Әскерден қайтқан мүрделер: Жақсылықовтың отставкаға кетуі және жаңа министр кім?

cover Коллаж: Orda.kz

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов күтпеген жерден отставкаға кетті. Бұл шешім оның қол астындағы қызметкерлер сенатта Қазақстанның аумақтық қорғаныс туралы жаңа заңын сәтті қорғағаннан бірнеше күн өткен соң жарияланды. Министр лауазымына келгенде әскердегі әлімжеттік, сарбаздардың өлімі және т.б. әскери жүйенің құрылымындағы мәселелер үйіліп тұрған еді. Алайда сол күйі ол мәселелер шешілмей кетті. Әлі күнге әскерден мүрдесі қайтқан сарбаздар жайлы жаңалықтар толастамай тұр. 

2022 жылдың қаңтарынан бері министр қызметін атқарып келген Жақсылықовтың орнына мол әскери тәжірибесі бар Дәурен Қосанов тағайындалды. Ол 1969 жылы Павлодар облысындағы Новотроицк ауылында дүниеге келген. Армавир жоғары әскери авиациялық училищесін, Юрий Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын және Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Бас штаб академиясын тәмамдаған. 

Ұшқыш-снайпер атағы бар Қосанов түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Ол қызметін Үшаралдағы жойғыш ұшақтар полкінде бастаған, кейін Талдықорғанда «Су-27» эскадрильясын басқарған, Қарағанды мен Шымкенттегі әуе базаларында басшылық еткен. Сақадай сай сарбаз – Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы, сондай-ақ Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының директоры болды. 2022 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының жарлығымен Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Даурен Қосанов – ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Жақсылықовтың отставкасын қоғам қызу талқылап, түрлі алып-қашпа әңгімелер мен болжамдар тарап кетті. Кейбір қазақстандық БАҚ өкілдері бұрынғы министрді күштік құрылымдар ұстағанын хабарлады. Алайда бұл ақпаратты растайтын ресми дерек болмады. Көп ұзамай басқа басылымдар экс-министрдің отбасымен үйінде тыныш ас ішіп отырған видеосына сілтеме жасап, бұл мәліметті жоққа шығарды. Белгілі журналист әрі қоғам қайраткері Әсет Матаев та Жақсылықовтың бостандықта екенін мәлімдеді.

БАҚ-тың сұрауына жауап беруден бас тартқан немесе екіұшты жауап берген күштік құрылымдардың баспасөз қызметі жағдайды одан сайын күмәнді етті. Бұл жасырын дереккөздерге сүйенетін журналистерді әшкерелеуге жасалған әрекет пе, әлде Жақсылықовқа көрсетілген сес пе?

Қайткен күнде де Orda.kz редакциясы бұрынғы министрдің жүріп өткен жолына зер салып, сондай-ақ соңғы жылдары Қорғаныс министрлігіне қатысты туындаған жанжалдарға шолу жасауды жөн көрді. Сонымен қатар, біз мәжілістің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттарынан бұрынғы және қазіргі министрлер жайында пікірін сұрадық.

Әскерден қайтқан мүрделер және әскердегі әлімжеттік

Соңғы жылдары Қазақстанда әскер қатарына аттанған сарбаздардың қаза табуына байланысты қоғамда үлкен шу болды. Солардың ішінде елдің жағасын ұстатып, дүрліктірген жағдай — Ербаян Мұхтардың оқиғасы.

Бұл оқиға Қорғаныс министрлігінің құзыретіндегі мәселе емес. Себебі марқұм сарбаз Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның № 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен. 2023 жылдың желтоқсанында ол басынан ауыр ми жарақатын алып, жансақтау бөліміне түсті. Ресми мәлімет бойынша, ол әжетханада құлап, басын қатты еденге ұрып алған. Алайда анасы бұл нұсқаға сенбеді. Баласының бөлімге жөнелтерде мұрны сынғанын байқағанын, ал ауруханада денесінде ұрып-соғу іздері болғанын айтты. Мұхтардың өмірі үшін дәрігерлер бес айдан астам күресті, ал қоғам оның шетелде емделуі үшін 230 миллион теңгеден астам қаражат жинады.

2022 жылдың тамызында сол бөлімде тағы бір сарбаз — Алмас Шахимов қаза тапты. Ұлттық ұланның ресми мәліметінше, ол дауыл кезінде үстіне шатыр құлағаннан кейін көз жұмған. Алайда кейін мәйітті қайта қазып алған туыстары денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтты. Бұл жағдай ресми нұсқаның шындыққа жанаспайтынын көрсетті. Осы күнге дейін оның нақты өлім себебі анықталмаған. Бүйрегі езілген, бас сүйегі сынған, арқасына темекі басылған сарбаздың ісіне қатысты бұрынғы офицер Ерболат Шаназар ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлімінің 3 және 4-тармақтары бойынша — «Қызметтік жағдайын пайдалана отырып алаяқтық жасау» айыбымен кінәлі деп танылды. Сарбазға несие алдырған офицерді прокурор Шаназарға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда сот оған 2 жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындап, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды. Ал оның анасы әділдікке жетпей қоймайтынын  айтып, әлі күнге күйіктен ішқұса болып жүр.

2023 жылдың күзі. 19 жастағы Досымжан Сәлімжан Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында оқ тиіп, бет тұсынан ауыр жарақат алып, көз жұмды. Оны атып жіберген — кезекші лейтенант. Құзырлы орган күдіктінің ұсталғанын дереу хабарлағанымен, қоғамда әскердегі қауіпсіздік мәселесі мен командирлердің немқұрайлылығы жайлы сын қайта өршіп кетті.

2022 жылдың сәуірінде Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында 19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Әлібек Қалбай қаза тапты. Қызметке кіріскеніне небәрі 10 күн ғана болған. Қорғаныс министрлігі оның таңертеңгі сап түзу кезінде есінен танып қалғанын мәлімдеді. Алайда туыстары бұл нұсқаға күмәнмен қарап, тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті.

Әскердегі өз-өзіне қол жұмсау фактілері де қоғамды алаңдататын ауыр мәселе күйінде қалып отыр. 2022 жылдың тамызында 18 жастағы Бекбол Мираштың денесін ҰҚК-ге қарасты «Шөлдала» шекара бөлімінде асылып тұрған күйде тапқан. Алғашында іс жабылып, өлім «суицид» деп танылды. Алайда туыстары мен белсенділердің қысымынан кейін іс қайта тергеуге алынды. Тергеу барысында сарбаздың зорлық-зомбылық көргені, тіпті  жыныстық сипаттағы қысым болғаны туралы мәліметтер шықты. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша Б.Мираштың ауыз қуысының ішіндегі жағындыдан адам қанының қоспасы бар тұқымдық сұйықтыққа тән концентрация табылды.

2024 жылдың күзі. Приозерск қаласында мерзімді сарбаз Жеңіс Ахметжан өлі күйінде табылды. Қорғаныс министрлігі оның өз-өзіне қол жұмсағанын, автоматпен өзін атып өлгенін хабарлады. Алайда достары оның болашаққа жоспар құрғанын, жақындарына хабарласқанын, анасына тосын сый дайындамақ болғанын айтты. Туыстары суицид дегенге сенбей, істі қайта тергеуді талап етті. 

2024 жыл. 19 қыркүйекте Аягөз гарнизонының 10810 әскери бөлімінің лейтенанты Нұрсұлтан Алдамұратовтың денесі өзінің тұрғылықты жерінде табылды.

Әскери прокуратураның мәліметінше соңғы 3 жылда 270 әскер қаза болған. 

Мемлекеттік сатып алудағы жанжалдар

Қазақстан Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне байланысты дау мен жемқорлыққа қатысты жанжалдың астында қалды.

Алдымен, Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) компаниясы бұған дейін мақұлданған WSE жауынгерлік модулі орнатылған «Арлан» құрышталған көліктерінің мемлекеттік қорғаныс тапсырысына енбей қалуына байланысты Қорғаныс министрлігін сотқа берді. Компания директорының айтуынша, техниканың барлық стандарттарға сай болуына қарамастан, келісімнің жүзеге аспауына тікелей министрлік кінәлі.

Сондай-ақ министрлікке қарасты еншілес ұйым — «Әскери құрылыс» АҚ да дауға ілікті. 2023 жылдың ортасында бұл мекеменің бұрынғы басшысына қатысты 590 миллион теңгеден астам қаржыны жалған келісімшарттар арқылы жымқырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Министрлік бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып, 2022 жылдың басынан бастап «Әскери құрылыс» мекемесін қайта құрып жатқанын, 2023 жылдың соңына дейін мердігерлер алдындағы қарыздарды өтеуді мақсат еткенін мәлімдеді.

Соңында қоғам белсендісі Дидар Смағұловтың бастамасымен жүргізілген тергеу де жұртшылық назарын аударды. Ол дер кезінде өткізілген мемлекеттік сатып алулардың заңдылығына күмән келтіріп, бір миллионға жуық арнайы киімдері мен 43 000 сырт киімнің сатып алынуының артында жемқорлық жүйесі жатуы мүмкін екенін айтты. Белсендінің айтуынша, бұл келісімдер Maximus атты компания арқылы жүзеге асқан.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи биыл Қазақстан Қарулы күштеріне бөлінетін қаражаттың азайғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, былтыр қорғаныс саласына жалпы ішкі өнімнің шамамен 0,75 пайызы жұмсалса, биыл бұл көрсеткіш 0,6 пайызға дейін төмендеген. Депутат келер жылы бұл қаржыны арттыру қажет деп есептейді және бұл мәселе бойынша тиісті органдарға ұсыныс жасалғанын айтты.

«Әлемдегі жағдай ушықты. Алты елде ашық соғыс жүріп жатыр, ондаған мемлекет қақтығыстың құрсауында. Мұндай шақта салғырттық танытуға болмайды. Елдің қорғаныс қабілеті – басты басымдық», – деді ол. 

Қорғаныс министрінің ауысуына қатысты пікір білдірген Ермұрат Бәпи жаңа министрдің қызметі жайлы әлі толық білмейтінін мойындады. Бірақ бұл жауапты қызметке президент сеніп тапсырған офицердің сенімді ақтайтынына үміт білдірді.

Әскери саладағы мәселелер мен қорғанысқа арналған сатып алулар төңірегіндегі дау-дамай туралы сұраққа жауап бергенде, депутат Қорғаныс министрлігі мұндай сатып алумен тікелей айналыспайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл іспен негізінен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сынды өзге ведомстволар шұғылданады. Осы ретте, ол барлық әскери сатып алуға жауап беретін бірыңғай құрылым қажет екенін алға тартты.

«Өткен жылы-ақ барлық әскери сатып алуды қадағалайтын әрі президентке тікелей бағынатын арнайы агенттік құруды ұсынғанмын. Бұл тәсіл жемқорлықты азайтып, жүйені реттеуге көмектесер еді», – деді ол.  

Депутат Мұрат Әбенов та жаңа министрдің тағайындалуына байланысты өз көзқарасын білдірді. Ол қорғаныс басшысының әскери дайындығы мен техникалық біліктілігін ерекше атап өтті. Әбеновтің айтуынша, бұрынғы басшылыққа айналсоқтап орала бергенше, болашаққа көз тігіп, нақты істерді талқылаған дұрыс.

«Жаңа министр – тәжірибелі, авиация саласында терең білімі бар офицер. Кеңседе емес, шынайы әскери жағдайларда ысылып, жұмыс істеген. Әскер құрылымын жетілдіруде де білім-білігі жеткілікті. Оның тағайындалуына осы қабілеттері себеп болды деп ойлаймын», – деді ол.  

Депутат қазіргі геосаяси ахуал жағдайында әскерді техникалық жағынан жаңғыртып, заманауи технологияны енгізу басты бағыт болуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, ол бұған дейін Қарулы күштердің бейнесін жасауға бағытталған тәсілдерге сын көзбен қарады.

«Әскердің беделі бейнероликтермен, жарнама науқанымен жасалмайды. Бастысы – тәртіп, әлімжет жоқ орта, заң үстемдігі. Жастардың өз еркімен барып, мақтанышпен қызмет атқарып, аман-есен үйлеріне оралуы. Міне, нағыз абырой деген сол», – деді Әбенов. 

Оның айтуынша, әскери қызметкерлердің қазаға ұшыраған қайғылы оқиғаларын ешбір жарнама, бір реттік акциялармен бүркемелеуге болмайды. Әскерге басты жетіспейтін дүние – қауіпсіздік пен адамға деген құрмет.

Болашақта қазақ әскері қандай болмақ?

Маусым айының басында Бас прокурор Берік Асылов Қазақстан әскерін реформалау бойынша екі жаңа жобаны жария етті. Оның айтуынша, әскер ар-намысқа, тәртіпке және әділеттілікке негізделуі тиіс, ал сарбаздардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – барлық деңгейдегі қолбасшылықтың басты міндетіне айналуы қажет.

«Әскердегі тәртіп – алдымен адамға деген құрметтен басталады»,– деп жазды Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып. 

Ол сарбаздардың өмірі мен денсаулығын сақтау тек ұран емес, нақты іспен көрініс табуы тиіс екенін баса айтты.

Қарулы күштер қатарында «Әскердегі заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика» атты жобалар іске қосылады. Қазіргі заманғы бейнабақылау жүйелері енгізіледі, ал жауынгерлік кезекшілік пен қарауылда тұрған сарбаздар мен командирлерге бейнежетондар беріледі. Бұл оқиғаларды өз уақытында тіркеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар armia.kz сайтына орналастырылған цифрлық сервистер көбейді. Онлайн-кеңесші жұмыс істей бастады. Енді мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін жаңа байланыс арналары енгізіледі. Бас прокурордың айтуынша, әрбір сарбаз қауіп төнген жағдайда қайда жүгіну керектігін білуі тиіс.

Медициналық және шақыру комиссияларына баса аударылады. Бұл құрылымдар алдағы уақытта өз отырыстарын толық аудио және бейнежазбаға түсіріп, оны цифрландырып, шақырылушылар үшін қашықтан қолжетімді етпек. Бұл денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімдері бар жастардың әскерге шақырылуын болдырмауға және процесті барынша ашық етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, былтыр күзде қоғамда экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың әскери формада, орден-медаль тағып, отбасымен бірге түскен суреті қызу талқыланған еді.

Бар назар оның жары Эльмира Баққалиге ауды. Кейін ол да әскери қызметші, бұған дейін әнші болғаны белгілі болды. Бұл фото жұртшылық арасында түрлі сұрақ туындатып, Қорғаныс министрлігі түсініктеме беруге мәжбүр болды. Ересектердегі марапаттар – шын, ал балалардағысы – муляж.

Көп ұзамай әлеуметтік желілерде Эльмираның 2015 жылы түсірілген, сарбаздар ортасында патриоттық ән шырқаған бейнебаяны тарады. Министрлік тағы да мәлімдеме жасап, бейнебаян рұқсатпен түсірілгенін, бюджет есебінен қаржыландырылмағанын, ал Эльмира – Ұлттық ұлан ансамблінің әншісі екенін түсіндіруге мәжбүр болды.

Әскери қызметке дейін ол эстрадада өнер көрсеткен, бейнебаяндарға да, киноға да түскені белгілі болды. Қазір – майор, «Құрмет» орденінің иегері. Әлеуметтік желілердегі парақшалары жабық, бірақ Facebook-тегі ақпаратына қарағанда, 2016 жылдан бері тұрмыста. Дау тудырған сурет фотостудияның айтуынша, отбасының рұқсатымен жарияланған.

Еске сала кетсек, Orda.kz бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені туралы жазған болатын.

Автор: Артем Волков

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар