Белградта 100 мыңнан астам адам наразылыққа шығып, үкіметтің тарауын талап етті

cover Фото: Blic Online

Халық үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, көшеге шықты, деп хабарлайды Orda.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Сербия астанасының тұрғындарына елдің әр түкпірінен келген азаматтар қосылды. Президент Александр Вучичке қарсы митингке мұғалімдер, студенттер, трактор мінген фермерлер және мотоцикл мінген байкерлер шықты.

Елдің әртүрлі қалаларында наразылық шерулері төрт айдан астам уақыт бойы басылмай келеді. Өткен қарашада Нови-Сад қаласында теміржол вокзалында бетон шатыр құлап, 15 адам қаза тапқан болатын. Халық бұның сапасыз қалпына келтіру жұмыстары салдарынан болғанына сенімді, бұл өз кезегінде елдегі жемқорлықтың салдары екенін көрсетеді.

Ал Сербия басшысы наразылық шараларын ұйымдастырған Батыс барлау агенттіктерін айыптап, қандай да бір оқиға болса, қамауға аламыз деп қорқытып жатыр.

«Мен бопсалауды қабылдамаймын, қысым көрсетуге келіспеймін, мен Сербияның президентімін және көше ережелерін енгізуге жол бермеймін», - деді Вучич.

Қауіпсіздік мақсатында парламент үш күнге жабылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар