«Жатырын алып тастамағаныма рахмет айт»: Алматы перзентханасында дәрігерлердің салғырттығынан сәби көз жұмды

cover Коллаж: Orda.kz

Алматы қаласының №2 перзентханасында дәрігердің салғырттығынан нәресте шетінеп кетті. Бұл перзентханада шақалақтардың өлімі бірінші рет болып тұрған жоқ. Гүлминям Низахунова есімді әйел Orda тілшісіне оны босандырған акушер мен перзентхананың былықтары туралы және құжаттың қалай бұрмалағаны жайлы айтып сұхбат берді.

Гүлминям Низахунова 13 тамыз күні жүктілігінің айы мен күні толғанда қан кетіп, №2 перзентханаға барған. Оны патологияға жіберіп, дәрігерлермен келісетінін, әзірге жата тұруын айтқан.

«Кейін маған Марат Естемісов есімді дәрігер келіп, мені тексеріп, барлығы жақсы екенін айтты. Мен: «қан кетіп жатыр ғой» дегенімде, мұның «қалыпты дүние» екенін айтты», – деді Гүлминям.

Кейін физиологиялық ерітіндімен оған тамшылатып тамырынан дәрі еккен. Осылайша Гүлминям 17 тамызға дейін жатқан. Әйелдің сөзінше, күн сайын қан кетіп жатса да, дәрігерлер: «ол қалыпты дүние» деп сендірген. 

«16 тамыз күні мені кардиокотографияға (КТГ) түсірді. Ал 17 тамыз күні кезекші дәрігер кіріп, мені тексерді. Алайда сол кезде баланың жүрек соғысын ұзақ уақыт бойы ести алмады. Мен одан не болып жатқанын сұрағанда, ол барлығы жақсы екенін айтты. Содан кейін мен бір жайсыздықты байқадым. Ішімдегі баланың қозғалмай қалғанын сездім. Кезекші дәрігерге барғанымда, бас дәрігерді шақыратынын айтып, әзірге шоколад пен сусын іше тұруға кеңес берді. «Бәлкім бала ұйықтап жатқан шығар» деді».

Бас дәрігер келген соң әйелге 4 литр физиологиялық ерітіндіні аспа өкілмен тамшылатып, тамырына салған. Сол арада дәрігерлер әйелді УДЗ-ге түсіргенде іштегі баланың шетінегенін байқаған. 

«Сол кезде барлығы ары-бері шауып жүгіріп кетті. 17 тамыз жексенбі еді. Акушер-гинеколог Марат Естемісов те келіп, мені дереу ота жасауға алып кетті. Отадан кейін есімді жиып дәрігерлерден баламның қайда екенін, оны неге маған әкелмегенін сұрадым. Олар қазір бас дәрігер келіп, жағдайдың барлығын өздері түсіндіретінін айтты».

Кейін бас дәрігер кіріп, оған баланы құтқара алмағандарын айтты. Осы күнге дейін не үшін босандырмағандарын сұрағанда дәрігер: «біз барлығы жақсы болып кететініне сендік» деп жауап берген. 

«Біз саған ұл сыйлайық»

Қайғылы оқиғадан кейін Гүлминямды палатаға ауыстырды және көп ұзамай ауруханадан шыққан. Алайда дәрігерлер әйелге келіп, арыз жазбауын өтінген.

«Ауруханадан шыққаннан кейін дәрігерлер арыз-шағым жазбауымды өтінді. Өйткені алдыңғы Арайдың оқиғасын редакция Instagram-ға шығарғаннан кейін дәл сол жағдай қайталанбас үшін тағы келді. Дәлірек айтқанда, Гүлнәр Байбосынова есімді дәрігер келді».

Дүйсенбі күні дәрігерлер келіп, болған жайтқа көңіл айтып, кешірім сұраған. Сондай-ақ аурухана өкілдері әйелге емделудің түрлі жолдарын да айтқан.

«Патология меңгерушісі Гүлнәр келді. Акушер-гинеколог Марат Естемісов келді. Сосын тағы бір әйел келіп кешірім сұрады. Алайда мен оның кім екенін білмеймін. Олар менен кешірім сұрап жатыр. Ал менің жауап беруге мұршам жоқ, жай ғана тыңдап отырмын. Кейін басқа дәрігерлерге апарып, емдеудің жолдары мен өз ұсыныстарын айтты. Бір кезде олар «сенде үш қыз болса, біз саған бір ұл сыйлайық» деді. Күйеуім сәл қызуқанды адам. Осы сөзден кейін бірден дәрігерлерге бас салып айғайлады».

Гүлминямның айтуынша, күйеуі дәрігерлерге ұрыса бастағанда бірден тақырыпты ауыстырған. Кейін олар: «біреудің баласын ұрлап, саған берейін деп жатқан жоқпыз, жай ғана сені жүктілікке дайындайық деген мағынада айттық» деді. Кейін одан акушер-гинеколог Марат Естемісов қайта-қайта кешірім сұраған.

Марат Естемісов деген кім және аурухана не былықтырып отыр?

Гүлминямның айтуынша, ол ресми түрде Перинаталдық және балалар кардиохирургиясы орталығында жұмыс істейді. Алайда оның анықтамасында дәрігер №2 перинаталдық орталықта кезекші ретінде жазылған. Ал прокурор одан ресми түрде қай жерде жұмыс істейтінін сұрағанда, Бәсенова көшесіндегі Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жұмыс істейтінін өз аузымен айтқан.

Orda тілшісі зерттеу жүргізіп, акушер-гинекологтың №3 Перинатология орталығына да қатысы бар екенін анықтады. Дәл қазір ол сол жерде жұмыс істей ме, әлде жұмыстан шығарылған ба, беймәлім.

«Егер Бәсеновадағы емханада жұмыс істейтін болса, неліктен мына жақта оның аты жүр десек, ол тұрып: «жай атымды жаза салған ғой» деп қысқа қайырды. Айтпақшы, ол отаға рұқсат алу үшін алдын ала 10 000 теңге төлеу керектігін, оны қолма-қол беру керек екенін айтты. Кейін Гүлнәр Байбосынова маған жапсырмаға (стикер) басылған мөрі бар қағаз әкеп берді. Ол әлгі ота жасауды растайтын рұқсат екен». 

Гүлминямның сөзінше, баланың жүрегі тоқтағанда кезде, акушер-гинеколог келіп, ақша туралы әлі келіспегенін алға тартып, одан 350 000 теңге талап еткен. Баланың амандығы үшін анасы сол ақшаны беруге келіскен. 

«Кейін болар іс болғаннан кейін ол маған келіп: «мен сенен ақша сұрамадым» деп шыға келді. Мен таңырқап, баланың сау туылғанын қаладым, сондықтан келіскенімді айтсам: «ол сенің жатқан палатаңа және саған жасалған қызметтерге кеткен ақша» деп жауап қайтарды. Қалайша мемлекеттік аурухана қызметі үшін ақша төлейміз?».

«Бәлкім сізге осында өлген балалардың тізімін берерміз?»

Гүлминямның адвокатының сөзінше, дәрігерлер анасын кінәлі етіп шығару үшін құжаттарды да өзгертіп тастаған.

«Мыналардың қалай жұмыс істегенін қараңыз. Бала өлгеннен кейін құжаттарды толтырған кезде анасын кінәлі етіп шығарған. Егер 13 тамыз күні жедел жәрдеммен алып келсе, дәрігер бірден ота жасау керек қой. Ал олар жаңа айтқандай, 4 күн дым істемей жатқызып қойған. 17 тамыз күні бала өлгеннен кейін Марат Естемісов жатырдағы өлі денені алып тастайды. Ал осы бойынша акушер-гинекологпен сөйлескенде ол: «жатырын алып тастамағаныма рахмет айт» деп маған бәлсінді», – деді адвокат Асылхан Едресұлы.

Адвокат ота құжаттарының 16 тамыз күні толтырылғанын, ал отаның өзі 17 тамыз күні жасалғанын айтты. Ал шын мәнінде құжат ота жасалған күні толтырылуы керек. 

«Тағы бір құжатында Гүлминям 17 тамыз күні жедел түрде ауруханаға келді деген. Бұл қалай? Яғни, олар 17 тамыз күні келді, келген кезде іштегі бала өлі болды деп жазғысы келген».

Адвокат 13 тамыз күні ауруханаға қан кетіп түскені туралы еш ақпарат жоқ екені айтты. 

«13 тамыз бен 17 тамыз аралығындағы күндер неге жоқ? Құжаттарда құдды 13 тамыз күні келіп, қайтадан кетіп, сосын 17 тамыз күні өлі баламен жедел түрде қайтып ауруханаға түскендей боп көрінеді. Ал олардың қойған диагноздары да адамның күлкісін келтіреді. Өйткені ол диагнозбен тек қайыршылар, арақкештер және есірткіге тәуелді адамдар ғана ауырады». 

Адвокаттың сөзінше, жоғарыдағы рұқсатқа аты-жөні жазылған дәрігер ғана ота жасай алады. Ал ол жерде сол Марат Естемісовтің аты жазылған. Сондай-ақ ол прокуратураға 13 мен 15 аралығында Естемісов қайда болғаны немесе отаны қайда жасағаны туралы мәлімет сұрастырғанын және осы іс бойынша президентке, сенат парламентінің төрағасына, мәжіліс парламентінің төрағасы мен министрлікке және т.б өкілдерге өтініш жібергенін айтты. 

«Ал маған Байбосынова не айтқанын білесіздер ме? Маған қарап тұрып: «Бәлкім, сізге осында өліп қалған балалардың тізімін берерміз? Сен баласы өлі туған әйелдерді онсыз да қорғайды екенсің ғой» деп мысқылдады», – деді адвокат Асылхан Едресұлы.

Гүлминям болса, Марат Естемісовтің оған бәрібір де ештеңені дәлелдей алмайтынын және бұл туралы ешқайда жүгірудің қажеті жоқ екенін айтты.

«Ешқандай да ақша бопсалау деген болмады»

Редакция бала өлімі болған ауруханаға сауал жолдаған болатын. Өз жауабында олар науқастың 13 тамыз бен 22 тамыз аралығында ауруханада болғанын және дәрігерлердің ешқандай да ақша бопсаламағанын айтты.

«Ішкі қызметтік тексеріс бойынша 2025 жылғы 19 тамызда шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын — «№2 қалалық перинаталдық орталықта» жүктілік кезінде іштегі баланың өлімі фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Орталық деңгейінде медициналық көмектің сапасы талданғаннан кейін дәрігерлерге тәртіптік жаза ретінде ескерту және сөгіс жарияланды»,  деп хабарлады орталық.

Сондай-ақ аурухана науқастардан қолма-қол ақша алуға рұқсат етілмегенін, қатаң тыйым салынғанын алға тартты. 

«Орталықта ақылы қызметтер белгіленген тәртіппен көрсетіледі. Барлық төлем тек касса арқылы жасалады. Дәрігерлерге немесе қызметкерлерге қолма-қол ақша беруге тыйым салынған».

Ал адвокат ережелерге сай төленетін ақыны теріске шығарды. Оның айтуынша, дәрігерлер Гүлминямнан қолма-қол ақша алған. Асылхан Едресұлы дәлел ретінде Марат Естемісовтің Гүлминямға жазған аудиожазбасын тілшімізге жіберді.

Ал орталық болса патологоанатомиялық акт қорытындысында диагноздар арасында айырмашылық анықталмағанын айтты. Аурухананың ресми жауабына қарасақ, қорытынды ұйымның медициналық құжаттамасына толық сәйкес келеді.

Тілге тиек етейік, дәл осы №2 қалалық жүкті әйелдерге арналған орталықта Жұмабай Ернар Батырбекұлы мен оның жұбайы Арай Ақанқызы жаңа туған сәбиінің өліміне дәрігерлерді айыптады. Әйелді «босандырған» дәрігерге мекеме сөгіс беруді жөн көріпті. Содан кейін ол «өз еркімен» жұмыстан кетіп, қазір басқа перзентханада жұмыс істеп жатыр.

Редакция сонымен қатар бұл туралы денсаулық сақтау министрлігіне де сауал жолдаған болатын, алайда әзірге жауап жоқ. Адвокаттың сөзіне қарасақ, осы орталықта босанған кейбір аналар тіпті өз балаларының денесін де көрмеген, өйткені оларға сәбилерін орап беріп, сол күйінде жерлейді. Бірақ олар расында да өз баласын жерледі ме, ол жағы бізге беймәлім. 

Orda.kz редакциясы оқиғаны ары қарай қадағалап, ақпарат таратып отырады.








Жаңалықтар

барлық жаңалықтар