«Заңсыз парламент таратылсын». Алматыда Жанболат Мамай қарсылық шарасын өткізді

cover Фото: Ж.Мамай өз жақтастарымен бірге Алматыдағы "Республика алаңында" кетіп бара жатыр. Алматы, 2020 жыл 16 желтоқсан

Нұр-Сұлтанда 10 қаңтар күні өткен сайлау нәтижесі бойынша жасақталған парламенттің жаңа құрамының алғашқы отырысы басталғанда Алматыда «Демократиялық партия» құру бойынша бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай қарсылық шарасын өткізді.

Алматыдағы орталық алаңға қолына «Заңсыз парламет таратылсын» деген жазуы бар плакат ұстап шыққан оппозиция белсендісі бұл шарасын жаңадан жасақталған парламентке қарсылығын білдіру үшін ұйымдастырғанын айтты. Оның сөзінше, 10 қаңтар күні өткен парламент сайлауы легитимді емес.

«Парламентті легитимді емес деп есептеймін. Парламентте отырғандар - қылмыскерлер. Себебі олар парламентті заңсыз басып алды. Оларды ешкім сайлаған жоқ.... Сондықтан бұл парламенттің қабылдаған заңдары, шығарған шешімдері заңсыз болады», - деді Мамай.

Ол сонымен қатар Қазақстанда өткен сайлаулардың бәрі әділетсіз болғанын айтып, оған елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол құрған билік жүйесін айыптады.

https://youtu.be/-17chvShbMk

Жанболат Мамай қарсылық шарасын өткізіп жатқанда оның қасында бірнеше жақтасы болды.

Полиция оларды сырттай бақылап тұрды, бірақ ұстамады. Ал әкімдік өкілдері шараның «заңсыз» екенін ескертіп жатқанда, Мамайдың жақтастары оларды сөйлетпей қойды.

Билікті сынап «Республика алаңында» шамамен жарты сағаттай тұрған Мамай мен оның жақтастары Назарбаев көшесімен төмен қарай жүріп, Абай даңғылына дейін шерулетіп барып тарқады.

Олар шерулетіп бара жатып «Диктатор Назарбаев кетсін!», «Назарбаевтар әулетімен кетсін», «Заңсыз парламент таратылсын» деп ұрандатты.

Жанболат Мамай - ұзақ жылдан бері Қазақстандағы билік жүйесін ашық сынап жүрген оппозиция белсенділерінің бірі. Ол 2019 жылдың қазанында өз жақтастарымен бірге оппозициялық «Қазақстанның демократиялық партиясын» құратынын мәлімдеген. Бірақ билік оның партиясын әлі тіркеген жоқ.

Қазақстанда 10 қаңтарда өткен парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, мәжіліске бұрынғы үш партия өтті. Олар: елді 30 жылға жуық үздіксіз билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы, билікшіл «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы».

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар