Ақтөбеде тоңып отырған ауыл тұрғындары президент пен әкімге үндеу жасады

cover Фото: Orda.kz

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Қожасай ауылының тұрғындары көгілдір отынға әлі қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Ауылға газ тарту жұмыстары аяқталғанымен, тұрғын үйлерге газ қосылмаған. Қараша айында күн суытты. Ал тұрғындар бұрынғы пештерін бұзып тастаған.

Ауыл тұрғындары бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың атына видеоүндеу жолдап, газ қосу жұмыстарын жеделдетуді талап етті.

«Біз, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қожасай ауылының тұрғындарымыз. Қазіргі таңда ауылымызға газ құбырлары толық тартылып, техникалық жұмыстың басым бөлігі аяқталғанына қарамастан, әлі күнге дейін газға қосылмай отыр. Қазір қараша айы. Аяз күшейіп келеді. Пештерін бұзып тастаған тұрғындар не істерін білмей отыр. Сондықтан газ жүйесін қосу жұмысын жеделдетуді талап етеміз», — деді ауыл тұрғындары.

Тұрғындардың айтуынша, көгілдір отынның іске қосылуы бірнеше рет кейінге шегерілген.

«Наурызда қосылады деді, кейін қазан айына ауыстырды. Енді қараша келді – әлі күтіп отырмыз. Пешін бұзып тастағандар бар, отын да, көмір де қымбат. Қиын болып тұр. Газ құбырлары толық тартылды, жұмыс бітіп тұр, бірақ қосу жұмысы созылып кетті», – дейді ауыл тұрғыны Нұржігіт Далин. 

Мұғалжар ауданы әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, газ қосу жұмыстарын «Intergas Central Asia» АҚ жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Біз де ауыл тұрғындарымен бірге күтіп отырмыз. Барлық құжат дайын. Газ реттеу станциясында соңғы реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шамамен екі аптадай уақыт алады», — деді аудан әкімдігі. 

Ал облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Қожасай ауылын газдандыру жұмыстары желтоқсан айының басында толық аяқталады.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ облыстық филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында Қожасай ауылын газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Қазір автоматтандырылған газ тарату станциясын іске қосуға дайындық және реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың 1 желтоқсанында газ беру жоспарланып отыр»,  деп хабарлады басқарма. 

Ауыл тұрғындары болса, берілген уәденің орындалуын күтіп отыр. Қожасай ауылында 50 үй бар, шамамен 300-ге жуық адам тұрады.

Еске сала кетсек, Orda.kz порталының зерттеу бөлімі Қайрат Шәріпбаевтың (Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, Дариға Назарбаеваның жары) күдікті істерін ашты. Бұл тіпті оларға қазірдің өзінде табыс әкеліп жатқан «қaйнар бұлақ» болуы мүмкін. «QazaqGaz Aimaq»  арқылы қалай миллиардтап ақша тапқанын толығырақ материалымыздан оқыңыз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар