Империяның құлдырауы: Тимур Құлыбаев мұнай-газ саласындағы үлестерін сата ма?

cover Коллаж: Orda.kz

Тамыз айының соңында кейбір БАҚ өз дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстанның ең дәулетті адамдарының бірі Тимур Құлыбаев мұнай-газ саласынан кетіп, активтерін сатуы мүмкін деп жазды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Orda.kz тілшісі саралап көрді.

Қауесет пе? Астарлы сөз бе?

Жеке басылымдардың хабарлауынша, Тимур Құлыбаев ең алдымен Атырау облысындағы Айранкөл кен орнын игеріп отырған «Каспий мұнай» акционерлік қоғамын сатуды қарастырады. Алпауыттардың ішінде екінші орында тұрған ықпалды кәсіпкердің мұнай-газ саласымен қош айтысуы туралы қауесеттің шыққан себебі — Joint Resources холдингінің қаржылық жағдайымен байланыстырып отыр. Құлыбаев осы холдинг арқылы көмір, геобарлау, энергетика және мұнай өндірісі саласындағы активтерге иелік етеді. Олардың қатарында «Каспий мұнай» мен «Кристалл менеджмент» бар.

2024 жылғы Joint Resources жұмысының қорытындысы онша мәз емес. Активтері 352,8 млрд теңге, жалпы міндеттемелері 41,1 млрд теңге болып, пайда әкелмеді. 2025 жылғы 1 шілдеге қарай холдингтің міндеттемелері 89,3 млрд теңгеге дейін өсіп, соның ішінде дебиторлық берешек 51,9 млрд-қа жеткен. Ал таза шығын көлемі үш жарым миллиард теңге болады.

«Каспий мұнайдың» өзі 2024 жылы 38 млрд теңге қарызға батқан. Таза табысы 33,5 млрд теңге болды. Сол жылы компания топ-менеджерлерге 159,4 млн теңге төлеген, яғни айына орта есеппен 13,3 млн теңгеден. Ал акционерлерге дивиденд төлеу екінші жыл қатарынан кейінге қалдырылды.

«Кристалл менеджменттің» көрсеткіштері тіпті төмен: 2024 жылғы табысы 11,4 млрд теңге, таза шығыны жарты миллиард теңгеден асты.

Шындығында, «Каспий мұнайдың» елдегі мұнай өндіру көлеміндегі үлесі аса үлкен емес. Жұрт компанияның өндірістік жетістіктерінен гөрі қожайынының кім екеніне қарайды. Мысалы, 2024 жылы экологиялық заң бұзушылық үшін салынған айыппұлдары ел есінде. Дегенмен, Тимур Құлыбаевтың есімі мұнай-газ саласында салмақты рөл атқарады. Тұңғыш президенттің күйеу баласы ұзақ жылдар бойы Kazenergy қауымдастығын басқарды, мұнай сервисіндегі («ҚазҚұрылысСервис» секілді) активтері де мол. Ендеше, Құлыбаев расымен мұнайдан қол үзе ме?

Біз сөйлескен кейбір мамандар мұндай болжамға сенбейді. Олардың айтуынша, мұнай-газ активтері оның негізгі тірегі. Онсыз қолындағы Halyk Bank-і де әлсірейді. Өйткені банк саланың кәсіпорындарын несиемен қамтамасыз етіп отыр. Олигарх не үшін бұрыннан үйренген жылы орнынан кетуі керек?

Бірақ жағдайды жіті қарасаңыз, «Каспий мұнайды» сатады деген әңгіме бос қауесет болса да, оның астарында одан да үлкен мән жатқанын аңғаруға болады.

Құлыбаев нені сата алады?

Energy Analytics телеграм-арнасының авторы, сала сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, Тимур Құлыбаевтың мұнай-газ саласындағы үш негізгі активі бар: «Каспий мұнай», «Алмэкс Плюс» және «Кристалл менеджмент». Төртіншісі деп Crystal Management Turbine компаниясын да атауға болады. Ол Қызылорда облысындағы Ақшабұлақ кен орнында газтурбиналық электр станциясын басқарады.

«Каспий мұнай» Айранкөл кен орнын игеріп отыр. «Алмэкс Плюс» Атырау облысы Жылыой ауданындағы Аңсаған учаскесінде барлау жүргізеді. 2023 жылғы жоба бойынша Аңсаған-5 ұңғымасын 5800 метр тереңдікте бұрғылау көзделген. Ал Қызылорда облысындағы Сұлутабан кен орнында («А» блогы) «Кристалл менеджмент» тағы үш жаңа ұңғыма қазуды жоспарлап отыр. Яғни, Құлыбаевтың басты активтері қағаз жүзінде жұмыс істеп жатыр. Алда ұзақ уақытқа жоспарлаған жобалары бар. Бірақ олар пайда әкеліп отыр ма?

Егер Құлыбаев шығын әкелген активтерден құтылғысы келсе, сатуға ең әуелі «Каспий мұнай» емес, «Кристалл менеджмент» компаниясы лайық болуы мүмкін. «А» блогындағы учаскелердің ішінде әлеуеті бар жалғыз жер – Сұлутабан. Бірақ ол кен орны әлі өндірістің белсенді кезеңіне өткен жоқ. Ресми өндірілген мұнай – (барлау ұңғымаларынан шыққан) небәрі жылына шамамен 10 мың тонна.

«Алмэкс Плюс» компаниясының да пайдасы күмәнді. Аңсағандағы барлау жұмыстарына кеткен шығын келуі мүмкін табыстан әлдеқайда жоғары, әрі ол шығындар қалпына келеді деу қиын.

«2017 жылы кен орны ашылды, төртінші ұңғыма бұрғыланды. Бірақ 2019 жылғы 1 сәуірдегі жедел есеп бойынша қоры тым аз болып шықты. 7 млн тонна конденсат пен шамамен 12–17 млрд текше метр құрғақ газ ғана. Сероводородтың үлесі – 5 пайыз шамасында. Алты шақырымға жуық тереңдікте төрт ұңғыма бұрғылап, сонша аз қор табу – өте төмен нәтиже. Әр ұңғымаға 40–50 млн доллар жұмсалғанына сенімдімін. Барлығы төрт ұңғыма. Бұл шығынның өзін жабу үшін кемінде 90–100 млн тонна алынатын қор қажет еді. Сондықтан бұл актив емес, балласт. Оны сату қиын болады. Дегенмен әуелде осы компанияны «екінші Тенгиз» секілді компания болады деп үміттенген еді», — дейді Абзал Нарымбетов.

Сарапшының айтуынша, Аңсағандағы сәтсіздік Қазақстандағы мұнай кен орындарын игерудің жоспарсыз тәсілінің қандай болатынын көрсетті. Кәсіпкерлер әуелі экономикалық есеп жүргізіп, алдағы пайданы шығынмен салыстырудың орнына, нақты бағасы анықталмаған учаскелерге жармасады. Соның салдарынан мұнай саласындағы инвестициялар тиімсіз болып шығады. Мұндай жағдайдан Тимур Құлыбаевтың өзі де жалыққан болуы мүмкін.

«Бұл активтерге кезінде көп шығын жұмсалды. Ал сатып алушы, әрине, ол шығынды көтергісі келмейді. Ол тек активті нарықтағы бағасымен алғысы келеді. Егер Құлыбаевтың командасы активтерді шығындарымен қоса сатқысы келсе, мұндайға ешкім келіспейтіні анық. Қазіргі жағдайда біршама «тіршілік белгісін» көрсетіп тұрған жалғыз компания – «Каспий мұнай». Менің ойымша, «Каспий мұнай» болашақта да әлеуетті актив болып қала береді», — дейді сарапшы Абзал Нарымбетов. 

«Каспий мұнайды» неге сату керек?

Тимур Құлыбаев бұрын да шығынға батқан компанияларынан құтылып отырған. Өткен жылы, 2024 жылдың қыркүйегінде ол «Шұбаркөл премиум» АҚ-дағы үлесін сатып, Forbes тізіміндегі үзеңгілестері — Кеңес Рақышевқа және Шухрат Ибрагимовқа оп-оңай өткізіп жіберген. Теория жүзінде «Каспий мұнай» да келесі кезекте тұрған компания болуы ғажап емес.

Сарапшы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, Құлыбаев активтерін сатуы мүмкін деген әңгімелер бұған дейін де болған. Бірақ аталған компаниялардың ішінде бизнес тұрғысынан даму әлеуеті бар жалғыз нысан – «Каспий мұнай».

«Тимур Құлыбаев бұған дейін де активтерін сатпақ болған. Бірақ сатып алушы болса, әлдеқашан келісіп үлгерер еді. Әңгіме, ең алдымен, басталмай жатып бағаға келгенде тоқтаған сияқты. Үш активтің ішіндегі табыстысы – осы «Каспий мұнай». Соңғы бес жылдағы көрсеткішіне қарасақ, жыл сайын орта есеппен 900 мың тонна өндіріп, 40 млрд теңге шамасында таза табыс әкеліп отыр. Әрине, 2024 жылғы ірі айыппұлды есептемегенде»,  – дейді сарапшы. 

Компанияны сатуға түрткі болатын тағы бір себеп – мұндағы мұнай өндірудің жоғары табысы жылына шамамен бір миллион тоннаға дейін жетеді. Бизнесмен үшін қазір сенімді түрде сатып алушы табуға болатын жалғыз актив осы.

«Қазір сатуға келетін бірден-бір актив – «Каспий мұнай». Бірақ соңғы кезде ол жерде су көбейіп, өндіру көлемі азайып барады. Кен орны сарқылу кезеңіне жеткен. Мұндай кен орындарын сату әдетте өте қиын. Дегенмен Қазақстандағы кен орындарының көбі қазір төртінші, яғни соңғы игеру сатысында тұр», – дейді Абзал Нарымбетов. 

Жалпы алғанда, кез келген «мұнай-газ империясының» тиімділігі оған салынған қаржыдан гөрі, оны басқаратын команданың біліктілігіне байланысты. Тәжірибелі топ-менеджерлер шығынды азайтып, табысты көбейтуге мән береді. Құлыбаевтың активтерінде мұндай жақсы жұмыс орындалмады. Мәселе нәтижеге жетуден гөрі қаржыны игеру төңірегінде болғандай. Соның салдарынан миллиардердің активтері артық бағаланып, ақыры салмақты жүкке айналды.

Ал Құлыбаев басқа салаларға қойған басқарушылар әлдеқайда жоғары менеджмент мәдениетін көрсетті. Мәселен, қаржы секторында немесе мұнай қызметінде.

Сондықтан аяқ астынан үлкен мәмілелер жасалғанына таңқалып отырмас үшін мұнай саласындағы кадрлық ауыс-түйістерді қадағалаған жөн. 

Айта кетейік, Тимур Құлыбаев бұған дейін де мүліктерін сатқан болатын. 2024 жылы мамырда Тимур Құлыбаев Лондонның Аппер-Гросвенор-стритіндегі үйін 35 миллион фунт стерлингке сатқаны белгілі болды. 

Еске сала кетсек, Orda.kz 30 жылда Назарбаев қалыптастырған жүйенің қазіргі қоғамға әсері жайлы саралап көрді. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 30 жыл бойы өнер туындылары, әдеби шығармалар, одалар, мақалалар, мадақтар арналған елбасы ықпалының іргетасы шайқалды. Назарбаев билігінің шыңырауы жайлы материалымыздан оқыңыз. 

Автор: Никита Дробны


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар