«Әскердегі азап»: Сарбаз жансақтау бөлімінен жарымжан халде шықты

Ұлттық нейрохирургия орталығы Ербаян Мұхтарды жарты жылдан астам жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін үйіне шығарды. Алайда дәрігерлер Ербаян Мұхтар әлі де кәсіби медициналық күтім қажет ететінін мойындады. Себебі ол үнемі дәрі-дәрмек, антибиотик, дәрумендерді медицина қызметкерлерінің бақылауымен қабылдауы керек. Ал сарбаздың туыстарында жеке дәрігерлерге төлейтін қаражат жоқ. Оған мүгедектік тағайындалмаған. Себебі оның ісі бойынша сот әлі болмаған. Шынымен төсек тартып жатқанын және әрекетке қабілетсіз екенін растайтын анықтама қажет. Қазір Ербаян ешбір мемлекеттік емхананың есебінде жоқ. Бұл жағдай оның туыстарының қолын байлап, шарасыз халде қалдырып отыр.
Олардың уәжін Orda.kz тілшісі тыңдап қайтты.
«Миының бір бөлігін алып тастаған»
Еске сала кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның сарбазы Ербаян Мұхтар бас сүйек-ми жарақатын алып, комаға түскен еді. Әскерилер оның дәретханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын хабарлады. Туыстары оған келіспеді. Олардың айтуынша, Ербаян түнгі екіде жарақат алған. Ал оның жанында сол уақытта кем дегенде 7 адам болған. Зардап шеккен сарбаздың анасы Гүлсім Қамиева өзі бейнекамера жазбаларын қарап, дәретханадан белбеумен шыққан сержантты көрген (оның белінде басқа белбеу болған). Сарбаз ауруханаға түскенде оған миға ауыр соққы, жедел субдуральді гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттар диагнозы қойылған. Алматы қаласының Орталық клиникалық ауруханасында оның жағдайы жақсарып, есін жинап, туыстарына ыммен ұрып-соғу салдарынан зардап шеккенін көрсеткен. Сол күні кешке оны жақындарына ескертпестен әскери госпитальға ауыстырып, онда бас сүйегін трепанациялап, миының бір бөлігін алып тастаған. Себебі онда инфекция пайда болған делінген. Содан кейін ол қайтадан жансақтау бөліміне түскен. Осы «емнен» кейін сарбазды Орталық клиникалық ауруханада күткен. Маусым айында реанимациядан нейрохирургия бөліміне ауыстырды. Ербаянның сана белгілері қайта пайда болып, ол жақындарының бар екенін сезіп, көзімен және қимыл арқылы (саусақтарының ұшымен) сөйлеуді түсінетінін көрсете бастаған. Сарбаздың анасы мен ағасы оның төсегінің қасында кезекпен күзетіп жүрді. Себебі олар Ербаянға емін-еркін келіп-кетіп жүрген әскери дәрігерлерден қорықты. Сонымен қатар науқасты жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағаммен тамақтандыруға тырысқан жағдай да болған. Наурызбай Мұхтар 14 маусымда ағасына бергісі келген өнімнің жарамдылық мерзімі 29 мамырда аяқталғанын байқаған.
«Біз шығаруын талап етпедік»
Шілде айының басында жас жігітті медициналық авиациямен Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізді. Ата-анасына осы қалада күтім жасауға ыңғайлырақ болды. Себебі олар елордада тұрады. Бір айдан кейін науқасты үйіне шығарды. Дәрігерлер жазып берген қағазда науқасты «ата-анасының талабымен» деп жібергендерін көрсеткен. Туыстары болса, Ербаянды шығаруды сұрамағандарын айтады.
«Ербаянды ауруханадан шығарып, ол барлық қажетті емін алып болды деп айтты. Оны инфекциялық орталықтағы хосписке жібергісі келді. Кейінгі күтімді сол жерде алады деп жоспарланды. Біз бұл ұсыныстан бас тарттық. Себебі, біріншіден, Ербаянның иммунитеті әлсіреген, оған инфекция жұқтыруға болмайды. Екіншіден, хосписте туыстарға науқастарды көруге рұқсат жоқ. Бізге оның жағдайы мен еміне үнемі бақылау жасау өте маңызды. Сонымен қатар біздің қасынан табылуымыз оның сауығуына оң әсерін тигізеді», – дейді Ербаянның ағасы Наурызбай.
«Емге қаражат жоқ»
Оның айтуынша, нейрохирургия орталығындағы ем кезінде Ербаян құрысып, ұстамасы басталып, аузынан көбік аққан. Бұрын мұндай ұстамасы болмаған. 31 шілдеден бері ол үйде жатыр. Үйде мұндай жағдай қайталанбады. Үш күн бойы науқасқа күтім жасауды тек оның туыстары – анасы, кіші ағалары мен қарындасы атқарып келеді. Бұған дейін отбасы жеке клиникалардағы дәрігерлер мен медбикелерге ақы төлеп, шақыртып отырған.
«Ол үйде үш апта болды. Біз жеке клиникалардан дәрігерлер мен медбикелерді жалдадық. Себебі бізде ешкімнің медициналық білімі жоқ. Анам оған өзі қарауға қорқады. Оның жағдайы ауыр, сондықтан үнемі дәрігердің қадағалауында болуы керек. Оның жағдайы мен қан құрамын бақылау қажет. Бірақ медицина қызметкерлеріне біз күндізгі ауысымға 18 000 теңге, ал түнгі ауысымға 24 000 теңге төлеп отырдық. Бұрын біз ақша жинаған едік. Барлық қаражат дәрігерлерге төленді. Қазір ақша жоқ. Біз өзіміз қарап отырмыз. Бірақ біз оның қасында дәрігер болмаған кезде бір нәрсе болып қалады деп қорқамыз», – дейді Наурызбай Мұхтар.
Нейрохирургия орталығының дәрігерлері де Ербаянға одан әрі емделу қажет екенін мойындайды.
«Науқастың жағдайы ауыр, тұрақты, өмірлік функциялары бойынша компенсацияланған. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық тапшылық пен жарақатына байланысты. Астеникалық (аурушаң, арық) дене бітімі, нашар қоректену, кахексиялық. Дербес тыныс алуы трахеостомиялық түтік арқылы жүзеге асырылады», — деді дәрігерлер Ербаянның жағдайын қысқаша сипаттап.
«Ешбір емхана тіркеуге алғысы келмейді»
Дәрігерлік ұсыныстарда науқасқа диспансерлік емдеу және невропатолог, офтальмолог, реабилитолог, ЛОР-дәрігер, уролог, гастроэнтеролог, хирург, терапевт сияқты мамандардың бақылауы қажет екені көрсетілген.
«Біз енді қайтерімізді білмейміз... Ербаянды қалай және қайда емдейміз? Ол тіпті, ешбір мемлекеттік емханада тіркеуде жоқ. Бұрын тіркелген жерде қазір есепте жоқ. Ешбір емхана оны тіркеуге алғысы келмейді. Ербаянды жеке клиникаға емдеуге жатқызу үшін, оны барып көруге және жанында болуға мүмкіндік алу үшін біз айына шамамен 1,2 миллион теңге төлеуіміз керек. Бізде ондай ақша жоқ», – деді зардап шегушінің ағасы.
«Мемлекет жәрдемақы бермеді»
Ол әскери қызметкерлердің Ербаянның жағдайын сұрап жүргенін айтты. Тамыз айының басында, ауруханадан шығарылғаннан кейін оларға Ұлттық ұланның бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов келген. Ол сарбазды шетелде емдеуді ұйымдастыратынын айтқан. Бірақ ол содан кейін Ербаянның отбасына хабарласпапты.
«Қайрат Үмбетов Ербаянды Германияда, Кореяда немесе Түркияда емдететінін айтты. Бірақ нақты жауапты екі айдың ішінде береді деген. Бұл қаншалықты рас екенін білмейміз. Ол бізге Түркияның бір клиникасына сұрау салғанын айтты. Біз осы жайлы дәлел болатын құжаттарды көрсетуді сұрадық, бірақ ешқандай ақпарат жоқ. Біз күтеміз», – дейді Наурызбай Мұхтар.
Мұхтар Ербаянның ісін әділ тергеу үшін қоғамдық негізде күресіп жүрген отбасының адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, зардап шеккен сарбазға әлі күнге дейін мүгедектік тағайындалмаған және оның отбасы ешқандай мемлекеттік жәрдемақы алмаған.
«Оны комадан шыққаны немесе жағдайы жақсарғаны үшін емес, тек кейінгі күтім қажет деген желеумен ауруханадан шығарды, емдеуді қажет етпейді деп дәрігерлер босатты» деп жазды заңгер өзінің facebook парақшасында.
«Тергеу ісі тоқтап тұр»
Orda.kz журналисіне берген сұхбатында ол тергеудің де әлі тоқтап тұрғанын айтты.
«Баспасөз конференциясы мен жанжалдан кейін іс қайта қозғалған сияқты. Тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен қайта сот-медициналық сараптама жасалды. Қазір оның нәтижесін күтіп отырмыз. Тергеу осы тұста тоқтап тұр. Тергеушіге қоңырау шалдым. Ол үнемі медициналық сараптама нәтижелерін күтіп отырғанын айтады. Сондықтан тергеу бойынша әзірге ештеңе істей алмаймыз. Кейін сотқа дайындаламыз. Мен тергеу мен іске қадағалау жасап жүрмін. Біз жақсы нәтиже күтеміз және сотқа жетеміз деп үміттенеміз. Адвокат Жолғаз Сапархановамен бірге Ербаян үшін әділдікке жету жолындағы күресімізді сотта жалғастырамыз», – деп мәлімдеді Иманбай.
Инга Иманбай әлеуметтік желідегі жазбасында Ербаянға көмек сұрап, жазылушыларына үндеу жасады. Көпбалалы отбасында тек әкесі жұмыс істейді. Сарбаздың анасы ұлы жарақат алғаннан бері тек соның күтімімен айналысып отыр. Қазір оған күтім өте қажет. Ол сөйлей алмайды. Қозғала алмайды, өздігінен тамақтанып, су іше алмайды, дем ала алмайды. Ақылы клиникадағы үш айлық реабилитация үшін отбасы 3,5 миллион теңге жинауы керек.
Жаңалықтар
- Арман Шораев Жанна Кан мен Ситниковты «Миротворец» базасына енгізуді талап етті
- «Салтанат заңы іске аспайды»: Алматылық әйелді полицейлер құқай көрсеткен күйеуімен татуластырмақ болған
- Семейдегі тым-тырыс сайлау: Алаштың астанасындағы «демократия»
- Әскери басшының қызметкерге балағат сөздер айтқан бейнежазбасы тарады
- Ақтөбеде 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне күдікті болған үш оқушы ақталды
- Достық – Мойынты теміржолы: Президент Тоқаевты кім алдады?
- Ақорда берген пәтер: Тоқаевтың жеке журналисінің басы дауға қалды
- Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының бас бапкері атанды
- Шерхан Қалмырзаға ғылым министрі грант табыстады
- Басы дауға қалған көлік министрлігінң шенеунігі «әкімдікке» жіберілді
- Қазақстанда Джеки Чан ойнайтын жаңа «Құдіретті сауыт» фильмі түсіріледі
- Тамара Асардың өгей ұлы өмірден озды
- Президент резиденциялары дирекциясының бұрынғы басшысы заңсыз алтын өндірген
- Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі банкрот деп танылды
- Қоянқұста ата-аналар балаларын мектепке жібере алмай отыр
- Қызылордада мүмкіндігі шектеулі баланы қорлап, аяғын күйдіргендер ұсталды
- Екібастұзда КСРО басшысы Георгий Маленков тұрған пәтер сатылымға шықты
- Таразда әкімдік қызметкерлері мемлекеттік мүлікті заңсыз сатқан
- Дана Әбдірова Перудегі әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
- Республика сарайында Путинді жер-көкке сыйдырмай мақтаған Ситников кім?