Ерлан Қарин: «Билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме

cover Фото: Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзін түсіндірді, деп хабарлайды Orda.kz. 

Сессия барысында президент азаматтардың бір-бірін қандай да бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын айтты. Президенттің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

«Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында президент осыны тағы да анық айтты», — деді Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты. Әрі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылатынын атап өтті. 

«Жалпы, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылады. Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз», — деді ол. 

Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына...

Posted by Karin Erlan on Friday, April 25, 2025

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында шекаралас мемлекеттер жайлы да сөз сөйледі. Тоқаев елімізде азаматтардың бір-бірін белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, тіл мәселесін желеу етіп, қоғамда алауыздық тудыруға бағытталған кез келген әрекетке заң шеңберінде тосқауыл қойылады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар