Екі оттың ортасында қалған Қазақстан: Ресей мен Украина соғысының құрбаны неге біздің мұнай болмақ?
Коллаж Orda.kz
17 ақпанда Ресей мен Украина арасындағы соғыста ешкім күтпеген оқиға болды. Үш жылға жуық уақытқа созылған қақтығысқа Қазақстан күтпеген жерден, жанама түрде және өз еркінен тыс тартылды. Orda.kz бұл жағдайдың Қазақстан экономикасы мен сыртқы саясатына қалай әсер етуі мүмкін екенін зерделеді.
Украина дрондармен Теңізден экспортталатын қазақстандық мұнай өтетін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) станциясына шабуыл жасады. Ресейдің Краснодар өлкесіндегі «Кропоткинская» станциясы – РФ аумағындағы КҚК-ның ең ірі мұнай айдау нысаны. Шабуылда жеті әскери дрон қолданылып, станция қатты зақымданды және жұмысы уақытша тоқтатылды.
Украина бұл шабуылды растады (және оны өте сәтті деп бағалады), ал Ресейде осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал Қазақстанның реакциясы барынша ұстамды әрі екіұшты болды. ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қысқаша мәлімдеме жасады:
«Бұл – Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе, және біз, әрине, бұл жағдайды украиндық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз», - деді Смадияров.
Талқылауға негіз бар. Өйткені КТК мәліметінше, «Кропоткинская» станциясы арқылы өтетін мұнайдың 90%-ы – Теңізден жеткізілетін қазақстандық шикізат.

Фото: Elements.envato.com
Қазақстан қанша ақша жоғалтпақ?
Ресми шығын бағалауы көңіл көншітпейді, «Кропоткинская» станциясында көлемі 140 мың текше метрлік резервуардың төбесі қираған, газ турбиналық қондырғы, кабельдер және басқа да жабдықтар зақымданған, екі трансформатор, сүзгілер мен өрт сөндіру жүйесі жойылған. Жөндеу жұмыстары бір жарым-екі айға созылады. Осы уақыт ішінде Қазақстан мұнай экспортындағы белгілі бір табысынан айырылары анық.
Шабуылдан кейінгі күні КТК «Кропоткинская» станциясының істен шығуы Қазақстанның мұнай экспорт көлемін 30 пайызға азайтуы мүмкін екенін мәлімдеді. Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі «Байдильдинов. Нефть» Telegram-арнасының негізін қалаушы Олжас Байділдиновтің есебінше, осының салдарынан елдің қаржылық шығыны миллиардтаған теңгеге жетуі мүмкін.
«Менің есептеуімше, 2024 жылы Қазақстаннан 53,8 миллион тонна мұнай жөнелтілген. Екі айдағы көлем – шамамен тоғыз миллион тонна. Егер тасымалдау 30 пайызға қысқарса, бұл шамамен 2,7 миллион тонна болады. Жалпы алғанда, менің есептеуім бойынша, мұнай компаниялары мен осы шығынды қалпына келтіретін консорциум үшін залал шамамен екі миллиард доллар болады. Қазақстан бұл қаражаттың шамамен 30 пайызын, яғни 300 миллиард теңгені бюджетке ала алмайды. Бұл, әрине, шамамен алынған есеп», – дейді Олжас Байділдинов.
Мемлекеттік бюджеттен бөлек, «ҚазМұнайГаздың» да қаржылық жағдайы зардап шегеді. Ұлттық компания да КТК-ның акционері болғандықтан, консорциумның барлық шығындары оның мойнына да түседі.
Қазақстан мұнай бағасының төмендеуінен де қаржылай шығынға ұшырайды. Әлемдік нарықтарда «Кропоткинская» станциясына жасалған украин шабуылы туралы жаңалықтардың аясында мұнай бағасы құлдырай бастады.
«КТК тасымалдау көлемін азайтса, бұл еуропалық нарыққа әсер етіп, баға көтерілуі керек сияқты көрінеді. Бірақ мұнай бағасы керісінше төмендеуде. Нарық АҚШ пен Ресей келісімге келеді, нәтижесінде ресейлік мұнай Еуропа нарығына көбірек жеткізіледі деп күтіп отыр. Бұл бағаның түсуіне алып келеді. Яғни, біз КТК-дағы дағдарыстан шығып үлгермей, келесі дағдарысқа тап болуымыз мүмкін. Екі-үш айдан кейін мұнай бағасы 60–62 доллар деңгейіне дейін төмендеуі ықтимал», – деп ескертеді Байділдинов.
Дегенмен де, басқа сарапшылар бұл мәселеде сақтық танытып, Қазақстанға жеті украиндық дронның қанша шығын әкелетінін есептеуге асықпайды. Мұнай-газ саласының сарапшысы, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мұнай тасымалының 30 %-ға төмендеуі туралы ақпарат КТК-дан шыққан, ал Қазақстанның энергетика министрлігі бұл мәліметті растамаған – керісінше, жеткізілімдер тұрақты және кестеге сай жүріп жатыр деп сендіріп отыр. Бұдан бөлек, КТК жүйесіндегі мұнайдың 15–17 %-ы ресейлік мұнайдан тұрады.
«Chevron да жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. Шығынды нақты есептеу қиын, себебі бастысы – мұнай айдау емес, оны танкерлерге тиеу. Бағымызға орай, қазір КТК-ның теңіз терминалы мен мұнайды айдайтын құрылғылары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Фото: Elements.envato.com
Неліктен соққы дәл «Кропоткинскаяға» жасалды?
Украин әскерилерітнеліктен нысана ретінде дәл осы «Кропоткинская» станциясын таңдады? Бұл стратегиялық тұрғыдан маңызды жауап па? Әлде бұл станция арқылы расымен Украинадағы ресейлік әскерге жанармай жеткізіле ме?
Зақымдану сипатына қарағанда, «Кропоткинская» қасақана шабуылға ұшыраған, нысананы анықтау кезінде қателік болуы мүмкін емес.
«Неліктен украиндықтар дәл осы станцияға соққы жасады? Неліктен тиеуде тұрған танкер емес? Бұл сұраққа нақты жауапты украиндықтардан сұраған дұрыс болар. Бірақ айтарым, «Кропоткинская» басқа нысандардан алыс орналасқан. Бұл қате таңдалған мақсат емес. Дрондар оған әдейі бағытталған», – дейді Олжас Байділдинов.
Мұнай саласының сарапшысы Артур Шахназарян да осы пікірмен келіседі. Оның айтуынша, соққы дәл бағытталған, резервуар мен оған тиесілі инфрақұрылым зақымданған. Нәтижесінде резервуар қатты бүлінген жоқ (мұнай төгілуі болған жоқ), бірақ дрон операторлары қай жерге соққы жасау керектігін жақсы білген, осылайша ең үлкен зиян келтіруге тырысқан.
Бұл шабуылдың ерекшелігі – станцияның нақты бір бөлігіне бағытталған дәл соққы болғанында.
«Ресей мұнайын КТК құбырына айдайтын резервуар мен оған тиесілі инфрақұрылым зақымданды. Сондықтан Қазақстан мұнайының тасымал көлемі азайған жоқ. Бұл жерде дәлдік сақталған. Кремль бұл жағдайды әдейі күрделендіріп, Қазақстан мен америкалық компаниялардың өкілдерін осы оқиғаға тартуға тырысуы мүмкін», - дейді Артур Шахназарян.
Мүмкін, дрондарға «Кропоткинская» станциясына жету оңайырақ болған шығар, себебі ол Ресейдің әуе қорғаныс жүйелері әрекет ететін аймақтан тыс жерде орналасқан. Бірақ шабуыл дәл осы нысанға жасалғанының басқа да себептері бар.
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, «Кропоткинская» – экспортқа жөнелтілетін Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайының «қосылатын» орны.
Бұл жерде Қазақстан мұнайының үлесі басым болғанымен, станция белгілі бір деңгейде Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымының бөлігі болып саналады.
«Шынында да, бұл жерде мұнай айдау станциясы арқылы Ресей мұнайы айдалады. Қызықты сәйкестік: Транснефть газтурбиналық қондырғының зақымданғанын, онда Siemens турбиналары тұрғанын хабарлады. Транснефть осы көктемде бұл турбиналарды ресейлік баламаларға ауыстыруды жоспарлап отырғанын бірнеше рет мәлімдеген еді. Нәтижесінде, жағдай сәйкес келіп, енді олар өз жоспарларын жүзеге асыра алады», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Не дегенмен, «Кропоткинскаяда» Siemens-тің сегіз қондырғысы бар, соның тек біреуі ғана істен шықты.
Каспий құбыр консорциумының маршруты:Инфографика Cpc.ru
Қазақстанның КҚК-ға баламалары бар ма?
КҚК станциясына жасалған соққы, ол ел экономикасына айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін, Қазақстанның каспийлік құбырға тым тәуелді екенін тағы бір рет еске салады. Сондықтан балама бағыттарды іздеу маңызды. Ең айқын нұсқалардың бірі – Әзірбайжан бағыты, яғни Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) құбыры. Бұл бағытқа энергетика министрлігі де назар аударып отыр.
«Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы ҚазМұнайГаз мұнай экспортын белсенді түрде бастады. КМГ 2025 жылы шамамен 2,2 миллион тонна мұнайды БТД бағытына жөнелтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Энергетика министрлігі 1,5 миллион тонна жөнелту жоспары туралы айтқан. Баку бағытына мұнай тасымалдау көлемін сәл арттыруға үміттенуге болады, бірақ КҚК арқылы өтетін жалпы көлеммен салыстырғанда, бұл өте аз»,– деді Нұрлан Жұмағұлов.
Алайда, БТД бағытының да өзіндік қиындықтары бар. Сондықтан КҚК әзірге баламасыз негізгі экспорттық құбыр болып отыр.
«Мәселе – Теңіз мұнайы физикалық тұрғыда БТД бағытына қаншалықты жеткізіле алады. Бұл – логистикалық тұрғыдан күрделі маршрут. Сонымен қатар, БТД акционерлері (ол да халықаралық консорциум, онда Әзірбайжанның үлесі бар) Қазақстан мұнайын үлкен көлемде қабылдауға аса мүдделі емес. Себебі олардың Azeri Light сорты біздікінен сапалырақ. Біздің «төмен сапалы» мұнайымыз олардың құбырына қосылғанда, түпкілікті өнім сапасы төмендеп, бағасы арзандайды», – деді Олжас Байділдинов.
Болашақта Қазақстанның батысынан оңтүстігіне баратын мұнай құбырларының қуатын арттыруға болар еді, бірақ бұл бірнеше жылды талап етеді. Сол сияқты, Атасу – Алашанькоу құбыры арқылы Қытайға жеткізілімдерді көбейту де оңай емес. Қазіргі уақытта бұл бағыт негізінен Ресей мұнайын Қазақстан арқылы транзитпен тасымалдау үшін қолданылады.
«Баламалы бағыттар бір жарым-екі айдың ішінде пайда болмайды. Егер КҚК тасымалдау көлемін азайтса, ірі кен орындары өндірісті уақытша қысқартуы мүмкін, өйткені балансты сақтау қажет. Бұл ОПЕК+ келісімдерінің орындалуына да әсер етеді. Қазақстан мұнай өндіруді азайтуға міндеттелген еді – енді осы міндетті орындап жатқанымызды көрсетудің жақсы сәті туды. Яғни, бұл жағдайдың өз плюстары мен минустары бар, бірақ минустары айқынырақ»,– деді Байділдинов.
Сарапшы Артур Шахназарянның пікірінше, Қазақстан мұнай тасымалын 30%-ға төмендетпей қалудың жолын табуы мүмкін – егер өзі қаласа. Ең нашар жағдайда, қазақстандық мұнайды Балтық құбыр жүйесі (БТС) арқылы айдау мүмкіндігі бар, бірақ бұл логистика тұрғысынан әлдеқайда күрделі болмақ.
Фото: Elements.envato.com
«Кропоткинская» станциясына соққы – Қазақстанға немесе АҚШ-қа белгі ме?
Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың үш жылы ішінде КҚК құбыры «жанжалдан тыс» қалып келді. Халықаралық консорциум америкалық акционерлерінің арқасында санкциялардан да, шабуылдардан да аман болды. Бірақ дәл қазір, АҚШ пен Ресей Украинадан тыс келіссөздер жүргізе бастаған кезде, КҚК мен оның америкалық инвесторлары дрон шабуылының нысанасына айналғаны кездейсоқтық па?
«Украиналық дрондардың Кропоткинская мұнай айдау станциясына жасаған шабуылы әскери емес, ең алдымен саяси акт. Менің ойымша, Украина билігі, әсіресе арнайы қызметтері КҚК құбыры арқылы мұнай тасымалданатынын жақсы біледі. Бұл мұнайды тек ресейлік компаниялар ғана емес, америкалық Chevron және ExxonMobil секілді алпауыттар да өндіреді және Еуропаға экспорттайды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп пен басқа да ресми тұлғалары соңғы уақытта Украинаға қатысты жасаған мәлімдемелері мен әрекеттерін Киев билігі өзіне қарсы қадам деп қабылдады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл әскери операция ең алдымен Вашингтонға бағытталған», – дейді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев.
Бұл көрсетпе шабуылдың бірнеше мақсаты болуы мүмкін. Украина келіссөздер барысында өзімен санасуын талап етіп, күшін көрсетуде. Трамп әкімшілігі мен америкалық мұнай алпауыттарының арасында қайшылық тудыру немесе тіпті Chevron-ды қорқытып, КҚК акционерлерінің қатарынан шығуға мәжбүрлеу.
Айтпақшы, мұндай сценарийді жоққа шығаруға болмайды, әсіресе корпорацияның 2025–2026 жылдары шығындарды кең көлемде оңтайландыру туралы мәлімдемелерін ескерсек.
«Мүмкін, бұл Украина тарапынан АҚШ-қа берілген белгі, егер украин мүдделері келіссөздерде ескерілмесе, олар америкалықтарға да зиян тигізе алатынын көрсеткісі келген болар», - деп топшылады Олжас Байділдинов
Сонымен қатар, Украина АҚШ-пен ашық қақтығысқа баруға тәуекел ете қоймайды, дейді Андрей Чеботарев. Сондықтан бұл шабуыл ресейлік инфрақұрылымға бағытталған соққы ретінде көрсетілді. Бірақ америкалық билік мұндай дөрекі ескертулерді ұнатпайды (алайда оларды өте жақсы түсінеді).
«Қажет болған жағдайда Украина дрон операторларының КҚК қызметінің саяси-экономикалық қырларын білмегеніне сілтеме жасай алады. Бірақ бұл жағдай АҚШ-тың Ресеймен келіссөздер барысында Украина мүдделерін көбірек ескеруіне әсер етеді деп ойламаймын», - деді Андрей Чеботарев.
Енді соғысқа күтпеген жерден тартылған Қазақстан қандай ұстанымда болады? СІМ-нен мәлімдемелер мен шулы әрекеттер күтуге болмайды, бірақ «украин әріптестерімен» бірқатар шиеленісті әңгімелердің болатыны анық.
«Қазақстан бұл жағдайда кездейсоқ «соққыға ілігіп кеткен» болуы мүмкін. Бірақ, екінші жағынан, Ресейдің әскери-саяси одақтасы ретінде оған белгілі бір белгі жіберілген болуы да ықтимал – бұл арқылы Қазақстан билігін Ресеймен ынтымақтастық деңгейін төмендетуге мәжбүрлеу көзделуі мүмкін. Қалай болғанда да, КҚК-ға жасалған шабуыл еліміздің экономикасына айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан ҚР СІМ бұл жағдайды Украинамен дипломатиялық арналар арқылы талқылауды жоспарлап отыр. Бұл мәселе нота түрінде көтерілмеуі мүмкін. Көп жағдайда сыртқы саясат ведомстволарының өкілдері арасындағы келіссөздермен шектеліп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына әкелмейді», - деп қортындылады Андрей Чеботарев.
Қазақстан Ресей инфрақұрылымына жасалатын жаңа шабуылдарды қолдамайды. Бұл Астана үшін тиімсіз. Біздің ел Ресейден мұнай өнімдерін импорттайды, сондықтан солтүстіктегі көршісінде тапшылық пайда болса, бұл Қазақстанға да әсер етеді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың қақтығысты қару арқылы емес, дипломатия арқылы реттеу туралы үндеуі дәл уақытында айтылған.
«Егер станция тез қалпына келтірілсе, экономикаға әсері аса үлкен болмауы мүмкін. Бірақ, Украина энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасау құқығын өзінде сақтайтынын мәлімдеді. Егер мұндай шабуылдар жалғаса берсе, бұл, әрине, Қазақстан үшін теріс салдарға әкеледі», – деп түйіндейді Олжас Байділдинов.
Жаңалықтар
- Қазақстанның батысында 70-ке жуық шетелдік қар құрсауынан құтқарылды
- Түркістанда араб тіліндегі ең көне қолжазба табылды
- Қазақстан көршілеріне беретін мұнай көлемін күрт ұлғайтты
- «Қайрат» футбол клубтарының әлемдік рейтингіне шықты
- Ресейден қашқан жасөспірім: «Путиндік саясатқа қарсымын»
- Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Алматыдағы алаңға барып құран бағыштады
- Инфосығандарды «ауыздықтайтын» уақыт келді: коучсымақтар біліктілігін дәлелдесін
- Тәуелсіздік күні Алматыдағы телемұнараның келбеті жаңартылды
- Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімі өтті
- Тәуелсіздік күні Астана мен Алматыда қайда баруға болады
- ҚР ІІМ алаяқтықтың ең кең таралған түрлерінен сақтануды ескертті
- Украина мен АҚШ Берлиндегі келіссөздерде бейбітшілік формуласын табуға тырысты
- Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
- Хромтау әкімі пара алғанын мойындап, 12 млн теңге айыппұлмен құтылды
- Шымкенттік экс-шенеуніктің ісіне қатысты тергеу басталды
- Kcell деректерді қорғау саласындағы сенімділігін растады
- Назым Қызайбай сыйлыққа алған көлігін сатқалы жатыр
- БҚО-да боран кезінде жоғалған ер адамның денесі табылды
- Сәлім Нағым «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды
- Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай 3 жылға сотталды