Ирандағы соғыс жағдайына басқа мемлекеттердің реакциясы қандай?

cover Коллаж: Orda.kz

Осыдан 4 күн бұрын Израиль мен АҚШ бірігіп, Иранға соғыс ашқан еді. Осы жағдайға байланысты Үндістан, Қытай, Ресей және Солтүстік Корея билігі үнсіз қалмады. Таяу Шығыста болып жатқан қақтығысқа кім қандай реакция танытты? Orda.kz саралап береді.

Алдымен соғыстың қалай басталғанына үңілейік. Иран төңірегіндегі қазіргі соғыс бір сәтте басталған қақтығыс емес. Оның тамыры 1979 жылғы Иран ислам революциясы кезеңіне барып тіреледі. Сол революциядан кейін Иран билігі АҚШ-қа қарсы және Израильге қарсы қатаң саясат ұстанды. Израильді ресми түрде мойындамай, оны Таяу Шығыстағы басты қарсылас деп жариялады. Осы кезден бастап Иран мен Израиль арасындағы жасырын текетірес, барлау операциялары, кибершабуылдар және делдал күштер арқылы жүргізілетін қақтығыстар жалғасып келеді.

Қазіргі соғыс неден басталды?

Израильдің Иранға қарсы әрекет ету басты себебі – Иранның ядролық бағдарламасы. Израиль Иран ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп есептейді. Иран болса, өз бағдарламасын бейбіт атом энергетикасына бағытталған деп түсіндіреді. Алайда Израиль Иран ядролық қаруға ие болса, бұл өз мемлекетінің өмір сүруіне тікелей қауіп төндіреді деп санайды. Сонымен қатар Израиль Иранды Ливандағы Хезболла және Палестинадағы ХАМАС сияқты Израильге қарсы ұйымдарды қаржылай әрі әскери қолдайды деп айыптайды. Осы себептерге байланысты Израиль Иранның әскери және ядролық нысандарына соққы жасау арқылы қауіптің алдын алуды көздейді.

АҚШ-тың араласу себебі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, АҚШ – Израильдің ең жақын стратегиялық одақтасы. Израильге қауіп төнсе, АҚШ оны қорғауды өзінің міндеті деп санайды. Екіншіден, АҚШ та Иранның ядролық қаруға ие болуына қарсы. 2015 жылы Иран мен әлемдік державалар арасында Joint Comprehensive Plan of Action келісімі жасалған еді. Бұл келісім Иранның ядролық бағдарламасын шектеуге бағытталған болатын. Алайда 2018 жылы сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімнен шығып кетті. Осыдан кейін Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс қайта күшейді. Үшіншіден, АҚШ Таяу Шығыстағы саяси және әскери ықпалын сақтағысы келеді, ал Иран аймақтағы америкалық мүдделерге қарсы әрекет ететін негізгі елдердің бірі болып саналады.

Қарсы полярлық елдің реакциялары қандай?

Болып жатқан қақтығысты Үндістан айыптамаса да, шиеленістің өршуіне алаңдаушылық білдірді. The Times of India басылымының хабарлауынша, сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде «шиеленісті бәсеңдету және негізгі проблемаларды шешу үшін диалог пен дипломатияны жалғастыруға» шақырды.

«Үндістан Иран мен Парсы шығанағы аймағындағы соңғы оқиғаларға қатты алаңдаулы. Біз тараптарды ұстамдылық танытуға, жағдайды ушықтырмауға және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырамыз. Шиеленісті бәсеңдету және негізгі проблемаларды шешу үшін диалог пен дипломатияны жалғастыру қажет», деп жазды мәлімдемеде.

Көршіміз Қытай халқының билігі Ирандағы шабуылды айыптады. Қытайлық басылымның хабарлауынша, Бейжің АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларына байланысты қатты алаңдаушылық білдірген. Қытай сыртқы істер министрлігі Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығы құрметтелуі тиіс екенін атап өтіп, әскери әрекеттердің одан әрі ушығуы аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін мәлімдеген.

«Қытай АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери соққыларына қатты алаңдаулы. Иранның егемендігі, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығы құрметтелуі тиіс. Қытай әскери қимылдарды дереу тоқтатуға, шиеленіскен жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге, диалог пен келіссөздерді қайта жандандыруға, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға күш салуға шақырады», деп жазды Қытай сыртқы істер министрлігі.

Ресей де Ирандағы қақтығысты Қытайдан қалыс қалмай айыптады. Ресей билікшіл органдары диалог пен дипломатияны қайтару керектігін және мүмкіндік болса, дипломатиялық жолмен шешуге қол ұшын созатынын мәлімдеді.

«Соңғы бірнеше айда АҚШ әкімшілігінің әлемдік тәртіптің халықаралық-құқықтық негіздеріне, оның ішінде ішкі істерге араласпауға, күш қолдану немесе қауіп төндіруден бас тартуға және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуге қарсы тұрақсыздандырушы шабуылдарының сериялық сипаты ерекше алаңдаушылық туғызады. Біз саяси және дипломатиялық реттеу жолына дереу қайта оралуды талап етеміз. Ресей бұрынғыдай халықаралық құқыққа, өзара құрмет пен мүдделер тепе-теңдігіне негізделген бейбіт шешімдерді іздеуге жәрдемдесуге дайын» деп жазылған мәлімдемеде.

Бұл тұста Солтүстік Корея да үнсіз қалмады. Олар Иранды жақтап, Израильді бейбітшілікке қауіпті мемлекет және АҚШ-тың оны қолдауы «заңсыз агрессия» екенін мәлімдеді.

«Пхеньян Израильдің Иранға шабуылы АҚШ-тың белсенді қолдауымен жасалғанын және Вашингтонның кейінгі әскери әрекеттері «мүлдем заңсыз агрессия актісі» және «егемендікті өрескел бұзу» екенін мәлімдеді» деп жазды The Korea Times басылымы.

Бұл оқиғаға байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеме жасады. Өз мәлімдемесінде соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза табуына байланысты Иран халқына көңіл айтты. 

Оқи отырыңыз:











Жаңалықтар

барлық жаңалықтар