«10-12 жасар қыздар туып жатыр»: Қарағандыда 15 жастағы қызды «ұзатқан» ата-ана жазасыз қалмақ

cover Фото: Elements.envato.com

Қарағанды облысындағы 15 жастағы қыздың әкесі Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жүгінді. Ер адам кәмелетке толмаған қызын «шариғат бойынша» 38 жастағы досына тұрмысқа берген анасы мен өгей әкесін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. 

Orda.kz тілшісі істің мән-жайын анықтады.

Қазір айыпталушылар орындығында тек мектеп оқушысының «күйеуі» отыр. Ол «зорлау» бабы бойынша айыпталды. Ал қыздың әкесі анасы мен өгей әкесін де жазалауды талап етеді. Жергілікті прокуратура мен полицияға жасаған шағымдары еш нәтиже бермеген.

«Арызды қайтарып ал»

Бұл оқиғаның жай-жапсарын бізге әкесі айтты. Оның сөзінше, бірнеше күн бойы зорлық-зомбылық пен қамауда болғаннан кейін қызы «күйеуінен» қашып шығып, көмек сұрап әкесіне келген. Ол хиджабын шешіп, әкесімен бірге полицияға барған. Алайда олар әуелде арызды қабылдаудан бас тартқан. Кейін анасы мен өгей әкесі жасөспірімді шағымынан бас тартуға көндірген.

Теріс діни көзқарастағы анасы мен оның жаңа күйеуі бүгінгі күні іс бойынша тек куәгер

Ер адам бізге анасы мен өгей әкесінің қызын жеңіл жүрісті деп айыптап отырған бейнежазбасын көрсетті:

«Оны ешкім зорлаған жоқ! Өзі кім көрінгенмен жатып жүрді, шашын жайып жүретін».

Нағашы әжесі де оларға жақтасып отыр. Ол бұрынғы күйеу баласын шағымнан бас тартуға үгіттеген:

«Бұл жігіт жаман емес, саған айттым ғой: «Ұрмайды, ренжітпейді» деп. Мұның бәрі алдын ала келісілген. Ол ондайға баратындардың қатарынан емес. Білімді, тәрбиелі жігіт. Қызыңның болашағын ойла. Өзі қу, бәрін біледі. Қазір 11–12 жаста да қыздар босанады. Қарағым, батаңды бер, ертең арызыңды қайтарып ал. Бәрі біліп қойды. Полиция да, адамдар да. Ұят емес пе? Кеңесімді тыңда, кейін кеш болады, өкінесің». 


Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз

Әкесінің айтуынша, ол шілде айында Қарағанды облысының прокуратурасына анасы мен өгей әкесін жауапкершілікке тартуды талап етіп жүгінген. Алайда әлі күнге дейін олар куәгер болып отыр. Тіпті екеуі де кінәні мектеп оқушысының өзіне артып қойған.

«Әжесі: «Ол бұзылған, тұрмысқа берейік» деді. Бұл — өтірік. Мен сот-медициналық сараптаманы көрдім. Ол қыз еді, ешкім оған тиіспеген. Әжесі де, анасы да оған жала жапты. Баланың психикасын бұзды. Енді бала шатасып, қазір олардың жағында болып тұр. Бұған қалай қарсы тұрарымды білмеймін. Мен олардың жазаланғанын қалаймын. Олар жасаған ісі үшін жауап беруі керек. Бұл — әділетсіз деп есептеймін. Олар оның өмірін бүлдірді. Мен Бас прокурорға хат жібердім, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне де жаздым. Маған SMS келді, арыз қаралып жатыр екен. Бұл істі жай қалдырмаймын. Қажет болса, президентке де жүгінемін. Қазақстанда мұндайға жол берілмейтінін баршаға дәлелдегім келеді. Бәрі білуі тиіс: біз, Қазақстан азаматтары, тек Республика заңымен өмір сүруіміз керек, шариғатпен емес», — деді ер адам.

Даудан кейін қызы әкесімен араласуды қойып, ағасымен бірге тұрып жатыр. Хиджабты да қайта кимеген. Оның сіңлісі де анасынан кетіп, әкесінің қасына келген.

«Ол да қауіптенеді. «Өскенде сен де кезекке тұрасың» деп айтқан. Сондықтан туған анасына барғысы келмейді. Мен тыйым салмаймын, кездескісі келсе жолықсын деймін. Бірақ қызым өзі шешім қабылдады. «Мен ол жаққа бармаймын» деді қызым», — деді әкесі.

Жақында кенже ұлы да әкесіне көшіп барған. Ер адамның сөзінше, ол да анасынан кеткен. Қазір әйелдің жаңа отбасында екі кішкентай баласы қалған және ол үшіншісіне жүкті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар