Астанада алғаш рет семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңі өтеді

cover Фото: Руслан Құрбанов/ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті

26–29 наурыз аралығында Астанадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика кешенінде шпага түрінен семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңі өтеді, деп хабарлайды Orda.kz.       

Беделді халықаралық турнирге 96 елден 600-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.

Жарыстар ерлер мен әйелдер арасында жеке және командалық есепте ұйымдастырылады. Қазақстан құрамасы сапында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді. Жалпы алғанда, жүлделер үшін 30-ға жуық қазақстандық спортшы бақ сынайды.

Биылдан бастап ұйымдастырушы елдердің қатарына алғаш рет Қазақстан қосылып, Орталық Азияда семсерлесуден Әлем кубогын өткізу құқығына ие болған алғашқы мемлекет атанды.

Қазақстанның Ұлттық семсерлесу федерациясының мәліметінше, мұндай деңгейдегі жарыстар Марракеш және Буэнос-Айрес қалаларында өткізілген. Ал Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Швейцария және Канада елдері әлем кубогының кезеңдерін тұрақты түрде қабылдап келеді. Биыл Қазақстан алғаш рет жарысты қабылдайтын элиталық елдер тізіміне енді.

«Мен семсерлесумен алғаш айналыса бастағанда Қазақстанда әлем кубогының бір кезеңі өтеді деп ойлаған да жоқпын. Біз үшін мұндай турнирлер әрдайым Италия, Франция, Венгрия сияқты семсерлесу дәстүрі қалыптасқан, әлемнің ең үздік спортшылары жиналатын алыс елдерде өтетін.
Бүгінде біз өз елімізде әлем кубогының ең маңызды кезеңдерінің бірін қабылдап отырмыз. Бұл – еліміз үшін де, қазақ семсерлесуі үшін де үлкен мақтаныш. Мұндай ауқымды жарыстарды кез келген елге сеніп тапсыра бермейді. Бұл біздің деңгейіміздің мойындалғанын білдіреді. Сондықтан біз, спортшылар үшін, тек шетелде ғана емес, өз жерімізде де осы деңгейде өнер көрсету – үлкен жауапкершілік», – деді семсерлесу құрамасының спортшысы Руслан Құрбанов. 

Астана қаласында әлем кубогын өткізу – ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін көрсетеді, Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) тарапынан білдірілген сенімнің белгісі әрі Орталық Азия өңірінде семсерлесу спортын дамытудағы маңызды қадам болып саналады.

Турнир ерлер және әйелдер арасында жекелей және командалық сындар бойынша өтеді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар