Қаралы қаза — кім үшін жаза?

cover

Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Ақсу ауылында қаралы қаза орын алды. Ауыл ішінде болған қайғылы оқиғаның дүмпуі республикаға жетіп жатыр. Себебі, бүгінде оқиға резонанстық жағдайға ауысып отыр.

Orda.kz редакциясы айтылған елді мекенге арнайы барып, оқиғаның жай-жапсарын біліп қайтты.

Оқиға мазмұны

Фото: Orda.kz

Мектеп оқушылары үшін дәстүрлі түрде сабақтың басталғанына оныншы күн.

10 қыркүйек 2021 жыл. Ислам күнтізбесіндегі «қасиетті жұма» күні. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында Садвақас оғлы Ғожақмет (Сәдуақас ұлы Қожахмет) атындағы үштілді орта мектеп бар. Дәл осы мектеп, сағат он екіден асқан уақыт, тіршіліктің қайнаған кезі. Үйіне барып түскі ас ішуге кеткен мектеп директоры Азизжан Дараев сол күйі оқушыларына оралмады. Артынша белгілі болғанындай, түстенемін деп кеткен басшының тыныс-тіршілігі мәңгілікке тоқтаған екен.

Үйіне барып, «Анашым, жан жарым, балаларым, мені кешіріңдер!» деп хат қалдырып, директор өзіне қол жұмсаған. Суицид.

Демі таусылған әкесінің мал қорада асылып тұрғанын сегізінші сыныптағы ұлы көрген. Артынша інісі Азамат Дараев пен көршісі екеуі екі жақтап жүз келі тартатын жігіттің денесін жіптен шешіп, түсірген.

Қаза орын алды, арада бірнеше күн өткеннен соң ауыл жастары директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарының мектептен кетуін талап еткен. Ал оқушылардың ата-аналары балаларын мектепке жібермейтінін айтқан. Оған себеп мектепте марқұмның өліміне қатысы бар делінген шаруашылық ісі жөніндегі директор орынбасарының қызмет етуі.

Жұрт директордың өліміне орынбасары кінәлі деп санайды. Дау шыққан жерге аудан әкімі келіп, халықты сабырға шақырып, орынбасарды тергеу жұмыстары аяқталғанша жұмыстан шеттеткен.

Марқұм Азизжан Дараев жайлы не білеміз?

Фото: Orda.kz

Азизжан Дараев 1975 жылы дүниеге келген. 46 жасында өзіне қол жұмсап, бақилық болды. Өмірінің жартысынан аса уақытын білім саласына арнаған ұстаз соңғы жұмыс орнында он жыл қызмет атқарған. Мұндағы жұрт директорды елге үлгілі, халыққа қадірлі азамат болған деседі.

Марқұм басқарған Садвақас оғли Ғожақмет атындағы орта мектепте 684 шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Ауыл балаларын біліммен сусындататын жалғыз білім ошағы қазақ, орыс және ұйғыр тілінде сабақ береді. Оқушылар таңғы және түскі ауысыммен оқиды, ортасындағы бос уақытта мектеп алды даярлау тобына сабақ өтеді.

Тіпті, Азизжан Дараевтың Ұйғыр ауданының 60 жылдық мерейтойы кезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында бүкіл ауыл атынан сөз сөйлеп, Елбасының батасын алғандығын ауыл жұрты ұмытпаған.

Азизжан Дараев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен

Жоғары санаттағы ұстаздың артында үш ұлы қалды. Тұңғышы Ресейде Санкт-Петербургтегі әскери академияда оқиды. Болашақта әскери дәрігер болады. Ал ортаншы ұлы былтыр мектеп бітіріп, Түркияға халықаралық қатынастар бөліміне оқуға түскен. Ал кіші ұлы қазіргі таңда сегізінші сыныпта оқиды. Азизжанның бауыры Азамат Дараевтың айтуынша, балалардың оқуын мемлекет қаржыландырады.

Марқұмның жұбайы Румиля Зульярова осы мектепте химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Отбасында қаржылай қиындықтар болмаған, бір ғана марқұм Азизжанның жалақысы 200-300 мың теңге.

Арысынан айрылғандар

Тас түскен жеріне ауыр. Үлкен Ақсу ауылынан алты шақырымдай жерді артқа тастап Ават ауылына бардық. Бұл қайтыс болған Азизжан Дараевтың анасы мен інісі тұратын қара шаңырақ. Үйдің ортаншысы болған Азизжан Дараев мемлекеттік қызметте ұзақ жыл жұмыс істесе де, 20 жыл бұрын бастаған баспанасының құрылысын аяқтай алмаған. Директордың денесін осы үйден шығарған.

10 қыркүйек күні демі таусылған марқұмның жаназасы 13 қыркүйекке дейін ұсталған. Ресейден үлкен ұлы келген, ал ортаншысы күні кеше оқуға кіргендіктен, жаназаны шығару рәсіміне келіп, үлгермеген. Осылайша, марқұмды арғы дүниеге екі ұлы мен жамағат жиылып жер қойнына табыстаған.

Көзінен жасы кеппеген жесір әйел, баласының өліміне сенбеген ана, беліне ақ мата байлаған марқұмның балалары мен бауырлары. Журналистердің келгенін аңғарып, тілдесуге келген туысқандар.

Ават ауылының экс-әкімі

Қайғыдан қан жұтып отырған әулетке көңіл айтып, оқиғаның анық-қанығын сұрадық. Алақандай ауыл ішінде болып жатқан жағдайдың республикалық деңгейде талқылануына не түрткі болғанын білгіміз келді.

Марқұмның ағасы Асыл Сәуірдінұлының айтуынша, інісін өлімге итермелеген фактілерді ауыл адамдарынан естіген.

Марқұмның ағасы Асыл Сәуірдінұлы

- Сондай білімді, парасатты жігіт еді ініміз, ақыры осындай қайғыға ұшырадық. Кешелі бері көп сөз естіп жатырмыз. Солардың бірі ауылдағы мектептің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары мен мектеп басшысының арасындағы қақтығыстан шыққан. Соңы осыған әкеліп отыр. Қазір біз ешкімді кінәлай алмаймыз. Себебі қылмыстық іс тексеріліп жатыр.

Аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімі осы жұмысты тоғыз ай созып келген. Оны сол кезде шешіп тастау керек еді. Ақырына келгенде ініміз өз-өзіне қол жұмсап отыр. Естігеніміз көп, көзіміз көрмегеннен соң қиын. Қазір қылмыстық із қозғалыпты, енді ол солардың құзырындағы жұмыс қой.

Артында хат қалдырып кетіпті, бірақ мынау кінәлі деген хат жоқ. Ол балаларынан, анасынан, туыстарынан кешірім сұрап кеткен екен. Біз бәрін Үлкен Ақсу мектебінің ұжымынан біліп жатырмыз, - дейді ағасы.

Үйде мектеп туралы айтпайтын...

Бір ана бір әкеден туған директордың ағасы Дараев Югульмаштың айтуынша, інісі жұмысына қатысты істі үйінде айтпайтын болған.

— Оқиғаның басталғанына бір жыл болыпты. Бір жыл бұрын орынбасардың орны босап, «мына кісіні сол орынға тағайында» деп аудан әкімі ұсыныпты осы адамды. Оны ел айтып жатыр. Оны Азизжан жұмыстан шығарған екен. Ол қайтадан сотқа беріп, қайта жұмысына оралған. Директордың шешімі сотпен өзгертілді. Ініміз адвокат жалдамаған, ал ана жігіттің адвокаты болған. Біздің жігіт «мен ақпын» деп адвокатты да алмаған, - дейді марқұмның туған ағасы.

Марқұм директордың анасы Захира Инамова баласының Үлкен Ақсудағы мектепте он жыл бойы бір орында отырғаннан сағы сынғанын айтады.

— Балам Шонжыда, Аватта директор болып істеді. Кейін Ақсуда он жыл істеп қалды. Қалай баланың сағы сынбайды? Үш баласын тастап кетті. Мен балам қайтыс болғалы қан жылап жатырмын. Балам өлімді ойлаған жан емес еді. Егер маған айтқан болса, мен әкімге де, басқаға да баратын едім. Менің балама мал бақса да, жұмыс табылатын еді ғой, - дейді жүрегі қайғыға толған бес баланың анасы.

Әркімнің өз шындығы бар

Ескерту: Осы бөлімде айтылғандар Марат Мұхаметовтың мәлімдемесі, редакция қызметкерлері эмоциялық сөздерді қоспады.

Фото: Orda.kz / Суретте: Марат Мұхамедов

Марат Мұхамедов қазіргі таңда 4 баланың әкесі. 2 баласы Асфендияров атындағы Қазақстан Ұлттық Медициналық университетінде грантта оқиды. Екеуі де ауылдағы Садвақас оғлы Ғожақмет атындағы мектепте оқыған. Тіпті, тұңғышы мектеп тарихында алғашқы болып «алтын белгі» төсбелгісін алған.

Мараттың отбасы ауылдағы қарапайым отбасылардың бірі. Жұбайы өзі істейтін мектепте технология пәнінен сабақ береді. Бұрындары қазақ тілінен сабақ беріп жүрген. Халықаралық журналистика мамандығын бітірген. Арнайы білімі болмағандықтан, артынша институт оқып, технологиядан 9 сағат алған. Жалақысы 130 мың. Ал Мараттың өзі 78 мың теңге жалақы алады. Екеуі бірігіп, төрт баланы аяққа тұрғызудың амалын істеп жүр. 50 мың теңгеге күн көріп жүрген ауылдастарының жанында Мараттың жағдайы әлдеқайда жақсы деуге болады.

Бұған дейін ол Алматы қаласында Күзет компанияларының бірінде ұзақ уақыт жұмыс жасаған. Бірақ ауылда қарт әкесі бар болғандықтан, қала мен ауылдың арасында жүруді дұрыс көрмеген. Артынша Әкімдікке 30 мың теңге жалақыға жұмысқа кірген. Онда 3 жыл жұмыс істеп, жұмысшыларды қысқарту кезінде жұмыстан шығып қалған.

Айта кетсек, бұған дейін Ұйғыр ауданы білім бөлімінің басшысы Әділжан Әшіров «Марат Мұхамедов аудан әкімі Шухрат Нурахуновтың сыныптасы, соның атын ұзақ жамылып жүрді» деген болатын.

Жұмыс жұмысымен...

Фото: Orda.kz / Суретте: Азизжан Дараевтың бейіті

Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы «мектеп директорын суицидке итермелеген және мектеп қызметкерлеріне сексуалды сипаттағы әрекет жасаған» деген Марат Мұхамедовтың айтары бар екен.

Ол өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, соңғы күндері марқұммен жақсы байланыста болғанын алға тартты.

Мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Марат Мұхамедов Orda.kz журналисіне 2019 жылы жұмысқа кірген сәттегі оқиғасынан бастап айтып берді. Қазіргі таңда жұмыстан шеттетілген орынбасардың айтуына қарағанда, ол жұмысқа кірген кезде мектеп меншігіне иелік ету тапсырылған. Қысқаша айтқанда мектептегі шаруашылыққа қажетті: бояу, күрек, тырма, айыр секілді заттарға жауап беретін адам болып кірген. Араға бірнеше уақыт салғаннан кейін сол бояулар мен жанармайларды бармақ басты көз қыстымен алу үшін директор өтініш жасаған. Марат Мұхамедов бас тартқан.

— 2019 жылы жұмысқа кірдім. Қарашаның басында жұмысты бастап кеттім. Басында жұмысты жақсы бастадық. Мен келгенде жарық және басқа да заттар жоқ екен, соны істедім. Енді жақсы жұмыс көрсетуім керек болды. Шонжыға барып мектепке керек материалды, заттарды алдық. Кейін мені Азиз шақырды. Кірсем, жанында тәрбие ісі бойынша орынбасары Сайнур Жамалдинова отыр екен. Азиз маған: «Марат аға, сен ана алған заттарды Жамалдиноваға өткізіп бер» деді. Неге?,- деп едім. «Өткізе сал», деді. Мен кейін басшылықпен сөйлесіп заттарды өткізбейтін болдым.

«Ол жолдасымның жұбайы»

Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін, желтоқсан айында сексуалды сипаттағы шағымадардың алғашқысы көрінген.

— Желтоқсан айында  Азиз келіп: «Марат аға, кабинетіңе жүрші» деп шақырды. Кабинетке барып, отырдық. Сосын ол «Марат аға, сіз Ғалиемге неге тиісіп жүрсіз?» деді. «Мен оған неге тиісемін, ол менің жолдасымның әйелі» деп айтқан болатынмын. Мен оған тиісіп жатқан жоқпын, «жоғарғы қабаттағы парталарды тазарт» деп қана айтқанмын деп түсіндірдім.

Желтоқсанда Азиз маған 2 тонна жағармай беруімді сұрады, мен қолымнан келмейтінін, тексеріс келсе, қыстайтынын айтып, бас тарттым. Кейін қаңтар айы өткеннен Азиз маған тиісе бастады. Жанында жүрген қыздары Азизды жақтап жүрді. Кейін маған Азиз келіп бояу сұрады, қанша керек деп сұрасам, «үш қорап» дейді. Бір қорапта 9 данадан, сондықтан мен бере алмаймын дедім. Осындай жағдайлар болды, бірақ арамызда жаманшылық жоқ еді. 2020 жылдың қазанында «Марат аға, сіз жұмыстан кетесіз, мен сізбен жұмыс істей алмаймын», деді Азиз. Бірақ кейін екеумізді Әшіров татуластырып, мен жұмыста қалдым.

2021 жыл. Қаңтар. Суретті Марат Мұхамедов ұсынды

Мараттың айтуынша, даулы оқиға басталардың алдын бір күн бұрын ол Ғалиемнің жұбайының туған күніне барып, кеш те жақсы отырып қайтқан.

Orda.kz редакциясы Мараттың жоғары да айтқан жолдасы Ғалиемнің жұбайы Сатуринге хабарласып, мән-жайды анықтамақшы болды. Бірақ Сатурин «естімегендей» түр танытып, тұтқаны қоя салды. Бірнеше рет қайта қоңырау шалғанда, мүлде тұтқаны көтермей, басып тастап отырды. Соған қарағанда Марат жайлы айтып, даулы іске мұрнын сұққысы келмеді. Екеуі жолдас болды ма, жоқ па? деген сұрақ жауапсыз қалды.

Жылы орын үшін күрес

Фото: Orda.kz

Марат Мұхамедовты марқұм директор 2021 жылдың ақпан айында қызметінен босатқан. Кейін 9 маусымда соттың шешімімен орынбасар қайта жұмысқа кірген. Оның айтуынша, жұмысқа оралғаннан соң қыркүйек айында өзі тапсырып кеткен материалдық заттарды қабылдауы керек болған. Алайда 2 ноутбук пен 6 компьютер жетпей қалған. 6 компьютерді орнына алып келіп қойғанымен, екі ноутбуктан хабар болмаған.

Кейбір басылымдар жұмысқа оралған Марат директордан өш алып, қайта-қайта тексеру шақыртып, үстінен арыз жазып, әбден мазасын алған деген хабар таратқан. Марат Мұхамедовтың өзі «ондай жағдай болмаған» дейді.

Ал Ұйғыр ауданы білім бөлімінің басшысы Әділжан Әшіров марқұм Азизжан Дараевтың үстінен облысқа жазылған арыздар, ауданға әлі де келіп жатыр деп сендірді.

Осындай оқиғалар ретімен орын ала берген. Бірақ Марат Мұхамедовтың айтуынша, 2021 жылдың 7 қыркүйегінде біраз кикілжіңнен соң екеуі қол алысып, татуласқан. Директор өзіне қол жұмсаған күні де екеуі жақсы қоштасқан.

Неге мектеп ұжымы Марат Мұхамедовке қарсы шықты?

Фото: Orda.kz

Марат Мұхамедовтың айтуынша, Азизжан Дараевтың жанында жүрген қыз-келіншектер директордың арқасында мектептегі сағаттарын қосып, жұмысқа таныстықпен жақындарын орналастырып отырған.

Ол, мысал ретінде Фарида Нурахунова жайлы айтты. Оның айтуынша, Фарида мектепте орыс тілінен сабақ береді. Оған биыл 18 сағат берілудің орнына 30 сағат берілген. Марат ауыл мектептерінде орыс тілі 30 сағат ешқашан болмаған дейді.

Бұл мектептегі былықтардың бірі ғана. Бәрімізге белгілі ауылда барлығы бір-біріне туысқан, жақын болып келеді. Жақындықтың қызметке не қатысы бар дерсіз.

Жаңа заң ескі жараның бетін жаба ма?

Еске салсақ, биыл наурыздан бастап мұғалімдерді жұмысқа мектеп директорлары қабылдамайды. Жұмысқа кіру тәртібі конкурстық негізде жүреді делінген. Конкурстық негізде жұмысқа орналасатын мұғалімге директормен достық қарым-қатынас орнату қаншалықты қажет?

Orda.kz редакциясына төмендегідей хабар келіп түсті.

- Кезінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде экономика пәні мұғалімі мамандығын бітіргенмін. Бірақ мамандығым бойынша мүлде жұмыс істемедім. Жасым 50-ге таяғандықтан, өз мамандығыммен мұғалімдік қызметімді атқарғым келіп, Алматы қаласындағы мектептердің біріне бардым. Директор менен 200 мың теңге сұрады. Бірден жұмысқа кіресің деді. Конкурс туралы сұрағанымда, комиссияда 4 адам болады, ақшаны соларға бөліп береміз деп түсіндірді. Комиссия да, директор да өз дауысын берсе, жұмысқа кіресің деді. Жаңа заңның күшіне күмәнім бар, - деді Жазира есімді келіншек.

Демек, Білім министрлігінің тамыр-таныстықпен жұмысқа кіруді қысқартамын дегеніне қарамастан, адамдар оны да айналып өтудің жолын тапқан ба? Бұл сұрақ әзірге ашық қалады.

Мектептердегі былық

Фото: Orda.kz

Тамыр-таныстықпен жұмысқа кіру туралы бірінші рет айтылып жатқан жоқ. Ондай жағдайлар бұған дейін де кездескен.

Еске салсақ, жақында Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектеп директоры Ақбөпе Өмірзақ журналистерге желіде шу тудырған бейәдеп завучты «жоғарыдан тапсырма келген соң, жұмысқа алуға мәжбүр болдым» деген болатын. Артынша, ол қызметінен айрылған.

Осыған ұқсас жағдай, Сарыағаш ауданында да орын алған. Мектеп мұғалімі жұмысқа директордың қызы болғаны үшін алынған. Мұндай жағдайлар өкінішке қарай Қазақстанда жиі кездеседі.

Мектептердегі мұндай былықтың артында не тұр және ол оқушыларға қалай әсер ететіні белгісіз.

Үлкен Ақсу мектебіне оралайық...

Фото: Orda.kz

Репортаж жасауға барған Orda.kz редакциясы мектептегі ахуалдың көңіл көншітерлік еместігін байқады. Есікті күзеткендер камераның жиіліп кеткеніне наразылық танытқандай. Әрине бұл қаза ұжым үшін де, оқушылар үшін де психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алып келген болуы мүмкін.

14 қыркүйектен бастап мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы қызметіне кіріскен Ражапова Гулзадамның айтуынша, қазіргі уақытта оқушылардың сабағына еш кедергі жоқ. Болған оқиға ауыр тисе де, дәстүрлі форматтағы оқу әлі жалғасуда.

— Мектепте оқу процесі үзілген жоқ. Қазіргі уақытта шаруашылық ісі жөніндегі директордың орынбасары жұмыстан шеттетілді. Ол кісі осы жерде екі жылдай қызметте болды. Ата-аналар балаларын толық мектепке жіберді. Бізге, әрине, қиын болды. Оқу процесі тоқтап қалмауы үшін білім бөлімінің басшысы келді.  Осында кеше аудан әкімі мен орынбасарлары да келді,- дейді ол.

Мектеп мұғалімдерінің талабы директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарының қызметінен босатылуы, сол кезде білім ордасында тыныштық орнайды дейді.

Қазіргі таңда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында Садвақас оғлы Ғожақмет атындағы мектеп ауданның үздік 10 мектебі қатарында. Жылдан жылға алтын белгі иегерлері көбейген. Биылдың өзінде 6 бала алтын белгілерін ақтап шыққан. Сондай-ақ, аудан түлектерінің шетелге оқуға кетуі таңғаларлық жайт емес, әдетте балалар Ресейге, Түркияға кетіп жататын көрінеді. Бірақ ауданның білім бөлімі «олардың оқуы жайлы білмейміз, бізге тек Қазақстанның ЖОО түсетін талапкерлері туралы ақпарат беріледі» деді.

Демек, былыққа толы мектепте оқығанына қарамастан ауыл оқушыларының талабы биік болып тұр.

Авторы: Бек Байтас, Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар