Бәсекелестікті қорғау агенттігі Құлыбаевтың Атыраудағы компаниясын тексереді

cover Коллаж: Pixabay

Атырау облыстық Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Batys Petroleum» ЖШС-не тергеу жұмыстарын бастады. Аталмыш компания монополиялық ережені теріс пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Orda.kz.

БҚДА-ның облыстық департаментінің мәліметінше, компанияға жергілікті кәсіпкер шағым түсірген. Жоспардан тыс талдау барысында агенттік компанияның  вагон-цистерналарды жөндеу қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілегенін және қолдағанын анықтады. Ал тергеу ісі әлі де жалғасып жатыр.

«Егер монополияға қарсы заңнаманы бұзу расталса, Batys Petroleum-ға қатысты жылдық айналымның 3-5% мөлшерінде айыппұл, монополиялық табысты тәркілеу немесе баға экономикалық негізделген деңгейге дейін төмендетілуі мүмкін. Сондай-ақ, монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданатын болады», деп мәлімдеді БҚДА.

Batys Petroleum ЖШС компаниясы Атырауда 2015 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп келеді. Ол вагон-цистерналарға қызмет көрсетуге, тексеруге және жөндеуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін құюға арналған цистерналарды дайындайды. Деректер бойынша, компанияда 200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. 

Бірақ бұл оқиғадағы ең қызықтысы – Batys Petroleum-ның түпкі бенефициарлары. Компанияның иесі – Petroleum ЖШС, ал оны өз кезегінде үш заңды тұлға басқарады: PTC Holding, Эридан Инвест ЖШС және Neoholding ЖШС.

PTC Holding Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен байланысты құрылымдарға жатады. Құлыбаев бұл ұйымды Joint Technologies ЖШС арқылы бақылайды, ал Joint Technologies-тың өзі оның Кипрос ЖШС-не тиесілі.

Ал Petroleum-ның тағы бір тең иесі – Neoholding ЖШС үш құрылтайшыға тиесілі: Joint Technologies, Нидерландыда тіркелген ADNTS Holding B.V. (бұл компания да Тимур Құлыбаевпен байланысты) және Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша елдегі 21-орында тұрған кәсіпкер Данияр Әбілғазин.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар