Қазақ өнерінің нарқасқасы Асанәлі Әшімов өмірден өтті

cover

Қазақстанның кино және театр өнеріндегі көрнекті тұлға, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірден өтті, деп хабарлады Orda.kz.

Актердің қазасы жөнінде журналист әрі Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Бауыржан Халиолла Facebook парақшасында жазды. 

«Ұлы жүрек тоқтады. Ғасыр адамы Асанәлі ағаның соңғы сағаты соқты», – деп мәлімдеді ол.

Асанәлі Әшімұлы Әшімов 1937 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. Ол кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор ретінде қазақ өнерінің дамуына айрықша үлес қосты. Әшімов Қазақ КСР және КСРО халық әртісі атақтарына ие болып, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды.

Ол «Ботагөз» (1958) фильміне студент кезінде түсті. Шәкен Аймановтың «Атаманның соңы» фильмін 1972 жылы 30 миллионға жуық көрермен тамашалады. «Транссібір экспрессі», «Маньчжур нұсқасы», «Қыз-Жібек» фильмдері халықтың көзайымына айналды.

Өзінің еңбек жолында 30-дан астам фильмге түсіп, Әуезов атындағы қазақ драма театрының сахнасында 50-ге жуық рөлді сомадады, 1963 жылдан бастап актер және режиссер ретінде еңбек жолын бастады. Театр және кино өнеріндегі еңбегі үшін КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Қазақстанның Еңбек Ері (2017) атағын алды.

Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» - Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» - Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» - Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Қодарды және өзге де кейіпкерлерді ерекше сомдап, актерлік шеберліктің шынын танытты.

Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті қызметін атқарды және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болды. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар