Атыраулық ер адам мүгедектер арбасын алу үшін қол-аяғы жоқтығын дәлелдеуге мәжбүр болды

cover Фото: Бейнеден кадр

Атыраулық Марат Мұханбеталиев бір жарым жылдан бері электр тоғымен жүретін мүгедектер арбасын ала алмай жүр. Ол әр өтініш жазған сайын, комиссия мүшелері оған қажетін беруден бас тартып келеді, деп хабарлайды Orda.kz.

62 жастағы Марат Мұханбеталиевті 2010 жылы тепловоз қағып кеткен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды. Бірақ қолы мен аяғын кесуге тура келген. Кейін оған екінші топтағы мүгедек санаты берілді. Бірінші топқа өтуі үшін оған төрт жыл бойы комиссиялардың алдынан өтуге тура келген. Ер адам онсызда жоқ аяқ-қолын комиссия мүшелеріне дәлелдеуге мәжбүр болған.

«Мен енді кеңседен кеңсеге жүгіре алмаймын. Менің қолым мен аяғым жоқ екенін қалай дәлелдеуге болады? Міне, жоқ екені көрініп тұр ғой. Дұрыстап қарасын», — деп ашуланды Марат Мұханбеталиев.

Оның айтуынша, тіпті жөргекті де тек астаналық құрылымдар арқылы ғана алып келген. 

«Төрт жыл бірінші топ мүгедектігін алу үшін күрестім. Тек жалға алған үйдің қожайыны Астанаға сурет жібергеннен кейін ғана, бір апта ішінде рәсімдеп берді. Ал енді қайтадан күресуге тура келіп тұр», – дейлі ол.

Жуырда комиссия тағы да бас тартқан. Бұл жолы ол денсаулығына байланысты отырысқа қатыса алмады деген уәж айтылған. 

«Мен тіпті ол жиналыс туралы білмедім. Денім сау болатын, барушы едім. Шешімді менсіз қабылдапты», – деп ренжіді ер адам.

Атырау облысының халықты әлеуметтік қорғау департаменті медициналық құжаттарда электр тоғымен жүретін арбаны пайдалануға қарсы көрсетілім бар екенін, сондықтан комиссия оны ұсынбағанын айтты. Ведомство бұл шешімге шағымдануға болатынын да атап өтті.

Айта кетейік, Қызылордада мұғалімдерді облыс әкімі туралы Facebook-тағы жазбаға лайк басып, пікір жазуға мәжбүрлеген.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар