Депутаттыққа ұмтылған журналистердің көздегені не?
Қазақстанда парламент сайлауының мерзімі белгілі болған соң елдегі ресми тіркелген алты партияның бесеуі съезд өткізіп, партия атынан мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізімін жариялады. Партиялар жариялаған кандидаттар тізімінде жиырмаға жуық БАҚ өкілі бар. Бес партияның әрқайсында депутаттыққа үміткерлердің кемі екеуі журналист.
Мәжіліске бет алған БАҚ өкілдерінің кейбірі біршама уақыттан бері саясатқа араласа бастағандар, ал кейбірі осы сайлау қарсаңында ғана партияға мүше болғандар.
АУЫЛ, АУЫЛ, АУЫЛ деп...
«Хабар» арнасының журналисі Зейін Әліпбек «Ауыл» партиясының атынан сайлауға түсейін деп отыр. Өзінің айтуынша, партия құрамына үш ай бұрын кіріпті, мақсаты – мәжіліске депутат болып, ауылдардың мәселесін парламентте көтеру.

«Парламентте басқа партиялар көптеген мәселе қозғап жатады. Бірақ ауыл халқының мүддесі үшін күресіп жүрген жалғыз партия бар, ол – «Ауыл». Өзім ауылда өскендіктен, ауыл халқының жағдайы қазір тым нашар екенін жақсы білгендіктен және ауылға жағдай жасауға нақты қадам жасап жүрген «Ауыл» партиясы екеніне толық көз жеткізгендіктен, үш ай бұрын осы партияға мүше болдым. Енді депутат болып, ауылдың мәселесін мәжілісте көтерсем деймін. Қолымнан келетініне сенімдімін», - дейді Зейін Әліпбек.
Ауыл партиясы ұсынған кандидаттардың тізімінде Зейін Әліпбектен бөлек тағы бір журналист бар. Ол – республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат. Партия жиынында сөйлеген сөзіне қарағанда, Дәурен Қуаттың мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін өсіру.
Ал биліктегі «Нұр Отан» партиясының атынан сайлауға қатысқалы жатқан журналист, ақын Мақпал Мысаның мақсаты Зейін Әліпбектікіне ұқсайды. Ол ауыл жастарының әлеуетін көтеруді көздейді.
«Сайлауалды бағдарламамның негізгі мақсаты – ауыл жастарының әлеуетін көтеру. Ал оның кілті – мәдениетте. Білім алу мәдениеті, кәсіпкерлік мәдениет, ел басқару мәдениеті дұрыс қалыптасқан қоғамда ғана біз өркениеті озық ел қатарында боламыз», - дейді Мақпал Мыса.

АЛАШ ЖОЛЫМЕН АҚЖОЛҒА
Ал өздерін оппозициялық партиямыз деп есептейтін «Ақ жол» ұсынған кандидаттардың бірі, Азаттық Радиосының бұрынғы журналисі, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлы парламентте Алаш қайраткерлерінің жолын жалғастыруды көздейді.
Ол партияның парламент сайлауына байланысты өткізген жиынынан кейін өзінің Facebook парақшасында «Ресей империясының 1906-1907 жылдарғы І және ІІ Мемлекеттік думасына депутат болған Алаш қайраткерлерінің жолын жалғастырып, Тәуелсіз еліміздің ұлттық парламентінде солардың игі ісін абыроймен жалғастырамын деп үміттенемін» деп жазды.
Аққұлұлының сөзіне қарағанда, «Ақ жол» партиясының ұстанымы Алаш қайраткерлерінің идеясына ұқсас екен.
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСУ
Партияға мүше болып, саясатқа бет бұрғандардың бірі – «Qazaqstan» ұлттық арнасының журналисі Мақсат Толықбай. Ол бір ай бұрын ғана атауын «Адал» деп өзгерткен бұрынғы «Бірлік» партиясының атынан депутаттыққа үміткер. Өзінің сөзінше, депутат болу арқылы елдегі азаматтық қоғамның дамуына үлес қоспақ.

«Жаңа партия тіркетуге мүмкіндік жоқ. Мажоритарлы емес, пропорционалды жүйе болғандықтан, жеке округтен де түсе алмайсың. Қазіргі жүйеде байкот жариялау да іске аспайды. Бірнеше партиядан ұсыныс түсті. Ұзақ ойландым. Қысқасы, алдағы сайлауға «Адал» партиясының атынан кандидат ретінде қатыспақпын. Неге? Өйткені "Адалдағы" жастардың үлесі 60 пайыз болған соң. Қазір қоғам нақты қадамдар күтеді. Парламент заң шығарушы орган ғана емес, онда қоғамның ең өзекті мәселелері түгел айтылуы керек. Бағымды сынап көрейін. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Нар тәуекел! Азаматтық қоғамның дамуына титтей де болса үлес қоссам деймін» деп жазды Толықбай өзінің Facebook-тегі жазбасында.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық