Данияр Елеусінов 37 жеңісі бар экс-әлем чемпионын нокаутпен жеңді

cover

Қазақ боксшысы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental чемпионы атағы үшін намибиялық Джулиус Индонгомен (23-3, 12 КО) жекпе-жекке шығып, мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен жеңді.

Жекпе-жек Американың Флорида штатындағы Seminole Hard Rock Hotel & Casino аренасында өтіп жатыр. Қос боксшы алғашқы раундты бірден қарқынды бастады. Арада аз уақыт өткенде қазақстандық боксшы қарсыласын бір рет нокдаунға түсірді. Екінші раундта қарсыласының арынын байқаған Индонго сақ қимылдай бастады. Елеусінов шабуылын бәсеңдетпей, үдете түсып, қарсыласын тағы да нокдаунға түсірді. Осылайша, намибиялық боксшы жекпе-жектен бас тартып, жерлесіміз жеңіске жетті.

«Мен өте бақыттымын. Дайындық кезінде бар мүмкіндігімді пайдаландым. Бірінші раундта мен джебпен көбірек жұмыс істеп, оны өзіме тартып, ашқым келді. Сол қолымды сәтті қолданып, жекпе-жекті аяқтағаныма қуаныштымын», - деді Данияр. 

Естеріңізге сала кетсек коронавирустық карантинге байланысты жекпе-жектің уақыты мерзімінен кейінге шегерілген болатын.

«Мен жекпе-жекті тез өткізгім келді, боксқа дейін аш болдым. Мен өз мақсатыма біртіндеп жетемін деп үміттенемін. Осы жекпе-жектен кейін мен рейтингке көтерілемін, ендігі жерде Эдди Хирн таңдап берген кез келген боксшымен, әсіресе рейтингте менен жоғары тұрған боксшылармен күресуге дайын боламын», - деді ол жекпе-жектен кейін.

Осылайша, қазақ боксшысы Данияр Елеусінов оныншы рет жеңіс тұғырынан көрініп, өзінің кәсіпқой мансабындағы алғашқы атаққа қол жеткізді. Ол өз дивизионында IBF Inter-Continental титулын иеленді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар