«Бір әріпке бола 10 жыл сандалдым»: Қандастар неге азаматтық ала алмай жүр?

cover Коллжа: Orda.kz

Қарақалпақстаннан көшіп келген ағайынның азаматтық алсақ деген арманы жылдарға созылған сарсаңға айналды. Кейбірі құжаттағы бір әріптің айырмашылығы үшін 10 жыл бойы мекеме табалдырығын тоздырып келеді. Orda.kz азаматтыққа қол жеткізе алмай, әлеуметтік қорғаусыз қалған отбасылардың жағдайын біліп қайтты.

Жалпы, жағдай біржақты емес. Заңы мен салты басқа елге келіп сіңісіп кету қиын болған соң, қандастар кейде құжаттарды дұрыс жинамай, тиісті мекемелерге уақытында бармай жатады. Сонымен қатар, материал кейіпкерлерінің айтуынша, олар Қарақалпақстаннан келе салысымен Өзбекстан елшілігі мен көші-қон қызметінен жөні түзу кеңес пен бағыт-бағдар ала алмаған.

Жанар Ерімбетова 2008 жылы көшіп келіп, екінші баласын осында босанған. Дертке шалдығып туған баласы қазір мүгедек. 18 жасқа толған жігітке бүгінде жүрегі мен өкпесін ауыстыру қажет. Анасы баласының дертімен арпалысып жүріп, арасында Қарақалпақстанға барып келгендіктен, біраз уақыт өткізіп алған. Ол Қазақстанда барлығы төрт бала босанған.

 «Күйеуім менен ертерек Қазақстанға келіп, үлкен ұлыммен бірге азаматтық алды. Мен артынша келіп, баламның дертімен сандалып жүріп қалдым. Әрине, уақыт өткізіп алғаным бар. 2021 жылы Өзбекстан елшілігіне бардым. Қазақстан азаматтығын алатынымды, Өзбекстан төлқұжатынан бас тартатынымды айтқанда, олар маған «бас тарту» туралы өтініш жазғызды. Артынан белгілі болғандай, олай істеуге болмайды екен. Бәрі көші-қон қызметіне барып, уақытша тұруға рұқсат алудан басталуы керек еді. Оның үстіне мен мерзімі өтіп кеткен төлқұжатпен «бас тарту» жазып бердім, бұл да жағдайды қиындатып отыр. 2021 жылдан бері Өзбекстан елшілігінің табалдырығын тоздырып келемін. Маған ол жақтан «бас тартылды» деген бір жапырақ қағаз келуі керек. Бес жылдан бері әлі келмеді дейді. Неге екенін сұрасам, пандемиядан кейін жұмыс қиындап кетті деп жауап береді. Нақты ненің қиындағаны маған белгісіз», – деді Жанар Ерімбетова.

Жанар Өзбекстан төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен соң барып елшілікке тапсырған қателігін мойындайды. Алайда елшілік осыны көре тұра, алдымен құжат мерзімін ұзарту керегін айтудың орнына, «бас тарту» туралы өтініш алған. Енді ол екі ортада сандалып, мүгедек баласына да, қалған үш баласына да мемлекеттен берілетін арнайы жәрдемақыны ала алмай отыр.

«Екінші балам 18-ге толса да жеке куәлік ала алмай отырмыз. Әкесінде азаматтық бар, ал анасында жоқ болғандықтан берілмейтінін айтты. Бұған дейін кәмелетке толғанша мүгедектігіне қатысты жәрдемақы алдық. Көпбалалы отбасы ретінде де аз-кем көмек берілетін, бірақ бала 18-ге толған соң бәрі тоқтады. Оған қоса баланы әлі де емдету керек, барлығына қолымыз байланып отыр», – деді азаматтық ала алмай жүрген ана.

Анықталғандай, әкесі ертерек көшіп келіп азаматтық алғанымен, одан кейін дүниеге келген балаларын өз атына тіркемеген. Балаларға жеке куәлік берілмей жатқандығының бір себебі осы. Ерімбетованың айтуынша, олар ауырған кезде ауруханаға қарала алмайды, заңды түрде жақсы жұмысқа тұруға да мүмкіндік жоқ.

 «Қазір қолымда елшіліктен алған бір жапырақ қағаз ғана бар. Онда Өзбекстан төлқұжатынан бас тарту туралы өтініш қаралып жатқаны жазылған. Ендігі кезекте маған Өзбекстаннан келетін қағазды күтпей, төлқұжаттың өтіп кеткен мерзіміне айыппұл төлеп, мерзімін ұзартып, көші-қонға бару керектігі айтылды. Азаматтықтың жоқтығы барлық жерде қолымды байлап отыр. Дені дұрыс жұмыс жоқ, қазір моншада еден жуып, тазалықшы болып жүрмін. Ел қатарлы ауруханаға қаралып, ешқайда шыға алмаймын. Басымызда баспана жоқ, аядай ғана үйді жалдап отырмыз. Күйеуім де жалдамалы жұмысшы», – деді Жанар Ерімбетова.

Елшілік мерзімі өтіп кеткен Өзбекстан төлқұжаты үшін 453 600 теңге айыппұл сұрап отыр. Ал бала-шағасын әрең асырап отырған Жанарда мұндай қаражат жоқ.

Orda.kz
Фото: Orda.kz

«Бір әріпке бола 10 жыл сандалтты»

Қарақалпақстаннан көшіп келген тағы бір қандас Гүлайым Сыдиқова да Өзбекстан төлқұжатының мерзімін өткізіп алған. 2015 жылы Қаскелеңдегі көші-қон қызметіне азаматтық алу үшін құжаттарын апарғанда, қызметкерлер оның есіміндегі «й» әрпіне байланысты құжатты қабылдамай қойған.

«Қаскелеңдегі көші-қон қызметіне күйеуім екеуміз бардық. Оның құжаты дұрыс болды, ал менің есімімде «Гүлайым» дегендегі «й» әрпінің үстінде артық белгі бар деп, сол қате үшін құжатты қабылдамады. Мен қызметкерге ол солай жазылатынын қанша түсіндірсем де, ол «бізде олай жазылмайды» деп тұрып алды. Содан басқа адамдарға жөндеп беруін сұрап барғанымда, олар ақша талап етті, менде қаражат болмады. Өзбекстан елшілігіне осы бір әріпті жөндеп беруді сұрап барғанда, олар мені қайтадан көші-қонға жіберді. Ол жақта төлқұжат мерзімі өтіп кеткені үшін 200 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Жалпы, кезінде Қаскелеңдегі көші-қон бөлімінің алдында азаматтық алып беремін, құжатыңды жинап беремін дейтін делдалдар жүретін. Олардың ойлағаны – тек ақша, біздің сауатымыздың аздығын пайдаланып кеткісі келеді», – деді Гүлайым Сыдиқова.

Екі ортада сандалып жүргенде Гүлайым Сыдиқова инсульт алып, денсаулығы сыр берген. Аурухана жағалап кеткен ол жеке куәлігі болмаған соң, бар тапқанын беріп, ақылы бөлімде емделуге мәжбүр екенін айтты. 

«Көші-қонға қаншама рет барып: «Айналайындар, мен қазақпын ғой, қарақалпақ не өзбек емеспін, неге бір әріпке шүйлігіп алдыңдар?» – дедім. Оны мен қалай жөндеймін? Осылай сандалып жүргенде төлқұжаттың мерзімі де өтіп кетті. Қазір баспанамыз жоқ, үй жалдап тұрамыз. Дұрыс жұмыс та жоқ, тапқанымыз менің денсаулығыма кетіп жатыр. Қан қысымым көтеріліп, жиі құлап қаламын. Бауырымда ісік бар, жатыр миомасы тағы бар», – деді Гүлайым Сыдиқова.

Оның күйеуі де ауыл арасында жалдамалы жұмыс істейді. Гүлайымның айтуынша, елге алғаш көшіп келгенде алыс туыстары «азаматтық алып береміз, мал бағып беріңдер» деп алдап, бес ай бойы жалақы төлемеген және құжаттарына еш көмектеспеген.

«Қордай жақта бір туыстың малын бес ай бойы бақтық. Бастапқыда құжаттарыңды жасауға көмектесемін, жалақы төлеймін деген еді. Ақырында тегін мал бақпайтынымды айтып, басқа туыстарды араша түсуге шақырып, Шамалғанға қайттық», – деді әбден қиналған қандас.

Оның айтуынша, азаматтықтың жоқтығы күнделікті өміріне де, денсаулығына да ауыр соққы болған.

«Біз алақан жайып ақша не басқа дүние сұрап отырған жоқпыз. Бізге керегі – «азаматтық» деген бір жапырақ құжат қана. Қазақстандық жеке куәліктің жоқтығы қолымды байлап, денсаулығымнан айырды. Менің қазақ екенім туу туралы куәлікте де, өзбекстандық төлқұжатта да жазылып тұр. Мен енді кімге нені дәлелдеуім керек? Бір әріптің жырымен басталған сарсаң міне, 10 жылдан асты», – деді кейіпкер.

Orda.kz Жанар Ерімбетованың Өзбекстан төлқұжатынан бас тарту туралы құжаты неге жылдап келмегенін және мұндай жағдайда қандастар не істеу керектігін сұрап, осыдан екі апта бұрын Алматыдағы Өзбекстан елшілігіне сауал жолдаған еді. Бірақ әзірге жауап келмеді. Сондай-ақ Көші-қон комитетіне де хабарласып, қандастардың жағдайына байланысты ақпарат сұрадық.

«Мұндай жағдайда, ең алдымен, Өзбекстан төлқұжатының өтіп кеткен мерзімі үшін айыппұл төлеп, оны ұзарту қажет. Артынша тұрғылықты аймақтағы көші-қон қызметіне барып, тұрақты тұруға ықтиярхат алу керек. Содан кейін ғана азаматтық алуға өтініш толтырылып, тиісті шешімді күту қажет», – деді Көші-қон комитеті.

Бір қарағанда, азаматтық алу қадамдары оңай, қандастар үшін бұл үрдіс негізі алты ай ішінде аяқталуы тиіс. Алайда, жоғарыда аталған жағдайлар көрсеткендей, болмашы себептермен сандалып, уақыт өткізіп алғандар көп. Сонда көші-қон қызметі қайда қарап отыр және халық санағы кезінде адамдардың тұрғылықты мәртебесі неге анықталмайды деген заңды сұрақ туындайды.

«Судың да сұрауы бар» дейді қазақ. «Отаным» деп келген қандастардың болмашы себеппен 10 жылдан астам сандалып жүргеніне кім жауапты? Бұл жерде кінә тек бір тараптан емес: қандастардың білместігі мен уақытты өткізіп алатыны да бар. Бірақ азаматтық аламын деп құжатын құшақтап келген жанға соңына дейін жол сілтеп, түсіндіріп беру — қызметтік парыз емес пе?

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар