«Қанды сейсеп көрсетіп, сүйінші сұраған»: Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашып, зорлады деп мәлімдеді

cover Коллаж: Orda.kz

Шымкент қаласында 17 жастағы жас қызды бұрын-cоңды көрмеген ер адам әйелдікке алып қашып кеткен, онымен қоймай, оның ұялы телефонын тартып алып, өз еркімен келгені туралы қолхат жаздыруға тырысқан, деп хабарлайды Orda.kz.

Қыздың сөзінше, 4 жігіт оны күштеп көлікке отырғызып, кейін Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарай жол тартқан.

«Менің жасым 17-де, Шымкент қаласының тұрғынымын. Студентпін әрі көп балалы отбасыдан шыққанмын. Мені бұрын-cоңды көрмеген ер адам алып қашып кетті, жолдың бойында белгісіз жігіттер күштеп көлікке тығып, белгісіз аймаққа қарай жөнелді. Олар мені әйел қылып алмақшы болған. Ол жаққа барғанда үлкен кісілер, туыс-туғандары жүрді. От-шашу атып, қолына телефон ұстап, камераға түсіріп жүрген адамдар көп болды», – деді жәбірленуші қыз.

Қыз оларға әлі де кәмелеттік жасқа толмағанын және бұл туралы ата-анасына хабарлау керектігін айтқанымен, әулеттің үлкендері оны күштеп көліктен шығарып, үйге кіргізген.

«Үйге кіргеннен кейін менің ұялы телефонымды бермейтіндерін және өз еркіммен ол жаққа барғаным туралы қолхат жаздыртып алмақшы болды. Егер оны жазбайтын болсам, телефонымды бермейтіндерін айтты. Маған қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытты. Қолхат жазбайтынымды білгеннен кейін мені жыныстық қатынасқа мәжібүрледі. Олар дәстүр сондай, бұл үйден пәк болып шықпауым керек екенін түсіндірді. Әрі қарай оқуға бармайтынымды және бұл үйден мүлдем шықпайтынымды айтты. Егер жыныстық қатынасқа түспеген жағдайда — үйге қамап ұстап отыра беретіндерін жеткізді», – деді ол.

Қыздың айтуынша, алып қашқан ер адам оны мәжбүрлеп, жыныстық қатынасқа түскен. Артынша ол қан болған сейсепті алып кетіп, басқа бөлмеде отырған жеңгелерінен сүйінші сұрап, тойлатып кеткен.

«Зорлықтан кейін қандай хәлде болғаныма ешкім қараған да жоқ, ешкімге ол қызық болмады. Олар өздерінің дегендеріне жеткеннен кейін, көп ұзамай мен ол жақтан қашып кеттім».

Өз сөзінде қыз құзырлы органдар ештеңе істемегенін, ешкімнің жауапқа тартылмағанын айтты. 

Шымкент полициясы осы оқиға бойынша Orda.kz сауалына жауап берді. Полиция «некеге тұруға мәжбүрлеу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 17 жастағы қыздың арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.

«Оқиғаға қатысы бар тұлғалардың барлығы полиция басқармасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті.

Ведомство өкілдері тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті. Сонымен қатар, полиция кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты сақталатынын ескертеді.

«Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.




 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар