«Дариға Назарбаеваның күйеуі»: QazaqGaz ұрлаған миллиардтар

cover Коллаж Orda.kz

Қайрат Боранбаевқа тиесілі «Азия Газ Чунджа» ЖШС мемлекеттік активтерге ресми түрде ауысатын болды. Бұл өткен аптада белгілі болды. Ал сот процесі бір жылдан астам уақыт бұрын өтті. Боранбаевтан бөлек, сол кезде «QazaqGaz» ҰК АҚ-ның орынбасары Тайыр Жанұзақ та сотталған еді. Антикордың тергеуі 14 миллиард теңгеге жуық ұрлық жасалғанын анықтады. Ал қалған жүздеген миллиардтар қайда? Қаңтардан кейін жаңа ұлттық компания басшылығы газ саласында триллион теңгеден астам қаржылық заң бұзушылық жайлы мәлімдеді.

Газ саласында, сол кезде Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев басқарған кезеңде қандай қаржылық алаяқтық жасалды? Orda.kz саралап көрді.

Бай сейілді,

Бір пейілді

Елде жақсы қалмады.

Елдегі еркек,

Босқа селтек

Қағып, елін қармады.

Абай

Алпауыт компаниялар байланысы

Сот кабинетін зерттеп қарап, осы іс бойынша үкімді оқып шықтық. Онда тек процестің өзі ғана емес, оның егжей-тегжейі ашық көрсетілген. Мысалы, ұлттық компанияның бас бухгалтерінің орынбасары болып жұмыс істеген А.Д.Құлсартовтың ісіне қатысты 2022 жылы жаңа басқару компаниясы ішкі аудит жүргізіп, бұрынғы басшылықпен байланысы бар 40 компанияны анықтаған.

Бұл компаниялармен бағаны асыра көрсетіп келісімшарттар жасалған. Істе куәгер болған Тимур Құттуқовтың басқаратын компаниясы «Bolashak Property» тікелей Қайрат Шәріпбаевпен байланысты екен.

 Бұл кәсіпорынның құрылтайшысы «Invest Bolashak» ЖШС, ал оның өзі «Danco Commerce» ЖШС-ге тиесілі. Ал оның иесі БАӘ-де тіркелген Danco Investment Group FZE болған. Қазір «Danco Commerce»-ті Асқар Әбенов басқарады. Бұрынғы директорлар арасында Қайрат Шәріпбаевтың алғашқы әйелі Жанар Сейдвалиева да болған.

 «Bolashak Property» Астана қаласындағы Әлихан Бөкейхан көшесіндегі бизнес-орталықты иеленді. Қазір бұл ғимарат «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі және «QazaqGaz Onimderi» ЖШС-нің балансында.

Алайда, 2022 жылға дейін барлық жартылай мемлекеттік газ компаниялары ғимарат иесіне нарықтық тарифтен әлдеқайда жоғары баға төлеп отырды. Бұл қаржыны қалтаға басудың бір амалы болған.

 Біз «QazaqGaz» ҰК АҚ-на 2014 жылдан 2022 жылға дейін кеңсесін жалға алуға қанша қаражат төлегенін сұрадық. Бірақ ешқандай жауап ала алмадық. Алайда QazaqGaz басшылығы бізге іс материалдары Бас прокуратурада екенін хабарлады

Негізі ұлттық компания ғимаратты жалға алуға қанша ақша кеткенін прокуратураға сілтемей-ақ ұсынуға тиіс еді. Қазіргі басшылықтың біздің сауалымызға жауап бермегеніне қарасақ, «QazaqGaz» ҰК АҚ-ның бұрынғы басшылығының нақты қанша қаржыны ұрлағанын жария етуге дайын емес сияқты. Амалсыз сайттардан соңғы бес жылдағы төлемдерді ақтарып шықтық.

 «Кеңсе жалға беру айласы» және Қайрат Шәріпбаев

Өкінішке қарай, «Самұрық-Қазына» сатып алу сайтында 2018 жылдан бастап қана ақпарат бар екен. Сондықтан біз тек соңғы бес жылдағы кеңсені жалға алуға кеткен қаражатты көріп, саралай алдық. Бірақ осы ақпараттың өзі бұрынғы басшылықтың «QazaqGaz» ҰК АҚ бюджетінен кеңсе жалға беріп, қанша қаражат қалталарына басқанын бағалауға жеткілікті.

Бұл сатып алу, сату ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың «сүйікті әдісі» бойынша ашық тендер мен бәсекелестік ортасында жасалды. «Самұрық-Қазына» бекіткен сатып алу ережелеріндегі бұл жеңілдік халық қаржысын қалтаға басуға мүмкіндік берді. Солай Қайрат Шәріпбаев газ саласын басқарған он жыл ішінде халық қаражатының ондаған миллиардтарын жұтып отырды.

Жалға беру бағасының нарыққа қаншалықты сәйкес келмегенін zakup.sk.kz сайтындағы сатып алу ережелеріне қарап түсінуге болады. Жалға алушылар 2021-2023 жылдар аралығында өз бастықтарының компаниясынан жалға алу үшін ондаған миллиард теңге жұмсайтынын жоспарлаған.

Ал енді қаржыны алу жоспарларына келсек...

2020 жылдың 7 қазанындағы QazaqGaz № 488836 шешіміне сәйкес, компания 2021 жылы шамамен 600 миллион теңге, 2022 жылы 618 миллион теңге, ал 2023 жылы 637 миллион теңге жұмсайды деп жоспарлаған.

  

2020 жылдың 7 қазанындағы № 488968 шешіміне сәйкес, «Интергаз Орталық Азия» АҚ 2021-2023 жылдар аралығында кеңсе арендасына шамамен үш миллиард теңге төлейді деп жоспарлаған — жылына шамамен миллиард теңге болады.

 

 «Амангелді Газ» ЖШС 2020 жылдың 6 қазанындағы № 488785 шешімі бойынша үш жыл ішінде Шәріпбаевтың компаниясына шамамен миллиард теңге төлейтін болған.

 

Біздің дереккөздеріміздің хабарлауынша, QazaqGaz-дің ең бай еншілес компаниясы «Интергаз Орталық Азия» (ИОА) 2015 жылы Bolashak ғимаратында орын жалдамас бұрын, Астанадағы «ҚазМұнайГаз» ғимаратындағы кеңселерін нарықтық баға бойынша жеті миллиард теңгеге сатты.

Негізі бұл қолдарына тиген қаражатқа жайлы кеңсе ғимаратын сатып алуға болатын еді. Өйткені, 2015 жылы девальвациядан кейін офис бағалары алты айда 20 пайызға төмендеді. Егер сатып алмаса, онда сол уақытта елорданың орталығында ең қымбат кеңсені айына шаршы метріне 9000 теңгеден аспайтын бағаға жалға алуға болар еді. Жалға алу құнына тазалау мен қауіпсіздік қызметтері де кірер еді. 2015 жылдың бірінші тоқсанында кеңсе алаңын жалға алу ұсыныстары $23,7/ш.м (4368 тг/ш.м) болған (kn.kz сайтынан алынған деректер). «Самұрық-Қазына» холдинг құрамындағы компанияларға Қонаев көшесіндегі үкіметке жақын және Ақордаға қарама-қарсы ғимараттарда 9000 теңгеден аз бағаға кеңсе ұсынған.

Сол «Интергаз Орталық Азия», инсайдерлік ақпарат бойынша 2016 жылдан бастап ИП "Когай Ф. В." жалға алумен тек үш жыл ішінде жеті миллиард теңге төлеуі тиіс болған. Міне, Астанадағы ең шоқтығы биік ғимараттардың бірі болған кеңселердің қаражаты

16 миллиард тұратын бизнес орталық акциялары

2022 жылдың сәуірінде «Bolashak Property» ЖШС мемлекеттік органға бұл ғимаратты сыйға тартуды сұрады.

«Bolashak Property» ЖШС-нің 2022 жылдың 26 сәуіріндегі № 17/20 және 2022 жылдың 25 мамырындағы № 18/25 өтініштері негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысымен бекітілген мемлекеттің мүлікті сыйға алу ережелеріне сәйкес, Комитет бизнес-орталық ғимаратын республикалық мемлекеттік меншікке қабылдады»,  деп жауап берді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.

Кейін ғимарат «Самұрық-Қазынаға» берілді, одан кейін QazaqGaz-ға өтті. Ұлттық компания ғимаратты «QazaqGaz Onimderi» ЖШС балансында тіркеді.

Сол хатта комитет «Тәуелсіз бағалау-заң орталығы» бизнес-орталықты оның акцияларды орналастыруға арналған төлем ретінде 16 915 397 000 теңге сомасында бағалағанын хабарлады. Яғни, әкімшілік ғимарат акциялар үшін 16 миллиард теңгеге берілді. Өкінішке орай, осы бағалау құнының нарыққа қаншалықты сәйкес екені бізге беймәлім.

Шәріпбаев мемлекетке «кеңпейілділік» көрсеткеннен кейін, газ компаниялары әкімшілік ғимараттарды жалға алу сомаларын айтарлықтай төмендетті. «Самұрық-Қазына» сайтында бұрынғы жоғары бағалармен салыстырғанда: «QazaqGaz»-да үш жарым есе, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «Амангелді Газ» ЖШС-де бес-алты есе жоғары болғанын байқадық. 

2022 жылдың 24 мамырындағы № 721494 шешімі бойынша, ұлттық компания екі жылдан кейін сол ғимаратты үш жарым есе арзан жалға алады.

 

2022 жылғы 24 мамырдағы №721524 шешімі. Бұл шешім бойынша, АО «Интергаз Орталық Азия» жылына миллиард теңге төлейтіні жоспарланған ғимаратты, шын мәнінде, 180 миллион теңгеге, яғни алты есе арзанға жалға алуға болатыны анықталды.

Ал «Амангелді Газ» ЖШС 2022 жылдың 23 мамырында қабылданған № 720770 шешімі бойынша сол бизнес-орталықта екі жылдан кейін кеңселерді бастапқыда жоспарланған 240 миллион теңгеге емес, 40 миллион теңгеге жалға алған. Яғни, бұл да алты есе арзан.

«Судың да сұрауы бар»

Осынша желге ұшқан ақшаның мәселесін кім қолға алатыны және мұның  сұрауы қалай болатыны қызық. Бұл мәселеге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссия қатыспай отыр.

Осы ретте бір заңды сұрақ туады: Ұлттық компанияның бұрынғы басшылығы ғимаратты сыйға тартып, жазадан құтылып кетпек болды ма?

Ал қазіргі басшылықтың дауға толы активтерден бас тартудан басқа амалы қалмады. Егер бұл іс сотқа жеткен болса, сотталып кеткен Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаевтың ісіндегідей ғимарат мемлекет пайдасына өтуі мүмкін еді. Әлде бас прокуратура тек Қайрат Боранбаевты ғана ұстап, осы ғимараттың мемлекеттің меншігіне өткеніне разы болып, бұл істі жылы жауып отыр ма?

Фото: Orda.kz

Жалпы қанша қаржы жымқырғандары осы ұлттық компанияның еншілес ұйымдары жалға алған ғимаратқа төленген ақшаны ескергенде айқын болады. Мүмкін, халық қаржысын қалтаға басу үшін істеген «ғимаратты жалға беру» деген желеуден басқа да айла-шарғылар да бар шығар? 

Ұлттық компанияның шығындары тек жалға алу ақыларымен шектелмейді. Сонымен қатар ақпараттық қызметтер, құрылыс жұмыстары секілді бюджеттік тармақтары бар.

QazaqGaz-дың жаңа басшылығының позициясы таңғалдырады. Ол жәбірленуші тарап ретінде осынша жымқырылған қаржы фактілерін тергеу керек екені жайлы жұмған аузын ашпайды. Тіпті, келтірілген шығынды төлеуді талап етіп, өтемақы мәселесін көтермейді. Табиғи газ жеткізу бойынша істің өтемақысы қайтарылған болса, басқа қылмыстар бойынша неге сот ісі әлі басталмады? 

Келесі жылы QazaqGaz IPO-ға шығуды жоспарлап отыр. Бірақ компания осыған дейін болған қылмысты ашып, қомақты қаржы ұрланған соң, шығынның бәрін өтеткізіп алуы тиіс. Соның ішінде біз көрсетіп берген ғимараттарды жалға беру желеуімен ұрланған миллиардтар бар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар