Жүйені «хақтаймыз»: Тоғжан Қожалиева азаматтық қозғалыс туралы

cover

2019 жылғы Президент сайлауынан кейін қоғамда тағы бір азаматтық қозғалыс пайда болды. Ол HAQ – Халыққа адал қызмет деп аталды. Қозғалыстың жетекшісі Тоғжан Қожалиева. Әділет министрлігі бұл қозғалысты тіркеуден бас тартты. Партияға айналамыз деген қозғалыстың үміті ақталмады, сол себептен де 2020 жылғы парламент сайлауына қатыса алмады.

Оппозиция көшбасшыларымен келіссөздерімізді жалғастырамыз. Бүгінгі сұхбатымыз Тоғжан Қожалиевамен болады.

Хакнуть систему: Тогжан Кожалиева о движении HAQ

Тоғжан, саясат дегенді сіз қалай түсінесіз?

«Саясат дегеніміз менің түсінігімде өз пікіріңнің болуы және сол пікірді ұйымдасқан топтың көмегімен жүзеге асыра білу. Бізде кез келген танымал адамды, тіпті ол блогер болса да саясаткер деп есептейді. Негізінде саясаткер дегеніміз билік жүйесіне еніп, өз идеясын жүзеге асыратын адам. Біздің қазіргі саясаткерлеріміз, мысалы Мамайды алайық, адамдарды митингке ұйымдастырып шығарып жүр, ол билікке ұмтылуда. Ал бұрынғы саясаткерлер - Әбдилдин, Нұрқаділов, Сәрсенбаевтар қазір саясат алаңында жоқ. Мен өзімді саясаткер деп санаймын. Біздің HAQ, өз идеямызды жүзеге асыру және Қазақстандағы саяси құрылымды білу үшін билікке ұмтыламыз».

Қандай тактикалық әрекеттерді ұстанасыз?

«Біз о бастан-ақ билікті жаулаудың радикалды түріне қарсымыз. Өйткені ол конституцияға қарсы және заңсыз жол. Кейбір заңдарға да қарсымыз. Алайда заңға қарсы әрекеттерге барғаннан гөрі оларды өзгерту жағын таңдаймыз. Кейде билік мынадай арандатушылықтарға барып жатады: азаматтық белсенділерді ұстап, олардың радикалдыққа баруына ықпал етеді. Не үшін олай істейтіндері түсініксіз. Мүмкін, ұлттық қауіпсіздік саласына қаражат қажет пе екен? Біз конструктивті диалог жағындамыз. Қазір қоғамда екі қарама-қайшы саяси бірлестік бар – олардың бірі заңды түрде тіркелген, ал екіншісі заңсыз деп танылған. Олар «Нұр-Отан» және «ДВК- Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиялары. Екеуі де өзінен басқаның ой-пікірін қабылдамайды, өзінен басқа көшбасшы жоқ деп түсінеді. Олармен тіл табыса алмағандар жау деп есептеледі. Ал біз, керісінше, қарсы жақтың пікірі тыңдалуы тиіс дейміз. Тыңдай білгеннің нәтижесі ақиқатты байқатады. Сондықтан да біз өзіміздің қозғалысымызды «Халыққа Адал Қызмет – ХАҚ» деп атадық. Ат қоярда Қазақстанға ең қажетті нәрсе не деген сұраққа жауап іздегенде бізде халыққа адал қызмет жетіспейді екен. Билік халықтың құлы болуы керек. Бізде қазір, әрине, олай емес. Бірақ, Зеленский Украинаға қалай қызмет етуде, сондай болу керек».

HAQ неліктен дәл қазір пайда болды?

«Билік бұдан бұрын тұтас, тастай берік болатын. Қазір сол тұтастықта жарықшақтар пайда бола бастады – ол саяси элитаның билікке ұмтылуы, биліктің трансформациялануы. Дәл осы кезде саяси жүйеге кіру керек. Жүйені хақтау керек деген – ол біздің ұранымыз. Егер біз саяси жүйенің жарықшағына дәл қазір сыналап кірмесек, екі жылдан соң жарықшақтар қайта бітеліп, кеш болады».

HAQ –ты қолдаушылар кімдер?

«Жақсы білім алып, бірлестіктерде қызмет еткен адамдар радикализмді қабылдамайды, олар жүйелі диалог іздейді. Бұлар негізінен Facebook-тің адамдары. Мен негізінде, «интеллигент» деген сөзді жақтырмаймын, маған ол әлеумет тым жұмсақ, азусыз болып көрінеді. Ал білімді адамдар өзгерістерді эволюциялық жолмен жасағанды жөн санайды. Біз центристерміз. Украинада Саакашвилимен кездескенімізде центристердің мына бір сөзі есімде қалды: егер халыққа солақай шешімдер қажет болса – сол шешімді қабылдаймыз, оңтайлы шешім қажет болса – оң жақтық шешім қабылдаймыз. Біз бейімделгішпіз. Мемлекетке қазір не керек екенін білеміз. Біздің өкілдеріміз үкіметте де бар. Бізді инсайдерлер ақпараттандырып тұрады. Аймақтарда да өкілдеріміз бар. Эволюция тарихына үңілсеңіз, өзгерістерді орта тап өкілдері жасаған. Біз соларға сүйенеміз. Ал төменгі тап адамдары олар митингтер мен баррикадалардың құралы болып есептеледі. Қазір көп адамдар шетел асып кетті, қалғандары ұлттық компанияларда істейді, немесе шенеунік қызметінде. Бұлар қала тұрғындары. Ауылға олар бармайды. Ал аймақтардағы тұрғындарға бәрібір, оларды партия туралы заң қызықтырмайды, олар үшін ең бастысы жұмыс, су, жол, экология. Олар сені өз көзімен көріп, шәй ішіп әңгімелеспейінше саған сенбейді. Сондықтан келесі сатыда – біз әр аймақта оларды толғандыратын мәселелерді қозғаймыз».

HAQ –тың қатарында нақты қанша адам бар?

Хакнуть систему: Тогжан Кожалиева о движении HAQ

«Аймақтарды қосқанда барлығы мыңға тарта адам бар. Азаматтық бастама Коалициясында экологтар, сарапшылар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері өзара тиімді қызмет етеді. Біздің барлық шараларымызда ең кемі 300-500 адамға дейін жиналады, ал аймақтарға барсақ 20 адамға дейін жиналады. Бірақ біз әлі оларды тізімге тіркеген жоқпыз. Ол стратегияны әзірге кейінге қалдырып тұрмыз. Алдымен ел біз туралы естіп-білсін, содан кейін барып партия ретінде тіркелеміз. Біздің мақсатымыз адамдардың артынан жүгіріп қатарымызды толықтыру емес, адамдардың өзі бізді іздеп келгені».

Билікке қандай мақсатпен келгіңіз келеді?

«Біз мынаны түсіндік: билікке ары таза, ниеті таза адамдар келмейінше бізде оң өзгерістер болмайды. Біз билікті митингілермен жаулап алмаймыз. Олай жасайтындар – нақты мақсаты белгісіздер ғана. Ал біздің нақты бағыт-бағдарламамыз бар. Біз іс-әрекеттерімізді заңды түрде, заңға сүйене отырып жүзеге асырамыз. HAQ-тың атынан сөйлегендер жергілікті өзін өзі басқару мәселелеріне, адами капиталдың дамуы, пікірлердің еркіндігіне баса назар аударады».

HAQ (ХАҚ) неліктен митингілерге қарсы?

«Митинг дегеніміз ол басқа әрекеттерден түк шықпағанда билікке жасалатын қысым көрсету құралдарының бірі. Мәселен, партияңды тіркете алмай, аймақтық билікке сөзің өтпей қалған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары мен алаңға митингке шығу ғана қалады. Митинг – нақты мақсатың болса, оған қатысушылар саны мыңға жетіп жатса, күннен күнге талап етіп жататын тезистерің болса ғана бұл жақсы құрал. Ал алаңға небәрі 50 адам келіп, бірдеңелерді бұрқылдап айтып, митингке келген адамнан полицияның саны көп болып, акцияға журналистерден басқа адам келмесе – ол митингінің маңызын қорлау болып табылады. Біз рұқсат етілмеген митингілерді өткізуге қарсымыз. Өйткені біз қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды жақсы түсінеміз. Егер заңға қайшы әрекеттерге барсаң жауап беруге тура келеді. Сондықтан біз сүрінбеуге тырысамыз. Өйткені біздің алдымызда үлкен мақсат бар. Билікке келу үшін біз сүрінбеуіміз керек. Біздің жұмыс бағытымыз – ресмилік. Біз барлық заңдылықтарды сақтауға тырысамыз».

HAQ (ХАҚ) -тың артында кім тұр?

«Біздің арқа сүйер ешкіміміз жоқ. Марғұлан Сейсембаевтың да бізге ешқандай қатысы жоқ. Бірақ мен оны бұрыннан танимын. Ол маған Украинаға баруды ұсынды. Оған біздің идеяларымыз ұнайтын сыңайлы. Тимур Құлыбаевта мен ұзақ уақыт істедім. Бірақ мен сияқты қызмет істегендер ол жерде толып жатыр. Оған партия керек емес. Ол саясатпен айналысқанды жақтырмайды. Мені ҰҚК, Ақордамен, салафиттармен, тіпті Қытаймен де байланысты деушілер бар. Мен 11 жыл Мәскеуде қызмет істедім. Мүмкін мен ФСБ мен ГРУ-да да іздерім бар болар… Маған жақындастырмағаны Моссад қана қалды – деп әзілдейміз. Олай дейтінім менің күйеуім – арғын, ал қазақтардың ішінде арғындарды қазақтың еврейі деп қалжыңдайды (күйеуі Мейрам Тілеухан – әділет генерал-майоры Рамазан Тілеуханның ұлы, депутат Бекболат Тілеуханның жиені – ORDA-ның ескертуі). Мен саясатпен 26 жасымнан бастап айналысамын. Күйеуге 40 жасымда шықтым. Ол кезде мен өмірлік тәжрибем толысқан, біреулердің ықпалына ере бермейтін адам болдым».

HAQ - ты қаржыландырушы кім?

«Күйеуім екеуміздің ортақ бизнесіміз болды. Оның біреуін бізден тартып алды. 23 мың шаршы метрді құрайтын үлкен офис-зал болған «Альфарабиус» деп аталатын, барлық нормативтік және процессуалдық заңдылықтар сақталмаған екі сот өтті, бірақ біз әлі айқасамыз».

Бизнесіңіздің бұл жағдайы неге байланысты деп ойлайсыз?

«Бізде кім кімді қаржыландыратыны белгілі ғой. Біздің заңдарымыз көбіне бизнеске қысым жасайтын заңдар. Банктер де билікке келуге ықпалы бар адамдардың қолында. Өзінің саяси амбициясын жария еткен адамның бизнесі тартып алынып жатады. Біздің бизнесмендерімізде тығырықтан шығар екі ғана жол бар: не елден кету, не бірдеңе дамытуға тырысу. Осы жолда партия құру арқылы заңсыздықтарға жол бермеуге болады. Бізге партия құру үшін көмектесуге дайын адамдар көптеп саналады. Олар біздің партиялық бағдарламамызды күтіп жүр. Партия құрсақ біз бизнестің мемлекеттік монополиядан құтылуына барлық жағдай жасауға күш жұмылдырамыз. Ал әзірше біз тек мемлекеттік тапсырыстармен күн көруге ұмтылып жатырмыз. Бірақ ұтылуымыз басым, өйткені - өзіне қарсы келетін болған соң мемлекет бізге қаржы бергісі келмейді».

Оппозиция қандай болуы керек және қандай болмауы керек?

«Қазақстанда оппозиция дегенді баррикадаға шығушы немесе билікті тағынан тайдырушы ретінде ғана таниды. Бұл большевиктердің түсінігі. Билікке қарсы келетін күш билікті сынауы керек және сол сынаған жағдайдан қалай шығуға болады – сол жолдарды көрсетуі керек. Ең басты мақсат – ол елді дамыту. Кіммен, қалай келісесің – ол маңызды емес. Біз басшы болғымыз емес, халыққа қызмет еткіміз келеді, билікпен сол үшін тіл табысқымыз келеді. Оппозиция тек өз дауысын ғана естіп қана қоймай, бір-бірімізге қарама-қарсы отырып бір-бірімізді тыңдауымыз қажет. Қазір наразылық топтарының басын біріктіретін факторлардың бірі – ол тәуелсіздігімізді жоғалтып алу қаупі. Географиялық, мәдени және экономикалық тәуелсіздігімізден айырылып қалу қаупі бар. Біз тіпті президентті де, әкімді де, министрді де өзіміз тағайындай алмаймыз. Бұл дегеніңіз – саяси тәуелсіздігімізді жоғалту деген сөз. Мен Қытай немесе Ресейдің ықпалынан қорқамын. Саакашвилидің Украинадағы біз танысқан идеялары мен тәжірибесі бізге қысқа уақытта елімізді өзгертуге пайдасы тиер. Тіпті көшеге шықпай-ақ, мысалы Грузиядағыдай».

HAQ- тың болжауынша Қазақстанның болашағы қандай?

«Қысқа айтқанда, еліміздегі халықтың бәрі басқа жаққа көшіп кетпейтіндей, ал басқа халықтар осында келіп тұрғысы келетіндей ел болсақ. Болашақта мемлекеттік құрылымда биліктің бір біріне тәуелсіз үш тармағымен қоса төртінші билікке жататын БАҚ–та болса. Мемлекеттік тіл – тек қазақ тілі болып танылса…Қазақтар кез келген мәдениетті бойға сіңіріп алады. Өте төзімді халықпыз. Біз қазақстандық емеспіз, біз қазақпыз. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Біздің түсінігімізше, біздің партиямызға билікте отырмаған адам керек, бірақ әркімнің де қателесуі мүмкін болса сол қатені жөндеуі де мүмкін… Біз бар болғаны 18 миллион адамбыз, оның ішінде 10 миллионы қазақпыз. Олар бір бірін не үшін жоюы керек? Мен өз мақсатыма жету жолында ешнәрсені құрбан етіп, біреуді жойғым келмейді. Саясаткерлер өз биігіне жету жолында бірдеңені құрбан етеді деу - ол большевиктік принцип. Ол авторитарлық режимдегі елдердің имиджі. Менде ондай «екінің бірін таңда» дейтін мақсат жоқ, менің таңдауым – менің отбасым мен саясат».

Авторы: Бағдат Асылбек

Аударған: Баян Таңатарова

Сұбхат кейіпкерінің пікірі ORDA. редакциясының пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар