Алматы облысындағы 13 жастағы қызға жасалған азғындық: Істің жай-жапсары

cover

Алматы облысы Қарасай ауданында 13 жастағы қызды тау шатқалына алып кетіп, зорлап, кейін видеомен бопсалаған ер адам 21 жылға сотталды. 2023 жылдың соңында басталған қасіретті хикаяның нүктесі 2025 жылдың жазында қойылса да, оның егжей-тегжейі енді ғана белгілі болып отыр. Адвокат Гүлмира Бабажанова Orda.kz-ке оқиғаның қалай басталғанын және қылмыскердің мектеп оқушысын қалай қорқытып келгенін баяндап берді.

Қарасай ауданында жасөспірім қыздарға қарсы жасалатын қылмыстар азаймай тұр. Соның бірі — 2002 жылы туған жігіттің жасаған ісі. 13 жастағы қызды алдап тауға апарып, онда зорлаған. Мұнымен қоймай, бәрін суретке, видеоға түсіріп алды.

Кейін ол осы суреттерді «бүкіл ауылға таратамын» деп қызды қорқытып, қоқан-лоққы көрсетіп келген. Бұл оқиғаның беті ашылып, сот шешімімен ер адамды 21 жылға түрмеге кесілді. Жазасы ауыр болғанымен, дәл осы оқиға жас қыздың көңіліне өмір бойы жазылмас жара салды. Оқиғаның қалай басталғанына тоқталсақ...

Алғашқы зорлық

«2023 жылғы 31 желтоқсанда шамамен сағат 17:00-де сотталған адамның ұялы телефонына WhatsApp мессенджері арқылы бұрыннан таныс, 13 жасқа толған Қарасай ауданындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы хабарлама жазған. Ол сотталған адамнан өзін құрбысының үйіне дейін жеткізіп салуды сұраған. Ер адам бұл өтінішке бірден келісім берген», – деді адвокат.

Гүлмира Бабажанованың сөзіне қарағанда, оқиға болған күні жасөспірім қыз далаға шығып, өзін күтіп тұрған көлікке отырған. Алғашында бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, жолда келе жатқанда жүргізушінің арам ойы ояныпты. Ол қызды үйіне емес, ешкім жоқ жерде өз дегенін істеу үшін Қарасай ауданындағы таулы шатқалға қарай бұрып әкеткен.

Шатқалға жеткенде көлігін тоқтатып, артқы орындыққа — қыздың қасына ауысып мінген. Ол қыздың әлі кәмелетке толмағанын, өзіне қарсы тұра алмайтын дәрменсіз күйін біле тұра, күш көрсеткен. Алдымен ернінен сүйіп, кейін шашынан тартып жұлқылап, зорлық жасаған.

«Осыдан кейін ол қызды ауылға қайта әкеліп, құрбысының үйінің маңына тастап кеткен», – деді адвокат Бабажанова.

«Ақша бермесең, видеоны жариялаймын»

Алайда бұл сұмдық мұнымен бітпеген. 2024 жылдың 5 қаңтарында, түнгі сағат 00:00 шамасында ер адам тағы да қылмысқа баруды көздейді. Ол қыздың абыройына нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, ақша бопсалауды жоспарлаған.

Қылмыскер қыздың үйіне барып, оны далаға шақырып алған. Сосын көлігіне отырғызып, орта мектептің автотұрағына апарып тоқтаған. Сол жерде ол қыздан 150 мың теңге беруді талап етіп, егер бермесе, көліктегі бейнежазбаны елге жариялайтынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен. Алайда бойжеткен ақшасы жоқ екенін айтып, бұл талаптан бас тартқан.

Екінші зорлық

Тергеу нұсқасына сәйкес, бұған дейінгі ісі үшін жазасыз қаламын деп ойлаған ол, сол жерде тағы да ауыр қылмыс жасаған. Қыздың әлі бала екеніне де қарамастан, оның шашынан жұлқылап, тағы да күштеп зорлаған.

«Кейін ол жүргізуші орнына отырып, Шамалған бағытына қарай жолға шыққан. Жол бойында жәбірленушіден шотына 15 мың теңге аударуды талап еткен. Одан соң қызды көліктен түсіріп, өзі белгісіз бағытқа кетіп қалды», – деді Гүлмира Бабажанова.

Біраз уақыт өткеннен кейін кәмелетке толмаған жәбірленуші талап етілген ақшаның бір бөлігін — 5 мың теңгені сотталған адамның шотына аударған.

Жәбірленуші өзінің әпкесіне айтқан, ол қыздың анасы хабар беріп, дабыл қағады. Анасы дереу арыз жазып, айыпталушыны уақытша қаматады. Адвокаттың айтуы бойынша ауыл тұрғындары қызға қысым көрсеткен.

Бұл айуандық ісі үшін ер адам заң алдында жауап берді. Сот оны кінәлі деп танып, 21 жылға бас бостандығынан айырды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар