Алматы қаласының жаңа әкімі қандай уәде берді

cover

Жаңадан тағайындалған Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қызметіне кіріспей жатып, экологиядан бастап тозған желілерге дейінгі жұмысының басым бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды Orda.kz.       

2024 жылғы 24 мамырда Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған Дархан Сатыбалды мегаполис активінің алдында сөз сөйлеп, алдағы атқарылатын жұмыстар туралы ақтарылды.

Ол алғашқы сөзін мемлекет басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтудан бастады.

«Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі ғана емес, мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру орталығы. Бұл – бай тарихы, ерекше рухы және үлкен мүмкіндіктері бар қала. Сонымен қатар, қала бірқатар мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл – ең алдымен экологиялық түйткілдер, көлік тығыны, сапалы және тұрақты ауызсумен қамту, инженерлік желілердің тозуы, әр жердегі құрылыс мәселесі», – деді Дархан Сатыбалды. 

Оның айтуынша, алда қала тұрғындарының өмір сапасы мен Алматының тұрақты дамуына тікелей әсер ететін міндеттер тұр. Жаңа әкім өз жұмысындағы негізгі басымдықтарды атап өтті.

Көлік жүйесін дамыту және экологияны жақсарту

«Қоғамдық көлік жүйесін дамыту әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала береді. Күнделікті көлік тығындарын, жолдардың шамадан тыс жүктемесін және ауа ластануын шешу үшін заманауи және экологиялық автобустар сатып алынады, автобус және троллейбус желілері кеңейтіледі, маршруттар оңтайландырылады, қозғалыс аралығы қысқарады. Сонымен қатар метро құрылысы мен BRT желілерін кеңейту белсенді түрде жалғасады», – деді әкім. 

Оның айтуынша, Алматы экологиялық тұрғыдан орнықты мегаполиске айналуы тиіс. Ол үшін сапалы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуді қолдау, энергия үнемдеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, электромобильдер мен экологиялық таза технологияларды енгізуге ынталандыру шаралары жүзеге асады.

Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі 

Әкім жайлы қалалық орта ең алдымен базалық инфрақұрылымнан басталатынын айтты. Су, жылу және электрмен жабдықтау желілерін жүйелі түрде жаңғырту жүргізіледі.

«Тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Аудандарды абаттандыру, аулаларды, көше жарығын, тротуарларды жаңарту, тұрғындарға қолжетімді орта қалыптастыру – бұл жай ғана уәде емес, нақты мерзімі мен нәтижесі бар жоспар», – деді Сатыбалды. 

Экономиканың орнықты дамуы және кәсіпкерлікті қолдау

Әкімнің айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау үшін жаңа қаржы құралдары, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және индустриялық аймақтарды дамыту жүзеге асырылады.

«Қала IT-саласын, стартаптарды, креативті индустрияларды, туризм мен білім беру қызметтерін дамыту алаңына айналады. Бизнестің мәселелерін жедел шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен тиімді диалог жүйесін құрамыз», – деді ол. 

Қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау

Әкім әрбір тұрғын, қай жерде тұрса да, сапалы қызметке қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті.

Белсенді өсіп келе жатқан аудандарда жаңа мектептер мен балабақшалар салынады, жұмыс істеп тұрған оқу орындары жаңғыртылады, цифрлық білім беру технологиялары енгізіледі.

Ашықтық, диалог және есептілік

Сатыбалды жергілікті атқарушы биліктің ашықтығы мен халықпен тұрақты диалог – басқарудағы басты қағидаларының бірі болатынын атап өтті.

«Қарқынды дамып жатқан мегаполисте тек кері байланыс, сенім мен азаматтардың қатысуы арқылы тұрақты әрі әділ қалалық саясатты құруға болады. Сондықтан мен аудандарға үнемі барып тұрамын – алдын ала дайындалған маршруттармен емес, нақты Алматы өмір сүріп жатқан аулаларға, мектептерге, базарлар мен көшелерге барамын. Қаланың дамуына қатысты шешімдер ашық қабылдануы үшін тұрғындармен жүйелі диалог жүргізіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды өз міндетім деп білемін», – деді әкім. 

Ол тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, ашық әңгімелесетініне уәде берді. 

Еске сала кетейік, 24 мамыр күні мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды.

Дәл сол күні, яғни 24 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматы қаласына жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымға Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген  Дархан Сатыбалды келді.

Orda.kz Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды туралы не белгілі екенін таратып жазды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар