Ерлан Қариннің сөздері қытайлық әлеуметтік желілерде резонанс тудырды

cover Фото: facebook/ Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның «әйелдерді мәжбүрлеуге болмайды және ол мүмкін емес», – деген сөзі Қытайдың әлеуметтік желілерінде қызу талқыға түсті. Қытайдың Халық университетінде дәріс оқу барысында профессор қойған туу көрсеткіші туралы сұраққа берген жауабы Қытайдағы өткір әлеуметтік мәселелерді айқындап, үлкен реакция тудырды, деп хабарлайды Orda.kz.

Қазақстандық қытайтанушының телеграм-арнасының мәліметінше, оқиға университетте Қариннің баяндамасынан кейін орын алды. «Қазақстан көшелерінде неге балалар көп, ал бізде әйелдер бала туғысы келмейді? Оларды қалай көндіріп, бала тууға мәжбүрлеуге болады?» , – деп профессор Ван сұрақ қойды.

Мемлекеттік кеңесші бұл сұраққа әзілмен жауап беріп, «әйелдерді мәжбүрлеуге болмайды және ол мүмкін емес» деп бастады. Ол Қазақстандағы әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып, «Келешек» бағдарламасын, Ұлттық қордан берілетін төлемдерді және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы заңдарды атап өтті.  

Хабарламада профессордың «бала тууға мәжбүрлеу» туралы айтқан сөзі Қытайдың әлеуметтік желі қолданушылары арасында наразылық тудырғаны жазылған. Әйелдер Ванды сексизм үшін айыптап, мұндай көзқарас олардың қадір-қасиетін таптайтынын мәлімдеді. Қазіргі Қытайда әйелдер өз құқықтарын белсенді қорғап жатқан жағдайда, профессордың пікірі аса ыңғаййсыз айтылған деп танылды.  

Профессордың бұл сөзі интернетте тез таралып, қызу пікірталас тудырды. Қытайдың Weibo және WeChat сияқты танымал платформалары ашулы пікірлерге толды. Кейбір алаңдар жазбаларды өшіріп, пікір жазуды шектеп, шиеленісті азайтуға тырысты.  

Ал Қариннің жауабы, керісінше, қолдау тапты. Оның байсалды үні мен көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламалары туралы айтқандары мақұлданып, әйелдер туралы пікірі дипломатиялық үлгі ретінде бағаланды. Алайда, интернеттен тыс реакциялар әрқилы болды. Кейбір қытайлық сарапшылар Қарин бұл сәтті Қазақстанның имиджін ілгерілетуге пайдаланып, елді табысты әлеуметтік саясаттың үлгісі ретінде таныстырды деп пікір білдірді.  

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар