Бишімбаев балаларына алимент төлегісі келмей ме?

cover Коллаж: Orda.kz

Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов оның бұрынғы әйелімен арасындағы алимент дауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.

Жуырда Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман балаларға алимент төлеуден бас тартылғанын мәлімдеген еді.

«Адвокат маған хабарласып, Қуандықтың анасы алимент пен басқа да міндеттемелерді төлеуден бас тартатынын айтты. Балалар себебін сұрағанда, ол Қуандықтың онсыз да оларға қатысы жоғын, ал ақшаның атасына қажетірек екенін жеткізген. Сондықтан Қуандық өзі төлеуі керек деп шешкен. Кейін Қуандық адвокаты арқылы хабарласып, алимент төлеуге дайын екенін, бірақ мүлкінің барлығы анасының атына жазылғанын айтты. Ал анасы мүлікті жоғалтып алған немесе басқа туыстарына аударған болуы мүмкін. Немесе, жалпы, немерелеріне алимент төлеуге ниеті жоқ. Қазір Қуандық адвокаты арқылы жұмыс тауып, алимент төлеу үшін уақыт сұрап жатыр» деп жазды Қахарман.

Ал Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

«Қуандық Бишімбаев алимент төлеуден бас тартқан жоқ. Ол тек алимент келісімінің шарттарын қайта қарауды сұраған. Себебі қазір тұрақты табыс көзі жоқ. Заң бойынша, материалдық жағдайы өзгерген жағдайда алимент көлемін қайта қарауға болады. Қазіргі уақытта Бишімбаев түрмеде отырғандықтан, табысы жоқ екені белгілі», – деді Ғазымжанов.

Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар