Жүргізушілер ереуілге шықты: жалақы, зейнетақы, сақтандыру жоқ

cover

Семейде 16 маусымда таңертең автопарк жүргізушілері ереуілге шықты. Көптеген бағыттарда көлік қозғалысы тоқтады. Қала тұрғындары жұмысқа таксимен жетуге мәжбүр болды. Мұның себебі - жүргізушілерге төленетін жалақы мен әлеуметтік аударымдар.

Бұл туралы Orda.kz КТК-ға сілтеме жасап хабарлады.

– Біздің жартымыз мемлекетке қараймыз. 50 пайызға. Біздің субсидияларымыз қайда? Сақтандыруларымыз ше? Бәрі қайда? Жалақымыз? Біз таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс істейміз ғой, солай емес пе? - деп ашуланады жүргізушілер.

Автопарк аумағында ондаған жүргізушілер мен кондукторлар жиналды. Туындаған мәселелерді жергілікті шенеуніктер шешуге келді. Анықталғандай, қызметкерлерге төлемдер мерзімді түрде кешіктіріліп отырады. Қазір жалақы қарызы 20 млн теңге болған. Зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру мүлде жоқ.

Банк пен әкімдіктер алдындағы міндеттемелер, сондай-ақ қарыздар бойынша сот компанияны жиі сілкіп отырады. Шенеуніктер жұмысшылардан барлық сот процестері аяқталғанша күтуін сұрады. Алайда, ақшаны жақын арада төлеуге уәде берді. Нәтижесінде, түске қарай автобустар жолға шықты.

– Барлық сот процедуралары аяқталғанға дейін біз заң жүзінде шешім қабылдай алмаймыз. Автопарктың басшылығына да кішкене ғана күту керек. Кейін осы мәселе айқындалады. Бірақ әлеуметтік аударымдар мен жалақы мәселесі бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан, біз оны автобус паркімен бірге қарастырамыз, - деді Семей қаласы әкімінің кеңесшісі Димитрий Гариков.

Субсидиялардың жоқтығынан Семейде қоғамдық көліктің тоқтап қалуы жаңалық емес. Бұл мәселе осы жылдың наурыз айының соңында көтерілген.

Блогер Насима Қорғанбекова өзінің Facebook парақшасында хат жариялаған. Оның айтуынша, депутаттар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметовтің үстінен шағымдары бар хат жолдаған.

Парламент депутаттары Семейдегі маршруттық желінің 70% қамтамасыз ететін Semey Bus паркіне субсидия беруді талап етіп отыр. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының әкімі қоғамдық көлікке қаражат субсидиялағысы келмейді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар