Израиль мен Палестина арасындағы әскери қақтығыс жаңа деңгейге көтерілді. Бұны соғыс деуге бола ма?

cover Сурет: timesofisrael.com

7 қазан күні таңертең Израиль қалаларында жарылыс пен оқ дауысы естілді. Палестиналық Хамас қозғалысы «Әл-Ақса дауылы» әскери операциясын жариялап, Израильге зымыран атқылай бастады.

Осыдан кейін әр жерде шабуыл басталды. Газа секторында орналасқан ХАМАС әскери бөлімдері Израиль мемлекеттік шекарасын кесіп өтті. Олар бақылау бекеттеріне шабуыл жасап, бейбіт елді мекендерді басып алды. Бірнеше сағаттан кейін Израиль премьер-министрі Нетаньяху болып жатқан оқиғаны ауқымды соғыс деп атауға болатынын мәлімдеді.

Таңертеңнен бастап әлеуметтік желілерде Израильдің оңтүстігіндегі түрлі елді мекендер мен қалалардан бейнежазбалар пайда бола бастады. Оларда палестиналықтар адамдарға оқ жаудырып, көптеген адамдарды тұтқынға алады. Израиль билігі Газа секторында лаңкестікке қарсы «Темір қылыштар» операциясының басталғанын  жариялады. Алайда кейінірек премьер-министр Нетаньяху болып жатқан оқиғаны  ауқымды соғыс деп атауға болатынын мәлімдеді.

«Мен резервтегілерді кең көлемде жұмылдыруға, жау бұрын білмеген күшпен оқ жаудыруға  бұйрық бердім. Жау бұл ісі үшін бұрын-соңды болмаған құн төлейді», - деді премьер-министр ел азаматтарына арнаған үндеуінде.


Израиль қорғаныс күштері қорғаныс дайындығын күшейтті. Қорғаныс министрі Йоав Галлант резервтегілерді жаппай шақыру туралы хабарлады, деп мәлімдеді The Times of Israel. Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі елде төтенше жағдай жариялады. Израиль президенті Исаак Герцог ХАМАС шабуылдарының артында Иран тұрғанын мәлімдеген болатын.

Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, жараланғандар саны 900-ден асты, кем дегенде 100-і қаза тапқан.

Снарядтарға жауап ретінде Израиль Палестина территориясына жаппай зымырандық шабуылдар жасай бастады. Палестина Денсаулық сақтау министрлігі атқылау салдарынан 198 адамның қаза тауып, 1600-ден астам адамның жараланғанын хабарлады.

Батыс елдері бірден Израильді қолдап шықты. ХАМАС-тың әрекетін Франция президенті Эммануэль Макрон, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Калверли, Германия сыртқы істер министрі Анналена Барбок, оның итальяндық әріптесі Антонио Тайни және Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан айыптады. АҚШ Израильге 8 миллиард доллар бөлетінін жариялады.

Ресей мен Сауд Арабиясы Палестина мен Израиль тараптарын тез арада атысты тоқтатуға, зорлық-зомбылықтан бас тартуға және қажетті ұстамдылыққа шақырды.

Иран мен Ливанның «Хезболла» қозғалысы Палестинаға қолдау көрсетті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар