«Қайрат» Чемпиондар лигасында алғашқы ұпайын еншіледі

cover Коллаж: Orda.kz

21 қазан күні алматылық «Қайрат» Чемпиондар Лигасындағы кезекті кездесуін өткізді. Өз алаңында команда Кипрдің «Пафос» клубын қабылдады. Матчты Orda.kz тілшісі тамашалап, тартысты ойынның куәсі болып қайтты.

Қонақтар құрамында тәжірибелі ойыншылар бар. Солардың бірі – «Бенфика», «Пари Сен-Жермен», «Челси» және «Арсенал» сынды әйгілі клубтарда ойнаған қорғаушы Давид Луис. 38 жастағы бразилиялық футболшы бұдан он жыл бұрын Еуропадағы ең қымбат қорғаушылардың бірі болған.

Сонымен қатар 2018 жылғы Ресейдегі әлем чемпионатына қатысқан хорватиялық шабуылшы Мислав Оршич те бүгін «Қайратқа» қарсы «Пафос» сапында алаңға шықты.

«Қайрат» жанкүйерлері марқұм Диас Төлеуді еске алып, «Мәңгі біздің жүрегімізде» деген жазуы бар баннер көтерді.

Бастапқы құрамдар:

Қайрат: Темірлан Анарбеков, Еркін Тапалов, Александр Мартынович, Егор Сорокин, Луиш Мата, Офри Арад, Дэн Глейзер, Александр Мрынский, Жоржиньо, Валерий Громыко, Дастан Сәтбаев.

Пафос: Неофитос, Пилеас, Давид Луис, Лукассен, Бруно, Шуньич, Пепе, Оршич, Драгомир, Кина, Жоау Коррея.

Жанкүйерге толы стадион

«Пафоспен» ойынды көруге билеттердің бағасы жоғары болғанына қарамастан, трибуналар лық толды.

4-минутта «Пафос» ойыншысы Жоау Коррея қызыл қағаз алып, кипрлік команда он ойыншымен қалды. 20-минутта Дастан Сәтбаев қақпашы Михаилға қарсы дөрекі ойын көрсеткені үшін сары қағаз алды.


33-минутта Темірлан Анарбеков қауіпті шабуылды тоқтатып, қақпаны қорғап қалды. Алайда доп бетіне тиіп, біраз уақыт орнынан тұра алмады. Дәрігерлердің көмегінен кейін ол ойынды жалғастырды. 40-минутта Офри Арад сары қағаз алды.


Екінші таймда бас бапкер Рафаэль Уразбахтин Еркін Тапаловтың орнына Азамат Тұяқбаевты шығарды. 60-минутта Дэн Глейзердің орнына Гиорги Зариа шықты. Ойын ортасында Мартынович пен Давид Луис арасында кішігірім жанжал туды.

67-минутта «Пафос» айып добын тепті. Допқа бірінші болып жеткен Давид Луис қақпаға соққы жасады. Бірақ Темірлан Анарбеков тағы да тамаша сейв жасады.

72-минутта «Пафос» шабуылшысы соққы жасап, доп қақпа бағанасына тиіп, кейін Анарбековтың арқасына соғылып, торға түсті. Алайда төреші офсайдты тіркеп, голды есепке алған жоқ.


Ойынның соңғы бөлігінде Азамат Тұяқбаев сары қағаз алды. 88-минутта Валерий Громыконың орнына Дамир Қасаболат шықты. Төреші негізгі уақытқа төрт минут қосты. 90-минутта Уразбахтин Офри Арадтың орнына Рикардиньоны алаңға шығарды.


Кездесу 0:0 есебімен аяқталып, екі команда да бір ұпайдан еншіледі. «Қайраттың» келесі ойыны 26 қазанда «Астанаға» қарсы өтеді. Ал Чемпиондар лигасы аясында клуб 6 қарашада Миланда «Интермен» кездеседі. Матчтың үздік ойыншысы Давид Луис атанды.

Баспасөз мәслихатынан

Кездесуден кейін екі команданың бапкерлері баспасөз мәслихатын өткізді.

«Ойынның басында көрсетілген қызыл қағаз бәрін өзгертті. Әрине, мен он бір ойыншымен ойнағанды қалар едім. Бірақ біз берілмедік. Мүмкіндіктеріміз болды, тіпті гол соғуға да жақын едік. Қақпашылар тамаша ойнады, әсіресе «Қайраттың» қақпашысы – ол 3–4 ғажайып сейв жасады. Біз бұл матчта жақсы деңгей көрсетіп, мінез таныттық», – деді «Пафос» жаттықтырушысы Хуан Карлос Каседо.
«Барлық жанкүйерлерді алғашқы ұпаймен құттықтаймыз. Біз басымдықты пайдалана алмадық. Бұл нәтиже көңілімізден шықпады. Дегенмен қарсыласқа құрметпен қарауымыз керек. Олар бір ойыншысы аз болса да сауатты қорғанып, қауіпті сәттер тудырды. Кей тұстарда бізге сәттілік серік болды. Темірлан командаға үлкен дем берді», – деді Уразбахтин.

Айта кетейік, осы күні Испанияда «Барселона» «Қайраттың» қарсыласы «Олимпиакосты» 6:1 есебімен жеңді. Алматылық клуб қарашада «Интермен» ойнағаннан кейін өз алаңында грек командасын қабылдайды. Матч 9 желтоқсан күні өтеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар