Қауіпсіздік кеңесінің экс-хатшысы Өксікбаевтың ұлы неліктен алаяқ деп танылды?

cover Коллаж: Orda.kz

Алматы полициясы Қазақстанда танымал саясаткер, мәжілістің экс-депутаты, Қауіпсіздік кеңесінің экс-хатшысы Омархан Өксікбаевтың ұлын аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыптап, қылмыстық істі тергеп жатыр. Бірнеше адам 42 жастағы Алмас Омархановты алдап, ірі көлемде алаяқтық жасады деп  айыптады.

Orda.kz редакциясында оның адамдарды алдағаны туралы құжаттар мен бейнежазбалар бар. Тілшіміз мәселенің мән-жайын анықтап, назарларыңызғы ұсынады.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Алмас Омархановта үлкен бэкграунд, яғни, алғы тарихы бар. Ол Қаржы министрлігінде жұмыс істеп, Қазақстанның ипотекалық несиелерге кепілдік беру қорын басқарды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының топ-менеджері болды, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің аппаратын басқарды. Ал қазір оның қайда және немен айналысып жүргені белгісіз.

Сот ісіндегі материалдарға сүйенсек, оның алаяқтығының көп адамға кесірі тиген. Омархановқа қарызға берілген қомақты сома тек сот арқылы қайтарылған. Алайда кей ақшалар олай қайтарылмаған.  

Бір қызығы, Омархановқа қарсы арызданғандардың ішінде беделді азаматтар да бар. Мәселен, 2024 жылдың мамыр айында Алмас Омархановтың үстінен кәсіпкер Данияр Әлпиев 41,5 млн теңгесін қайтармағанын айтып шағымданған болатын. Сот Әлпиев жағына шығып, Омархановқа қарызын төлеуді міндеттеген болатын. Әрине, Әлпиевтей адамға бұл ақша аздық етеді. Ол Алматыға даңқты «Алтын Орда» базарының үлесіне ие. 2019 жылы банк саласындағы алаяқтығы үшін оны шартты түрде бас бостандығынан айырған болатын. Кейінірек ол Болат Назарбаевты «Алтын орда» базатын «рейдерлік жолмен басып алды» деп айыптады. 

Тағы бір айыптаушымыз Аян Беспаев. Оның аты БАҚ саласында көп аталмағанымен, оның әкесі Тимур Беспаев зейнетақы қорының миллиондаған долларын жымқыру дауының басты фигуранты болған. Бұл туралы «Время» газеті 2000 жылдары жазып кеткен. Күрделі қаржылық сызбалар салдарынан БЖЗҚ қазақстандықтардың 103 миллион теңге зейнетақы жинағынан айырылып қалды. Басылымның мәліметінше, Тимур Беспаевтың қылмыстық ісінің мерзімінің ескіруіне байланысты тоқтатылып, жазадан оңай құтылып кеткен.

«Робин Гуд»

Сонда Алмас Омарханов кезінде алаяқтықпен айналысқан немесе соның айналасында жүргендердің өзідеріне алаяқтық жасаған ба? Алайда оны «Робин Гуд» деп атау әбестік болар. Зардап шеккендердің қатарында басқа да адамдар бар. Мәселен, кәсіпкер Алексей Егай Омархановқа 86,2 миллион теңге бергенін мәлімдейді. Кепілдік ретінде Алматы орталығындағы бес бөлмелі пәтер рәсімдеген, бірақ қарыз мерзімі аяқталғаннан кейін ол ақшасын қайтара алмаған.

Сот Егейге қарызды тұрғын үй есебіне қайтарудан бас тартты. Өйткені пәтер Омархановтың жұбайы Әйгерім Назароваға тиесілі. Дегенмен Омархановтың әйелі де осал адам емес. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның бұрынғы басшысы Болат Назаровтың қызы. Өз кезінде Қазақстанның мұнай-газ саласында негізгі лауазымдарды атқарған, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарушы директоры болған. Күйеу баласының істеп жүрген тірлігінен хабардар ма, ол жағы белгісіз.

Ал зардап шеккен бизнесмен Алексей Егайға келер болсақ, сот арқылы қарызын қайтара алмаған соң, полицияға алаяқтық туралы арызданған. Алматы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын, ал Алмас Омарханов күдікті екенін растады.

Редакциямызда Омарханов туралы 2 бейнеролик бар. Біріншісінде Омарханов ақша мәселесін шешуге уәде беріп, өзінің «көкелері» туралы сөзді тілге тиек етеді. Екіншісінде оны нотариуста қарыз жайлы міндеттемелері туралы айтып жатқанын көруге болады. Кадр сыртындағы дауыс Омархановтың қарызды өтеу туралы қолхатты ұрлап алғанын мәлімдейді. Редакция бұл материалдардың рас немесе өтірік екенін тексере алмады.

Редакция жағдайды өз бақылауында ұстайды. Егер Алмас Омарханов немесе материалда аталғандардың бірі өз пікірін айтып, істің егжей-тегжейін баяндауға құлық танытып жатса, біздің редакция қашан да оларға сөз беруге дайын.

Автор: Динара Бекболаева


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар