Бектенов теңгені құрдымға кетірді ме? Неліктен доллар бағамы Қазақстанда рекорд жаңартты

17 шілде күні Қазақстанда тарихи жағдай болды: Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, АҚШ долларының бағамы 532,7 теңгеге жетіп, жаңа рекорд орнатты. Ұлттық валюта ешқашан мұндай деңгейде әлсіреген емес. Теңгеге не болды, доллар қаншаға дейін қымбаттайды және бұл жағдайға премьер-министр Олжас Бектеновтің қандай қатысы бар екенін Orda.kz сайтына экономист Арман Бейсембаев айтып берді.
Көпшілік бұл күрт өсімді Дональд Трамптың Ресеймен сауда қатынасындағы әріптестерге ескерту жасағанымен байланыстырып отыр. Алайда Арман Бейсембаев бұл жолғы мәселенің Трампқа еш қатысы жоқ екенін айтады.
«Теңгенің әлсіреуі бізде наурыз айынан бері біртіндеп жүріп келеді. Жыл басында теңге күшейіп, наурызда кері қозғала бастады. Сәуір–мамырда үзіліс болды, ал маусымның екінші жартысынан бастап біз қазір байқап отырған толқын басталды. Бұл қозғалыс біраз уақыттан бері жүріп жатыр. Естеріңізде болса, наурыздың алғашқы жартысында доллар шамамен 488 теңге еді», — дейді Арман Бейсембаев.
Ұлттық валюта бағамына әрқашан екі фактор әсер етеді: сыртқы және ішкі. Сыртқы әсер әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ішкі жағдай жиі өзгермейді. Сондықтан теңгенің әлсіреуін тек сыртқы қысыммен түсіндіру жеткіліксіз.
Соңғы айларда доллардың күшеюін Трамптың қайтадан билікке келуімен, сауда соғыстары мен Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыспен байланыстырды. Бірақ қазіргі тарихи рекорд Трамптың санкциялар туралы мәлімдемесінен кейін болып жатыр.
«Трамп Ресейге және оның сауда серіктестеріне қарсы жаңа баждар мен санкциялар енгізілуі мүмкін екенін ескертті. Ол бұл мәселені шешуге және бейбіт жолға көшуге 50 күндік мерзім берді. Бұл Қазақстанға қауіп төндіре ме? Иә, мүмкін. Бірақ дәл қазір емес. Қыркүйекке дейін уақыт бар. Бұл баждар мен санкциялар енгізіле ме — әлі белгісіз. Сондықтан бұл қазіргі жағдайдың басты себебі емес», — дейді экономист
Сонымен, сыртқы жағдайлар көп өзгерген жоқ. Оның үстіне, доллардың жаһандық индексі төмендеуде. Яғни теңге әлсіреген доллар жағдайында да арзандап барады.
Рубльдің бағамы ма? Жоқ, ол да салыстырмалы түрде тұрақты — 78–80 рубль аралығында. Мұнай бағасы ма? Жоқ, ол да 68–70 доллар аралығында сақталып тұр.
«Курс тербелісі — маусымдық құбылыс. Бірақ биыл ішкі факторлар тым көп. Ел ішінде шетел валютасына сұраныс күшейді. Премьер-министр, Экономика министрлігі (Жұманғарин), Ұлттық банк (Сүлейменов) — барлығы инвестициялық цикл бар екенін айтып жүр. Жылдың алғашқы жартысында жоспар құрып, жобалық-сметалық құжаттар бекітіледі, ал екінші жартысында жобалар іске аса бастайды. Импорттық техника мен материалдарды сатып алу үшін бюджеттен бөлінген теңгені долларға айырбастау қажет. Бұл мемлекет пен жекеменшік сектор тарапынан шетел валютасына деген сұранысты күрт арттырады», — деп түсіндіреді Бейсембаев.
Сонымен қатар, ресейлік компаниялар Қазақстан арқылы доллармен операция жасап, ақшаны Ресейге аударуы да ықтимал. Бұл ірі көлемде емес, бірақ мұндай ағынның бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тағы бір себепті атаған: жазғы демалыс маусымы. Бір қарағанда, туристер курсты құлата алмайтындай көрінеді. Бірақ шетелге шығатын қазақстандықтар саны — жүздеген мыңнан асады.
«Статистика бойынша, жазғы демалыс кезінде 1–1,5 миллионға жуық қазақстандық шетелге шығады. Ең танымал бағыттар — БАӘ, Түркия, Оңтүстік-Шығыс Азия. Аздап Еуропаға да барады. Бұл да шетел валютасына қосымша сұраныс туғызады. Олар теңгемен шетелге шықпайды. АҚШ доллары — бірінші қажеттілік», — дейді экономист.
Ең соңында — «шыршадағы жұлдыз» іспеттес, бір саясаткердің мәлімдемесі болды. Бұл жолы америкалық емес, қазақстандық саясаткер — премьер-министр Олжас Бектенов. Ол алғашқы баспасөз мәслихатында келесі жылдың бюджеті доллар бағамы 540 теңге болады деген есеппен жасалатынын ашық айтты.
Бұл — экономистер айтатын «вербалды интервенция». Яғни, үкімет басшысының сөзі нарыққа белгі беріп, нарық сол бағытта әрекет ете бастады.
«Нарық Бектеновтің тілегін «басшылыққа алып» , әрекетке көшті. Вербалды интервенция өз әсерін берді. Қазір біз курс 540 теңгеге жақындағанын көріп отырмыз. Менің ойымша, бұл — ең төменгі межеміз. Жыл соңына дейін 550-ге, тіпті 580-ге дейін көтерілуі мүмкін. Егер мұнай 60 доллардан төмен түссе, рубль 100-ге жетсе, бізге қарсы қосымша санкциялар енгізілсе — бұның бәрі жағымсыз жағдай. Сол кезде ғана 580 теңге шындыққа айналуы мүмкін. Бірақ ол әлі болжам ғана», — деп қорытындылады Арман Бейсембаев.
Олжас Бектеновті теңгенің әлсіреуіне кінәлау дұрыс па? Экономистің айтуынша, бұл асыра сілтеу болар еді — бұл үрдіс бұрыннан жүріп келе жатқан. Премьер тек шындықты айтты, ал нарық — сол мәлімдемені қабылдап, сәйкес әрекет етті.
«540 деңгейінде қандай да бір реакция болуы мүмкін. Мүмкін, Ұлттық банк араласып, вербалды немесе нақты интервенция жасар. Курс кері бұрылмайды, бірақ жұмсаруы мүмкін. Әзірге бақылаудамыз», — деді сарапшы.
Жаңалықтар
- Ресей Қазақстаннан бидай әкелуге рұқсат берді
- Тегеран санкцияларға құқықтық негіз жойылғанын мәлімдеді
- Алматыдағы жер жанжалы: әкім мәселені бақылауға алды
- Жанармай бағасы өспейді: Энергетика министрлігі түсініктеме берді
- Зеленский мен Трамп Ақ үйде не туралы уағдаласты
- Премьер баға өсімін тежеді. ҚР әскерінде тағы да өлім-жітім өршуде. «Орда» ЕҚЫҰ конференциясында
- Бас прокуратура рейдерлікке қатысты Нұрбол Назарбаевтың аты аталған істі қайта жандандырды
- Абайлаңыз, жоғары кернеу: астаналықтарға LRT қаупі туралы ескертілді
- Сотталған марафоншы Марат Жыланбаев үзіліссіз аштық жариялады
- Алматыда жойқын соқтығыс болып, бес адам зардап шекті
- Антикордың бұрынғы басшысы бас прокурордың орынбасары лауазымына ие болды
- Жамбыл облысындағы мектептегі буллинг: балалар құрбан болып жатыр, жауаптылар оны жасырып әлек
- Өскемендегі көмір жеткізу мәселесіне қатысты ҚТЖ жауап берді
- Алматыда веложарысқа байланысты қозғалыс шектеледі
- «Видеосын таратқан»: Жетім қызды зорлаған оқушылардың арасында қыздар да бар
- Путин Дональд Трампты ызаға булықтырды
- Lenovo компаниясының директорын өлтіруге тапсырма берген күдікті ұсталды
- Қазақтарды «мамбет» деп кемсіткен қарағандылық Аликаға прокурор 4,5 жыл сұрады
- Қызылордада 10-сынып оқушысын сыныптастары соққыға жықты
- Орыс тілін Конституциядан алып тастау керек — Жалғас Ертай