Білім бөлімінің қызметкерлері төрт миллиардқа жуық қаражат жымқырғаны үшін сотталды

cover Фото: Pixabay

Түркістан облысы Шардара ауданының білім бөлімінің есепшілері 3,7 миллиардтан астам бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Orda.kz. 

15 айыпталушының соты жеті айға созылды. Үкім жария етілетін күні сот залы адамдарға лық толды. Сотталушылардың туыстары есік алдына әрең сыйды. Шешімді естіген кейбір сотталушылар көздеріне жас алды.

Білім бөлімінің басшысы он жылға бас бостандығынан айырылды. Ал есепшілерге жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айыпталушылардың бірі залалды толығымен өтеп, жазадан құтылды. Үш айыпталушы жасына байланысты рақымшылықпен босатылды. Ақша жымқырған есепшілердің жасы 62-де. Екеуінің жазасы кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты кейінге шегерілді. Ал бір есепші тергеу барысында қайтыс болды.

Қылмыстық жолмен алынған барлық мүлік, яғни жер үйлер, пәтерлер, сауда орталығындағы алтын сататын орын мемлекет пайдасына тәркіленетін болды.

Сотталғандардың туыстары үкіммен келіспеді және апелляцияға беруге ниетті.

«Сот шешімімен келіспеймін. Мен ешқашан әйелімнің мұндай ақша алғанын көрген емеспін. Менің ойымша, бұл жала», — деді сотталғандардың бірінің күйеуі.

Айта кетейік, былтыр Атырау қалалық емханасының бас есепшісі 573 миллион теңге жымқырды деген айыппен сотталды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар