Демалыс 2024: сауықтыру орталықтарында тегін демалуға құқылы балалар санаттары

cover

1 маусымнан сауықтыру орталықтары немесе балалар лагерлері мектеп оқушылары үшін есіктерін айқара ашты. Белгілі әлеуметтік санаттағы балалардың тегін демалуға мүмкіншіліктері бар. ҚР Білім министрлігі балалар орталығында тегін демалуға кімдер өтініш бере алатынын orda.kz тілшілерімен бөлісті.

Мемлекеттен әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан: мемлекеттік білім беру ұйымдарының студенттері мен оқушылары тегін жолдама ала алады. Сондай-ақ, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын отбасылардан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан студенттер мен оқушылар тегін жолдамаға толықтай құқылы.

«Балаларды сауықтыру орталықтары (БСО) еліміздің барлық өңірлерінде бар. Елімізде 16 жыл бойы жұмыс істейтін 182 маусымдық бала күтімі орталықтары, сондай-ақ 10 мыңнан астам мектеп лагерьлері бар. Әрбір баланың демалыс күндерінің саны, нысанның жобалық қуатына байланысты, ауысымына 10 - 15 күн аралығын қамтиды. Бұл ретте ата-ана лагерь таңдау құқығына ие» деп атап өтті ҚР Білім министрлігі.

Өтінім қалдыру реті

Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының студенттерi мен тәрбиеленушілерi жекелеген демалыс саяжайларында және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуын қамтамасыз ету жөнiнде мемлекеттiк қызмет алу үшiн, жеке тұлғалар: облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың бiлiм басқармаларына; аудандардың, қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың бiлiм бөлiмдерiне; жекеленген білім беру ұйымдарына; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы қажетті құжаттарды толықтырып, өтініш ұсынуы тиіс.

Тіркелу үшін қажетті құжаттар

  • Өтініш;
  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Баланың туу туралы куәлігі;
  • Некелесу немесе ажырасу туралы куәлік;
  • №071 үлгідегі медициналық анықтама.

Сонымен қатар, мәртебені растайтын келесі құжаттардың көшірмесі қажет:

  • мемлекеттен атаулы әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар екендігін растайтын анықтама;
  • жан басына шаққандағы орташа табысы - ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болуына байланысты мемлекеттен әлеуметтік көмек алатынын растайтын анықтама;
  • алынған кірістер туралы құжаттар (жұмыс істейтін ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың еңбекақысы туралы анықтама, кәсіпкерлік және өзге де қызметтен түскен кірістер, балаларына және асырауындағы басқа адамдарға алимент түріндегі кірістер);
  • отбасыларда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиені бекіту туралы уәкілетті органның шешімі;
  • төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын басқа санаттағы студенттер мен тәрбиеленушілер үшін – отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеу негізіндегі алқалы органның шешімі. 

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек

Білім министрлігі арқылы жазғы демалыс кезінде су тасқынынан зардап шеккен 3883 бала - балаларды сауықтыру орталықтарында демалады.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 20 мың бала, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің мектеп оқушылары тегін демалуға мүмкіндік алады.

«Сонымен қатар, бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден 1242 оқушы бала сауықтыру орталықтарында демалды. Балаларды күту орталықтары алдын ала тізілімі қалыптастырды. Мұндай орталықтар жазғы маусымда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін, денсаулық сақтау және төтенше жағдайларды қадағалайтын аумақтық органдарына өтініштер жібереді» деп хабарлады ведомство.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар