«Дамытудың» ақыры – дау: Алматыда 300 отбасы үйірме ақшасын қайтара алмай отыр

cover Коллаж: Orda.kz

Алматыдағы танымал YAYA.children платформасы дағдарысқа ұшырап, жүздеген отбасын ақшасыз қалдырды. 300-ден астам ата-ана балалары үшін төлеген абонементтерін пайдалана алмай отыр. Orda.kz тілшісі екі тараптың да уәжін тыңдады.

YAYA платформасы 2023 жылдың соңында іске қосылған. Жобаның негізгі идеясы — бір абонемент арқылы түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігін беру. Алайда 2025 жылдың күзінен бастап ата-аналар төленген қызметтерді толық пайдалана алмай отырғандарын айтып, шағымдана бастады. Олардың айтуынша, абонементтерді алмасыңа қоймай, тықпалай береді екен. 

«Тіпті қаламасаң да, сатушы күніне үш-төрт рет қоңырау шалып, жазатын. Соның салдарынан ойланбастан сатып аласың. Қараша айында екі балама абонемент алдым, бірақ сол кезде сервистің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын білмей қалдым. Менеджер қалайша өтірік айтып сатты екен», — дейді ата-аналардың бірі.

Ата-аналардың бірі Аида Мизамидин абонементті тамыз айының соңында сатып алған. Алғашқы кезеңде жүйе тұрақты жұмыс істеп, балаларын түрлі үйірмелерге апарып жүрген. Алайда күзден бастап, оның айтуынша, серіктес орталықтар қызмет көрсетуден біртіндеп бас тарта бастаған.

«Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бірақ қазан айында спорттық гимнастика жабылды, кейін бассейн, ал қарашада  орталық жазылым ашуды тоқтатты. Сол орталықтың директоры YaYa-ның екі айдан бері төлем жасамағанын, қызметкерлерге жалақыны өз қалтасынан төлеп отырғанын айтты», — дейді Аида Мизамидин.

Қызмет қысқарғаннан кейін, желтоқсан айында Аида ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда көрсетілген қызмет көлеміне қарамастан, компания жалпы қаражаттың тек 50 пайызын ғана қайтаруға дайын екенін хабарлаған.

«Мені жарты жыл қатысқандай етіп есептеп, 660 мың теңгенің тек 300 мың теңгесін қайтаруды ұсынды. Біз адвокатпен бірге сотқа дейінгі талап арыз бердік, олар оны қабылдап, қол қойды, бірақ келесі күні хат жолдап, оған келіспейтіндерін хабарлады», — дейді ол. 

Сонымен қатар, кейбір ата-аналар қайтару туралы келісімге қол қойса да, бір айдан төрт айға дейін ақша күтіп отырғанын, бірақ нәтиже жоғын айтады.

Кейбір отбасылар бірден екі балаға абонемент сатып алып, жалпы сомасы 750 мың теңгеден асатын төлемді бөліп төлеу немесе банк несиесі арқылы рәсімдеген. Алайда төленген қызметтер қолжетімсіз болып шыққан. Соған қарамастан, ата-аналар әлі күнге дейін несие мен бөліп төлеу төлемдерін өтеуге мәжбүр.

YAYA.children ұстанымы қандай?

YAYA.children жобасының негізін қалаушысы Лаура Ералиева жағдайға байланысты өз түсініктемесін берді. Оның айтуынша, жоба іске қосылғаннан кейін қысқа уақытта танымал болып, 2024 жылдың қаңтарында жылдық абонементтерге сұраныс жоғарылаған.

«Біз түрлі пайымдарды сынап көрдік, ата-аналар сатып алуға дайын екенін байқадық, банктер арқылы бөліп төлеу де ұсынылды. Алайда бір жылдан кейін бұл модель тиімсіз екені анықталды. Түскен қаражаттың барлығы дерлік серіктестерге жіберілді. Осы уақыт ішінде балалар орталықтарына бір миллиард теңгеден астам қаржы төледік. Айына 50 мыңға дейін жеткен қатысулар кассалық үзіліске алып келді», — дейді ол.

Тығырықтан шығу үшін стартап «YaYa+» моделін енгізіп, балдық жүйе мен төмендетілген төлем форматтарына көшкен. Лаура Ералиева бұл жүйе барлық тарапқа тиімді екенін айтады.

Ата-аналардың айтуынша, қазан айынан бастап орталықтар жұмысын тоқтатып, үйірмелер саны қысқара бастаған. Соған қарамастан, платформа абонементтерді сатуды жалғастыра берген, бұл жағдайды Лаура Ералиева орталықтардың ішкі шешімімен түсіндірді.

«Алматы мен Астанада 500-ден астам орталық бар. Кейбірі жұмысын жалғастырды, кейбіріне жаңалары қосылды. Платформаның мақсаты — балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бір орталық жабылса, ата-аналар басқа орталықты таңдай алды. Ал орталықтардың жабылуы немесе топтардың қысқаруы — олардың өз шешімі, біз бұл процеске тікелей ықпал ете алмаймыз», — деп жауап берді Лаура Ералиева.

Ал ақшаны қайтару мәселесіне келсек, Ералиева 50% қайтарым туралы ақпараттың  дәл емес екенін айтты.

«Қайтарымды өңдеудің негізінде офертада көрсетілген шарттар қолданылады. Дегенмен, әрбір қолданушы бойынша біз олардың абонементіне байланысты шығындарын, активациясын және қайтарым ақшасына әсер ететін басқа факторларды ескере отырып, жеке есеп жүргіземіз», — деді ол.

Бөліп төлеу мен несиеге қатысты төлемдер бойынша да түсініктеме берілді.

«Біз әр клиенттің банкпен жасасқан шарттарын білмейміз. Бірақ төлемдер басталған кезде қаражат клиенттерге жіберіледі, әрі қарай оны өздері қалай пайдалануды шешеді», — деді жоба негізін қалаушы.

Лаура Ералиева жаңа инвестор тартылғанын және төлемдер келесі аптадан басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

«Барлық құжатқа қол қойылды, қаражатты күтіп отырмыз. Келесі аптадан бастап әр клиентпен байланысып, төлем жасауды жоспарлап отырмыз. Күткендер үшін кешірім сұраймын», — деді ол.

Редакция даулы жағдайдың қалай шешілетінін және ата-аналардың ақшасы қайтарылатынын алдағы уақытта да қадағалап отырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар