«Елбасы» күйін өртеп жібердім, Тоқаевтың үндеуінен соң жаңа күй шығардым - Шәміл Әбілтай

cover

Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» күйін шығарған күйші Шәміл Әбілтай оған ренжіп, күйін өртеп жібергенін айтты. Орнына «қасіретті қаңтардан» кейін Тоқаевқа арнап жаңасын жазған.

«Назарбаев тақта тұрғанда кетем деп ойламады. Патша елмен бірге бола ма деген үміт болды, бізде. Мынадай жағдайдан кейін күйдің киесіне қалмайын деп өртеп жібердім. Күй-қазақтың бойтұмары. Бұрын Гете мен Бетховен де Нопалеонға арнап шығарма жазған. Кейін қатты ренжіп, өкінген деседі. Менің де көңіл-күйім осындай» дейді күйші malim.kz берген сұхбатында.

Әбілтай күйдің нотасын өртеп, ойынан да оны шығарып тастағанын алға тартты. Алайда, Шәміл 7 қаңтардағы Тоқаевтың үндеуінен кейін жаңа күй шығарған.

«Қаңтар қаһарманы» деген күйім өлгендерге тағзым, тірі қалғандарға рух беру үшін шығарылды. Менен «Шәміл, неше күйің бар?» десе бір ғана күйім бар деуім мүмкін. Ол – «Қаңтар қаһарманы». Қасым-Жомарттың атасына «Тоқай тағдыры» деген күймен құлпытас қойдым. 30-жылдары ашаршылық құрбаны болған ғой. Оның моласы да жоқ. Аштан өлген 4 млн адамның бірі» дейді күйші.

Сондай-ақ, Шәміл Әбілтай «Жаңа Қазақстаннан» не күтетінін де айтты.

«Жаңа саясатқа жаңа саяси реформа жасау керек, Конституцияны қайта жасау керек. Парламентті тарату керек. «Нұр Отан» партиясын жою керек. Сонда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы нағыз батыр болып шығады. Бұрынғы жолмен жүре берсек, ештеңе де өзгермейді. Алдағы күндерден тек жақсылық қана күтемін. Бабаларымыз армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жетеміз деп сеніп отырмын» дейді Әбілтай.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар