«Әр өңірдің өз іс-шаралар жоспары болуы керек» - Үкімет басшысы республикалық штабтың алғашқы отырысын өткізді

cover Фото: ҚР Премьер-Министрінің сайтынан

Олжас Бектеновтың төрағалығымен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Штаб басшысы болып Премьер-Министрдің өзі тағайындалса, Қанат Бозымбаев оның бірінші орынбасары болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Штабтың негізгі міндеті – су тасқынына қарсы және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды үйлестіру.

«Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысқа қанағаттанарлықсыз баға берді. Қазір апаттан келген шығын көлемін бағалауға, зардап шеккен тұрғындарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу, сондай-ақ алдағы уақытта мұндай ірі су тасқынының алдын алудың кешенді шараларын әзірлеу қажет. Әр облыстың нақты іс-шаралар жоспары болуы керек», - деп атап өтті Штаб төрағасы Олжас Бектенов. 


Соңғы мәліметтер бойынша, төтенше жағдай аймақтарынан 11 306 адам эвакуацияланса, қазір 5 456 адам уақытша орналастыру орталықтарында.

Су қоймалары мен өзендердің толып кетуі қадағаланады. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартасқой су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп, ауық-ауық  су ағызу жұмыстары жүргізілуде. Қарғалы су қоймасы қазіргі уаақытта жинақтау режимінде.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар