Алматы маңындағы елден жасырған құрылыс: Заңсыз нысан салып жатыр ма?

cover Фото: Orda.kz

Жуырда Orda.kz Алматының қақ ортасында бой көтергелі жатқан жұмбақ кітапхана құрылысы жөнінде жазған болатын. Сол нысан туралы мәліметті журналистер зорға тапқан еді. Алайда мұндай елден жасырған құрылыс Алматының басқа жерінде де жүріп жатқаны белгілі болды. Оның үстіне ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бір бөлігі саналатын жерде, Алматы маңындағы «Горельник» шатқалында жұрт көзінен тасада салынып жатыр.

Фото: Orda.kz

Аумағы кең, айналасы қалың металл қоршаумен қоршалған, кей жерлері ағаш дуалмен жабылған.

Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

 Құрылыс алаңында бірнеше нысан бір мезетте салынып жатыр.

Фото: Ислам Абдукапаров / Orda.kz

Қақпа мен оның маңында екі құрылыстың төлқұжаты көзге түсті. Бірі – EcoResort демалыс базасы, екіншісі – тағы бір турбаза (аты көрсетілмеген).

Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz

Екі нысанның да тапсырыс берушісі ретінде «SADU Development» ЖШС, ал құрылыс мердігері ретінде «UE Power Engineering (Qazaqstan)» ЖШС көрсетілген. «Жасыл құтқару» экологиялық ұйымының мәліметінше, сол жерде үшінші нысан — ретінде спорт кешені де салынып жатыр.

Құрылыс төлқұжаттарының бірінде «күрделі құрылыссыз» (без «капитального строительства») деп көрсетілген. Мұның мағынасы түсініксіз. Бәлкім, әңгіме киіз үйлер, шатырлар немесе іргетассыз шағын ағаш үйлер жайында шығар.

Фото: Ислам Абдукапаров / Orda.kz

Алайда дрон арқылы түсірілген бейнежазбалардан бұл жобаның кәдімгі іргелі құрылыс екені анық байқалады.

Тіпті төлқұжаттардағы бейнелерге қарасақ, бәрі айдан анық көрінеді. Ғимараттар бетоннан немесе өзге де берік материалдан тұрғызылып, бірнеше қабаттан тұрады.

Мұндай нысандар экотуризм тұжырымдамасына қаншалықты сай келеді және ерекше қорғалатын аумақта құрылыс салуға қатысты заңнамаға қайшы емес пе? Басты сұрақ осы.
Фото: Ислам Абдукапаров / Orda.kz

Айта кетерлігі, нысан аумағында қосалқы жеке электр станциясы да тұрғызылған.

Фото: Orda.kz

Нақты ақпарат алу үшін редакция Алматы қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдады. Мынадай деректерді сұрадық:

  • Біздің мәліметіміз бойынша, Алматының тау бөктеріндегі «Горельник» аталатын жерде қоршалған аумақта бір-біріне іргелес орналасқан үш нысанның құрылысы жүріп жатыр. Осы ақпаратты растайсыз ба?
  • Құрылыс жүріп жатқан жер телімдері Іле-Алатау ұлттық саябағында, Медеу саябағының аумағына немесе олардың қорғау аймақтарына жата ма?

Сонымен қатар, мынадай құжаттарды ұсынуын сұрадық:

  • Осы нысандар бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы материалдар;
  • үш нысанға арналған сәулеттік-жоспарлау тапсырмалары;
  • техникалық-экономикалық негіздемелер;
  • жобалық-сметалық құжаттамалар;
  • мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындылары;
  • жобалардың кешенді ведомствоаралық сараптамасының қорытындылары (ТЭН мен ЖСҚ бойынша);
  • үш нысан бойынша өткен қоғамдық тыңдаулардың хаттамаларының көшірмелері;
  • барлық үш нысанға қатысты экологиялық ақпарат жарияланған интернет-ресурстың сілтемесі.

Алайда әкімдік берген жауапта тек үш нысанның құрылысы жүріп жатқаны, олардың пошта мекенжайлары және эскиздік жобалардың келісім бойынша екені ғана көрсетілген. Құрылыс учаскелерінің қай қорғалатын аймаққа тиесілі екені жөнінде ақпарат берілмеген.

Фото: Ислам Абдукапаров / Orda.kz

 

Редакция сұратқан басқа да құжаттардың ешқайсысын жібермеді. Дегенмен, кейбір материалдарды ecoportal.kz сайтынан тауып алдық.

Ондағы құжаттардың бірінде мынадай мәлімет келтірілген:

Жобадағы аумақтың жалпы көлемі — 1,0964 гектар. Ол Керей-Жәнібек хандар көшесінің жоғары жағында, тау бөктерінде орналасқан. Бұл жерде қонақ үй кешенін және бес қонақүй үйшігін салу көзделген. Сондай-ақ абаттандыру, көгалдандыру, автотұрақтар және инженерлік инфрақұрылым нысандары қарастырылған. Негізгі ғимараттың жобасы күрделі пішінді.
Өлшемдері: 47,06×51,47 метр.
Ғимарат үш қабатты, іргетастың үстіңгі қабаты бар.
Бірінші қабаттың биіктігі — 4,5 метр, екінші және үшінші қабаттары — 3,2 метрден.
Жанында жеке орналасқан бес апартамент үйі бар.
Аумағында автокөлік жүретін ені 3,5 метр жолдар салынған және әр үйдің қасында ашық автотұрақтары болады.

Сонымен қатар ecoportal.kz сайтындағы ақпаратқа сәйкес, «Sadu Development» компаниясы осы жобаға байланысты қоғамдық жиындар өткізуге шақырған. Хабарландыру 2024 жылғы «МК в Казахстане» газетінің 45-нөмірінің соңғы бетінде жарияланған. Алайда тыңдаулардың қашан және қай жерде өтетіні, сондай-ақ жоба туралы толық ақпаратты қай сілтеме арқылы алуға болатыны көрсетілмеген.

Фото: Orda.kz

Ақпарат көздерінде, сондай-ақ кейбір ақпараттық тақталарда бұл жоба жөнінде хабарландырулар болғаны айтылады.

Фото: Orda.kz

Алайда ол тақталардың нақты қай мекенжайларда орнатылғаны көрсетілмеген.

Қоғамдық жиындардың қалай өткені, кімдердің қатысқаны, қандай пікірлер айтылып, олардың ескерілгені жайында да еш мәлімет жоқ. Бар болғаны — жиындарды ұйымдастыру тәртібі туралы бір құжат қана.

Осы деректерге сүйеніп, қоғамдық жиындар мүлде өтпеген деген қорытынды жасауға болады.
Әрине, біз де қателесуіміз мүмкін.

Фото: Orda.kz

Дегенмен, жобаны әзірлеушілердің жиындарды өткізбеуге барынша мүдделі болғаны байқалады.

«Жасыл құтқару» экологиялық ұйымының жетекшісі Сергей Куратов та мемлекеттік органдарға ресми сауалдар жолдағанын, бірақ тұшымды жауап ала алмағанын айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың экологиялық ақпаратты толық әрі шынайы түрде ұсынбауы — соңғы жылдары жауыр болып, қалыптасып кеткен үрдіс. Горельниктегі жағдай осының айқын мысалы.

«Қоғам өкілдері мен журналистердің сауалдарына берген жауаптардың көбі бір-біріне ұқсас. Мазмұны шамамен: «баяғы жартас — бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» деген сарындағы ескі әуен секілді. Кез келген ойлы адамның көкейінде мұндайда көп сұрақ туындайды. Сонда құрылыс нақты қай жерде жүріп жатыр? Бұл Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағында ма, әлде «Медеу» өңірлік саябағында ма? Әлде бұл әлі құрылмаған қорғау аймақтарының жерінде ме? Мүмкін, Кіші Алматы өзенінің су қорғау белдеуінде ме?», — деді сарапшы. 

 

Құзырлы органдар бәрі заң аясында деп сендіреді. Алайда Сергей Куратовтың айтуынша, Горельник аумағында Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының арнайы реттеу мен қала құрылысы тәртібі қолданылатын аумақтарға қатысты нормалары сақталмаған.

Мұндай аумақтарға ерекше қорғалатын табиғи территориялар, су қорғау аймақтары мен белдеулер, мемлекеттік табиғи-қорықтың қор объектілері жатады. Сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді бағалау шаралары жүргізілмеген.

Фото: Orda.kz

Сарапшы 2021 жылғы жаңа Экологиялық кодекске «кез келген шаруашылық немесе өзге де қызмет түріне міндетті түрде қоршаған ортаға әсерін бақылау жүргізу» талабы әдейі енгізілмегенін атап өтті.

«Соңғы жиырма жыл бойы біз экологиялық заңнаманы бизнес мүддесіне ыңғайлап «ығыстыру» процесінің куәсі болып келеміз. Бұл — пайда мен табыс жолында табиғатты құрбан ету. Нәтижесінде Кіші Алматы шатқалының табиғи келбеті мәңгілікке бүлінді. Үлкен шұңқыр қазылып, шаң-тозаң ауада жүр. Ал шатқалдың бұрынғы көркем бейнесі қайтып оралмастай болды», — дейді Сергей Куратов. 

 

Сарапшының пікірінше, туристердің шамадан тыс көбеюі демалыс сапасын да төмендетіп, табиғатты бүлдіріп, жергілікті халықтың өмірін қиындатып отыр. Мұндай жағдай туризмнің тұрақты дамуына кедергі келтіреді. Дамыған елдер бұл мәселені әлдеқашан байқап, шешу жолдарын іздеп жатыр.
Ал бізде бұл бағытта нақты ілгерілеу жоқ.

«Сондықтан Алматы өңіріндегі, жалпы ел аумағындағы экологиялық ахуалдың нашарлауы таңғаларлық дүние емес», — деп түйіндеді сөзін Куратов.

Автор: Данил Утюпин


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар