«Ақиқат пен есептің арасы жер мен көктей»: Арал теңізінде не болып жатыр?

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Биыл президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде және дәстүрлі Жолдауында Арал теңізінің 38 пайызы сақталғанын, су тұздылығы екі есе азайғанын, балық түрлері алуандығы 22 пайызға жеткенін мәлімдеген еді. Алайда бұл деректер уәкілетті органдар ұсынған ресми ақпаратқа негізделген. Белсенді Жомарт Қартбайұлының айтуынша, шынайы жағдай мүлде басқаша болуы мүмкін, Orda.kz редакциясы белсендімен тілдесіп, Арал теңізінің қазіргі жағдайын сұрады. 

Тоқаев 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Аралдың қазіргі жағдайына тоқталып, жағдай жақсарып келе жатқанын айтқан болатын. Бірақ белсенді Жомарт бұл ақпаратпен келіспейді. Оның айтуынша президентке Арал бойынша өтірік есеп беріп отырғандарды жазалау керек дейді. 

Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. 

Сонымен қатар, оның айтуынша Алматы қаласында орналасқан халықаралық Аралды құтқару қорына жылына 200 миллион теңге бөлінеді екен. Осы қаражат қайда жұмсалып жатыр деп белсенді осы жөнінде құзырлы мекемелерге сауал жолдап, тексеруді сұраған бірақ сауалы жауапсыз қалып отыр. 

Сондай-ақ 2025 жылы 13 қаңтарда Су ресурстары және ирригация министрлігі теңіздегі су көлемі 27 миллиард текше метрге жеткенін мәлімдеген болатын.

«Бейресми деректерге сүйенсек, жыл сайын Халықаралық Аралды құтқару қорына шамамен 200 миллион қаржы бөлінеді. Бұл қаражат нақты қайда және қалай жұмсалып жатыр? Осы мәселе бойынша бірнеше рет ресми сауал жолдадым, бірақ жауап ала алмадым. Инвесторлармен кездесулер өткізіліп, түрлі жиындар ұйымдастырылады. Алайда Алматыда кеңсе ашып қойған бұл ұйым жылына бір рет Аралға тек есеп беру үшін ғана келе ме деген сұрақ туындайды», – дейді белсенді.

Жомарт түсірілім тобымен Арал теңізі мен жағалаудағы елді мекендерге барып, ахуалды өз көзімен көріп, бейнежазбаға түсірген. Оның айтуынша, көрген көрініс көңіл көншітпейді.

«Ақиқат пен жалғанның арасы жер мен көктей. Теңіздің жағдайы туралы жекелеген уәкілетті құрылымдар мен блогерлер таратып жүрген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты біз Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне заң аясында бұрмаланған әрі шындыққа жанаспайтын мәлімет таратқан лауазымды тұлғалар мен құрылымдардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрап жүгіндік», – дейді ол.

Оның пікірінше, мұндай ақпарат Қазақстан халқын, президент пен үкіметті жаңылыстырып қана қоймай, интернет арқылы әлемге жалған мәлімет таратуға ықпал етеді.

«Біз бұған нүкте қоюды табанды түрде талап етеміз. Егер қазіргі ахуал өзгермесе, тағы он жылдан кейін тарихта Арал теңізі емес, Арал шөлі ғана қалуы мүмкін. Су жоқ, балық жоқ, тұздылық артып, тұз жер бетіне шығып жатыр», – дейді Жомарт.

Жомарт Қартбайұлы президентке Халықаралық Аралды құтқару қорының басшысы ретінде үш жылдық өкілеттігін пайдаланып, алдағы саммитте Арал теңізі мәселесін және өңір халқының ауыр жағдайын қайта көтеруді, сондай-ақ 1992 жылы қабылданған экологиялық заңның қолданысын қалпына келтіруге ықпал етуді сұрайды.

«Елді мекендердің маңындағы көлдер тартылып, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлауда. Тұрғындар жұмыс іздеп ауылдарын тастап кетуге мәжбүр», – дейді белсенді.

Сонымен қатар ол Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысына қатысты сұрақтар да көтерді.

«Мен Ақтөбеде отырып Алматыға барып тал еге аламын ба? Немесе Алматыда отырып Аралға тал егу мүмкін бе? Сол себепті Аларды құтқару қорын Аралға ауыстыру керек. Олар жылына тек бір рет келіп кетеді. Бұл жеткіліксіз. Бұл Аралдың ахуалын жақсартпайды. Мұны көзбояушылық деп есептейміз», – дейді белсенді.

Белсенді осы мәселе бойынша бірнеше рет ресми сауал жолдағанымен, жауап ала алмағанын айтады.

Сондай-ақ белсенді шетелдік мамандар Аралға барып, құм борап, тұз ұшып жатқанын, жердің қақ айырылғанын өз көздерімен көрсе, нақты әрі тиімді шешімдер қабылдар еді деп есептейді. Ал жайлы кеңседе отырып, есепке ғана сүйеніп шешім қабылдау – дұрыс емес.

Еске сала кетейік, бұған дейін Orda.kz редакциясының тілшісі Аралға арнайы іссапармен барып, өңірдегі ахуалды өз көзімен көріп, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, әкімдік тарапынан қандай нақты шаралар қолға алынғанын сұрастырып қайтқан еді.

Арада жеті ай өткен соң біз белсенді Жомарт Қартбайұлымен қайта байланысып, осы уақыт ішінде қандай да бір өзгеріс немесе алға жылжу бар-жоғын білуді мақсат еттік. Алайда оның айтуынша, жағдай әлі де көңіл көншітпейді.

Orda.kz редакциясы бұл мәселеге қатысты құзырлы органдардың пікірін алуға дайын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар