Гендерлік жанжалға тап болған тағы бір спортшы бокстан Олимпиада чемпионы атанды

cover Фото: report.az

Бұған дейін гендерлік жанжалға іліккен Қытайдың Тайбейінің  өкілі Лин Ютин бокстан Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы атанды. 

57 келіге дейінгі салмақтағы финалда спортшы польшалық Юлия Шереметаны жеңді. Барлық бес төреші үш раундтың да жеңісін Ютингке берді. 25 жастағы Лин Ютин алғаш рет Олимпиадада жеңіске жетті.

Бұған дейін ол әлем және Азия чемпионаттарында екі рет жеңіске жетіп, 2022 жылғы Азия ойындарында алтын алған. 2024 жылғы Олимпиада кезінде Ютин жанжалға ұшырады. Оның транссексуал екендігі туралы болжамдар таралып кетті. 66 келі салмақта алтын алған алжирлік Иман Хелифке де осындай айып тағылған болатын. Екі спортшының Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) қамқорлығымен 2023 жылғы әлем чемпионатынан шеттетілуіне осы жағдай себеп болды.

IBA мәліметтері бойынша, ДНҚ сынағы Ютин мен Хелифте XY хромосомалары (стандартты ерлер комбинациясы) және тестостерон деңгейінің жоғары екенін анықтады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұндай деректер адамның жынысы туралы абсолютті кепілдікпен қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.

IBA сынақтарды Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) аккредитациясынан өткен зертханада жүргізілгені белгілі болды. Алайда WADA гендерлік зерттеулерді бақыламайтынын, тек допингке қарсы күрес саласындағы мәселелермен айналысатынын мәлімдеді. ХОК екі спортшыға да 2024 жылғы Олимпиадаға қатысуға рұқсат берді, өткізілген сынақтарды ерікті әрі заңсыз деп атады. 

ХОК басшысы Томас Бах Хелиф пен Ютиннің әйел ретінде құжаттары бар екенін және көп жылдар бойы әйелдермен бәсекеге түсіп келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл спортшыларды трансгендер немесе интерсекс санатына жатқызуға негіз жоқ. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар