Ақтөбенің Ойыл ауданында өткелді су шайып, көлік қатынасы тоқтады

cover Фото: Ойыл ауданы әкімдігі бейнежазбасының скриншоты

Ақтөбе облысының ТЖД уақытша өткелді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта тұрғындарға өткелден жаяу өтуге ғана рұқсат, деп хабарлайды Orda.kz.

Ойыл ауылының кіреберісіндегі уақытша өткелді тасқын су шайып кетті. Бұл өткел аудан мен орталық арасындағы жалғыз жол. Себебі 2024 жылғы су тасқыны кезінде ауылға кіреберіс көпір бүлініп, қозғалысты қалпына келтіру үшін уақытша өткел салынған еді. Биыл оны да су шайып кетті.

«Былтыр су тасқынында бүлінген негізгі көпір жөнделіп жатқандықтан, тұрғындар үшін 1 шақырым жерден уақытша өткел салынған еді. Бүгін өзендегі қар суы еріп, өткелді су басты. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бір тәуліктің ішінде қатынас қайта ашылуы тиіс», – деп хабарлады Ойыл ауданы әкімдігі.

Әкімдік жергілікті тұрғындардың өзен арқылы өтуіне жағдай жасалып жатқанын хабарлады. Оқиға орнында қазір ТЖД қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Құтқарушылар қауіп жоқ деп сендіреді.

«Ауылға қауіп төніп тұрған жоқ. Азық-түлік және дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Оқиға орнына құтқарушылар, әскери бөлімнен адамдар жіберілді. Экскаватор, жүк көліктері, моторлы қайықтар жұмылдырылды», – деді ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Ресми мәліметке сүйенсек, Ойыл ауданындағы негізгі кіреберіс көпірді жөндеуге 2,6 миллиард теңге бөлінді. Құрылысты “ТенгизСтройСервис” компаниясы атқарады.

Айта кетейік, былтыр Ойыл ауданында тасқын су 328 үйді шайып кеткен.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар