы келсе, бұл істі егжей-тегжейлі қарастыруы керек», — деді Аманқос Мектеп-тегі.
Сонымен қатар, түркітанушы «бұл ұлтта жазу болмаған, жабайы өмір сүріп, көшіп-қонып жүрді» деген ескі түсінік болғанын айтты.
«Егер әлем елдері археологиялық қазбалар кезінде осы біздің руна жазуы секілді мұра табатын болса, әлемге жар салып айтып, қадірлей алатын еді. Біз өзіміз ол мұрамыздың қандай екенін де білмейміз. Халыққа, мектепте, оқу орындарында көрсетпегеннен соң, олар оны білмей де жатады. Ал кейбір БАҚ өкілдері оны тіпті түсінбей, айтқан сөзімді алып тастап жатады. Ал жоғарыда отырғандар оны түсінбейді. Олар ғалымды оның зерттеп жүрген ғылымын түсінбеген соң, әділ бағалап, қолдау көрсете алмайды», — деді Аманқос Мектеп-тегі.
Руна жазуы — көк түріктердің жазу мәдениетінің бар екенін бүкіл әлемге паш етті. Аманқос Мектеп-тегі мұндай жаңалықты әлемдік тілдерге аударып, басып шығарып, білім ордаларына енгізу өте маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Екінің бірі кандидат»
Түркітанушы ғылыммен айналысып, өмірін арнаған, еңбектер жазған адамдарға мемлекет тарапынан қолдау аз екенін айтты. 300-ден аса ғылыми еңбегі бар ғалым жеке шығарған 5 кітапқа да, соңғы шыққан «Руна жұмбағы» атты бабаларымыздың руна жазуына қатысты шыққан кітабына да ешқандай қолдау көрсетілмегенін айтты. Ал жаңа енгізілетін талаптар ғылымның дамуын ілгерілететіне күмәнмен қарайтынын айтты.
«Бұл талаптар ғылымның дамуына сеп болады деп айта алмаймын. Қазіргі қорғап жатқан еңбектерге қарасақ, ғылымды дамытатын еңбектер емес. Бұл трафарет бойынша стандартты жасау, яғни сөз жүзінде ғана, әйтеу ғылыми атақ алу үшін жасалатын нәрселер. Одан олар ғалым болып кетпейді. Қазір екінің бірі кандидат, екінің бірі доктор. Олардың бәрін ғалым деп айту қиын. Шынына келсек, көбі сөз жүзінде ғана ғалым. Олар мәнсап үшін түрлі айла-шарғыға барып, біреудің еңбегінен көшіріп қорғап жатады. Ал расына келсек, ғылым үшін елеулі бір жаңалық ашқан жұмыстар бірен-саран ғана болуы мүмкін», — деді түркітанушы.
«50 жыл бойы көріп келе жатқанымыз осы»
Аманқос Мектеп-тегі өмірін ғылымға арнап, сол салаға өз бетінше қызығып, зерттеумен айналысып, еңбек жазған ғалымдар көбіне көлеңкеде қалып қоятынын айтты.
«Ғылым бұдан алға баспайды. Менің ғылыммен айналысып келе жатқаныма 50 жылдай болды. 50 жылдан бері көріп келе жатқанымыз осы. Кеңестік дәуірде де, осы тәуелсіз шақтың өзінде көргеніміз осы. Мен ғылым мұндай заң арқылы дамиды дегенге күмәнмен қараймын. Шын мәнісінде әділ көмек беруі керек. Мысалы ешқандай ғылыми дәрежесі жоқ болса да зерттеуге өмірін арнап, жаңалық ашқан адамдар бар. Міндетті түрде доктор, кандидат болуы керек деген шарт дұрыс емес. Мен еңбегі бағаланбай, бірақ әлемдік жаңалық ашып, құсадан өліп кеткен адамдарды білемін. Әлі де керемет жаңалық ашып, қазақ ғылымы үшін орасан зор үлес қосқан адамдар бар. Бірақ олар сол еңбегі үшін қолдау көріп жатқан жоқ. Ол ғалымдар өзін қызықтырған ғылымның жетегімен, жүрек қалауымен жазды. Расымен зерттеу жасады. Бірақ, мемлекеттің оны бағалайтын деңгейі төмен», — деді Аманқос Мектеп.
«Елімізде ғылымға көзқарас төмен»
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметтері бойынша 2023 жылы Қазақстанда шамамен 5000 ғылым кандидаты және 1500-ден астам ғылым докторы бар. Аманқос Мектеп-тегі ғалымдардың көптігіне емес, жазған еңбектерінің сапасына қарап, әділ бағалау болуы керек дейді. Ғылыми еңбек қорғағандардың көбі жаңалық ашқан адамдар емес, бұрыннан келе жатқан дүниені қайта айтып беретінін айтты.
«Бір өкініштісі, шын мәнінде ғылыми еңбектерді бағалайтын адамдар ғалым емес. Олардың тым болмаса ғылымға деген көзқарасы оң болуы керек еді. Қанша жерден министр болса да, ғылым саласына жауапты маман болса да ғылыми көзқарасы төмен болған соң, ғылымға нақ берілген адамдар бағаланбай келеді. «Қазақ ғылым жасай алмайды» деген ескі таптаурын көзқарас бар. Осы бұрынғы отарлық көзқарастан арылған жоқпыз. «Негізінен ғылымды жасайтындар орыс ғалымдары, еуропа ғалымдары» дегендей ескі ұғым әлі қалмай келеді. Біздің шенеуніктердің көбі ғылымға жаны ашудың орнына, «бүгінін» ғана ойлап, пайда көздеп отырады. «Көпке топырақ шашудан» аулақпын. Мүмкін қазақ ғылымына жаны ашитын шенеуніктер бар шығар. Осы мәселеде пәрмені жүрмей жатқан болар. Ол жағын білмедім. 50 жыл бойы көріп келе жатқанымыз осы. Тек мәнсап үшін өрлейтіндер мен ғылыми көзқарасы төмен басшылар», — деді Аманқос Мектеп-тегі.
Қорыта келе айтарымыз, қабылданған әрбір заң мен ережелерді жан-жақты ойластырып қабылдау керек. «Таяқтың екі ұшы бар» болған соң, мақсат расымен Қазақстандағы ғылымның дамуына ықпал ету болса, расымен жаңалық ашқан ғалымды жан-жақты қолдау мен оның еңбектерінің таралымына көңіл бөліну маңызды мәселе.
Жаңалықтар
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды
- Стоматологиядағы бала өліміне қайталама наркоз бен ескерілмеген препараттар себеп болуы мүмкін — сарапшы
- БЖЗҚ нарықты шайқады: жарты триллион теңгеге жуық аударым баспана бағасын шарықтатып жіберді
- Әлем чемпионаты: 2026 жылдың топтық кезеңі белгілі болды
- Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, туған күнімен құттықтады
- 2026 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуда ҚҚС қалай жұмыс істейді
- Ақмола облысында автобус пен экскаватор соқтығысып қалды, зардап шеккендер бар
- Қазақстан енді ақбөкен мүйіздерін заңды түрде экспорттай алады
- Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН беру тоқтатылды
- 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының алауы Римде жағылды
- Елімізде бизнесмендер үшін жоспарлы салық тексерістері алынып тасталды
- Дәулет Тұрлыханов Қазақ күресі федерациясының басшысы қызметінен кетті
- Еріктілік туралы: Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында сөз сөйледі
- «Қайрат» Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шықты
- Шығыс Қазақстанда жүк көлігі егде жастағы әйелді қағып кетті