«Әкемді өлтірдім»: Сотталған әйел заңсыздықтарды жайып салды

cover Фото: DALL-E

Жазира Махамбетова — 2023 жылы анасын қорғамақ болып, абайсызда әкесін өлтіріп алған тұтқын. 2024 жылы Жазира 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу кезінде сарапшы екі рет пара сұраған. Оның сөзінше, пара бермеген соң, Жазираға сот сараптамасын өтірік жазып берген. Сонымен қатар бұрынғы адвокаты жазасын жеңілдетіп беремін деп 5 млн теңге ақша алған. Жазираның айтуынша ол судья Тохтахуновқа бөліп беремін деп айтқан. Қазір ол Алматы облысындағы Жауғашты деген жерде әйелдерге арналған колонияда жазасын өтеп жатыр. 

Orda.kz редакциясының тілшісі сол колонияға барып Жазирамен тілдесіп қайтты. 

Жазира жоғарғы білімі бар медицина қызметкері, дәріханада қызмет істеген. Жазираның ата-анасы 38 жыл отасқан ерлі-зайыптылар. Жазираның анасы Набат тұрмыс құрғалы бері зорлық-зомбылықтан көз ашпаған. 

«Менің үш ұлым, бір қызым бар. Қызым әкесіне қатты жақын еді. Отасқан 38 жылда көрмеген қорлығым жоқ. Келін алған соң, қоятын шығар дедім. Бірақ ұрғанын қоймады. Тіпті келіндерімнен ұялып, ұлдарымды бөлек шығарып жібердім. Маған қол көтерсе де, күйеуім қызына ешқашан тіпті дауысын көтермейтін. Жазираны тірлікке жұмсатқызбайтын. Қызыма ешқайсың тиіспеңдер деп, қанаттыға қақтырмайтын», — деп анасы Набат көз жасын тыя алмады.

Тілшіміз Набат ханымнан тұрмыстық зорлық-зомбылықты көргеннен кейін неге ажырасып кетпегенін сұрағанда: 

«Біз кеңес үкіметінің тәрбиесін көрген адамдармыз. Біз үшін төркінге қайтып бару өліммен тең еді», — деп қысқа қайырды Набат.

Иә, салттың озығы бар, тозығы бар деген осы шығар. Қазақ қоғамында «Қайтып келген қыз жаман», «Сол жақтан өлігің шықсын» деген таптаурын ойлар кейбір өңірлерде әлі бар. 

Алматы облысындағы әйелдерге арналған колонияға кіру өте қиын екен. Таңғы 9-да барған тілшіміз түскі 12:35-те бір-ақ кірді. 

Ес білгелі анасының таяқ жегенін көріп өскен Жазираның әкесіне деген еш өкпе-реніші жоқ. Ол «мен әкемнің қызы едім, тек әкемнің сөзі ғана өтетін» деп әңгімесін бастады. 

«Есімім — Жазира, 32 жастамын. Ажырасқанмын 1 қызым бар. Күйеуімнен ажырасқан себебім — маған қол көтерді. Қызым мен көрген қорлықты көрмесін деп, бір қол көтергеннен кейін кетіп қалдым. Ол кезде қызым бір жаста болатын. Екі жерде жұмыс істеп, үйге ақша жинап жүрген кезім еді. Жиен інімнің тойына шақырту алып, жұмыстан сол күнге сұранып, әкем мен қызым үшеуміз тойға бардық», — деп Жазира оқиғаның мән-жайын баяндай бастады.

Қазір Жазираның бұрынғы күйеуі өз қызына алимент төлеуден бас тартып отыр. Жазираның анасы Набат немересі тым болмағанда әкесінен мейірім көрсе екен дейді. Қазір 7 жасар қыз нағашы әжесі — Набаттың қолында. Әжесінің сөзіне қарағанда, қыз үйде тығылып, қыстығып жылайды.

«Сол күні әкем тойда қатты ішті. Тіпті сол мас күйінде көлік жүргізіп келді. Ауа-райы да бұзылып, қар жауып, боран болып тұрған. Бірақ аман-есен үйге келдік мен қызымды алып бөлмеме кіріп кеттім. Біраз уақыттан кейін әкемнің дауысы шыға бастады. Мен жай дауыс көтеріп жатқан шығар деп мән де бермедім. Біраздан кейін анамның жан дауысы шыққан соң, бөлмелеріне барсам, әкем анамды аямай ұрып жатыр екен», — деп Жазира көз жасын тыя алмай сұхбат берді. 

Жазира әкесі мен анасының арасындағы дауды тоқтатпақ болған. Бірақ ер адам болған соң, Жазираның еш шамасы жетпеген. Арасында үлкен ағасына телефон шалып «анамды өлтіретін болды, тез жет» деп хабарласқан.

«Ас үйден пышақ әкеліп әкемді өзіме қол жұмсаймын деп қоқытпақ болдым. Әкем менің қолымдағы пышаққа жармасып, «әкел, мен сені өзім өлтіремін» деп өзіме шабуылдай бастады. Мен сол кезде анама “қаш” деп айқайлап үлгердім. Анам құтылып шықты. Қолымдағы пышақты әкем тартып алмасын деп сермей бердім,  әкемнің мойнына тиіп кеткен екен. Сол кезде мен де қашып үлгердім. Бұрын әкем анамды ұрғанда далаға қашып кететінбіз. Үйге ұйықтап қалғаннан кейін кіретінбіз», — деді Жазира.

Жазираның айтуы бойынша далада қызын құшақтап отырып жедел жәрдемге хабарласқан. Пышақпен өзін жаралап алуы мүмкін екенін қоңырау шалғанда айтыпты. Жедел жәрдем 40 минуттан кейін келген. Тергеу кезінде және сот кезінде жедел жәрдемнің 40 минут кешіккенін құзырлы орган қызметкерлері тіпті елемеген.

«Далада отырған кезде полиция қызметкерлері біздің үйді таппай жүрді. Мен қол бұлғап, шақырып алдым. Келген полиция қызметкерлеріне үйге кіріп тексеріп шығуды өтіндім. Олар үйге кіріп әкемнің оқиға орнында көз жұмғанын айтты. Сол жерде бұны кім істеді деп құжаттарымды толтырып, алып кетті. Мені бір жыл үй қамаққа қамады. Тергеу кезінде «Көк базардағы» экспертизаға жіберді. Сол жердегі Әсет есімді эксперт менен ақша сұрады», — деді Жазира.

Жазира Әсеттің алдына бір емес екі рет барған екеуінде де «аффект күйін» дәлелдеу үшін ақша сұраған. Ақша бере алмайтынын айтқан Жазира «онда қайда баратыныңды білесің» деген жауап алған. Жазираның бірінші адвокаты Шульга Алексей Сергеевич айыпталушыдан судья Тоқтахуновқа беремін деп 5 миллион теңге алған..

«Маған сот басталған кезде Алексей «уайымдамай отыра бер, судьямен келісіп қойдым» деді бірақ мені кісі өлтірді деген айыппеня 8 жылға соттап жіберді. Менің ағаларым Алексейден ақшаны қайтарып алмақ болып хабарласқандарында «ақшаны беріп тастадым» деп айтқан. Жазадан қашайын деген ойым жоқ. Мен әкемді әдейі өлтірген жоқпын. Өзімді анамды қорғаймын деп ұрындым. Мен араласпасам, сол жерде анам өлер еді. Менің сұрарым — бабымды өзгертіп берсе...», — деді көз жасын тыя алмаған Жазира.

Жазираның аппеляциялық соты өзінің қатысуынсыз өткен. Егер бап өз-өзін қорғау үшін не аффект күйімен жасалған болып өзгертілсе, онда Жазира бөлмеге тығылып, сағынып, жылап жүрген 7 жасар қызына ертерек оралар еді. 

«Біз Антикорға арыз жаздық. Олар Алматы полиция департаментіне жіберді. Полиция департаменті қайтадан Алматы Антикорына жіберіп, біздің арыз-шағымымыз әлі күнге қаралмай жатыр», — деді Жазираның қазіргі адвокаты Ильяс Досымбетов. 

Адвокат жазған арыз-шағымдарын Orda.kz тілшісіне көрсетті.



«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұл істі Алматы қаласы бойынша полиция департаментіне тапсырсын. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда уәкілетті органдар арқылы шағымдануға құқығыңыз бар»,  деп жауап берді прокуратура.

Адвокат Ильяс бірнеше рет жазған арыздарынан тек бір жауап алып отырған. Бұл қалалық Антикордың жауабы:

««Әсет» сарапшыға қатысты № 241900010000104 ҚІЖ материалдары бойынша ақпарат беру туралы сұрауы сараптамадан өтті. Бұдан бұрын Департамент жоғарыда аталған материалды құзыретіне сәйкес одан әрі қарау үшін Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасына қайтарғанын хабарлаймыз», деп жауап қайтарған Антикор. 

Жазирамен кім тілдессе де, оның мінезіне оң баға берер еді. Тілшіміз оның қасақана адам өтіруге дейін баратын адам емес екенін байқағанын айтты. Не себепті құзырлы органдар бұл қыздың ісін қарағысы келмей отырғаны белгісіз. Қазіргі таңда Жазира сол колонияда тігінші болып жұмыс істейді. Айлығы 7000-10 000 теңгенің арасы. Жазираға «қысым мен азаптау туралы» сұрақ қойғанымызда «тыныш жүрсең, ешкім тиіспейді» деп қысқаша жауап берді. Жазира сұхбаттасу барысында жазадан қашпайтындығын айтып, тек жазасын жеңілдетуді өтінді. Жазира қызымен кездесіп тұрады, тіпті айына бір рет келіп қасына қонады екен. Жазираның анасының айтуы бойынша қайтар кезде қызы мойнына асылып, жылап, әрең кетеді екен. Тіпті күзетшілер әрең ажыратып алған кездері болған.

Orda.kz редакциясы оқиғаны өз бақылауында ұстайды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар