Қызылорда облысындағы мейрамханалардың дағдарыспен күресі
Қызылордада 128 мейрамхана жабылу алдында тұр. Негізгі пайда әкелетін мерекелерге қазір тыйым салынған, сондықтан көптеген кәсіпкерлер өз мекемелерінің есіктеріне құлпы салып, қызметкерлерді таратуға мәжбүр.
Толығырақ Orda.kz сайтында.
Карантин салдарынан мейрамханалар мен кафелердің иелері қиын жағдайға тап болды — олар қызметкерлерге ақы төлеу және қарыздарын өтеу үшін ғана жұмысын жалғастыруда. Іс жүзінде жұмыс пайда әкелмейді. Он шақты тамақтандыру кәсіпорындары өз ғимараттарын дүкен мен спорт залдарына айналдырды.

Қармақшы ауданы Жосалы орталығындағы «Малика ана» тойханасында жергілікті балалар спортпен шұғылданады. Кәсіпкерлер бизнесті қайта құруға бірнеше рет тырысты, тіпті наубайхана ашты, бірақ ол да табыс әкелмеді.
— Электр энергиясы, жұмысшылардың жалақысы, шикізат — ақша осы қажеттіліктерге ғана кетуде. Сонымен қатар, сату нарығы жоқ. Ауылда осы бағытта бұрыннан істеп келе жатқандар бар, сондықтан біз бәсекелестікке төтеп бере алмадық, наубайхананы жабуға тура келді. Тойхананың жаңа ғимараты қазір бос тұр, ал ескісі балалар спорт кешеніне берілді. Жалға алушылар мұнда балаларға арналған батуттар, әткеншектер әкеліп қойды, - дейді мекеме иесі Сақтапберген Медеуов.
22 сәуірде Қызылорда облысы қызыл аймаққа көшкен кезде дәмханалар мен мейрамханаларға келушілерді сағат 20:00-ге дейін қабылдауға рұқсат етілді, жазғы алаңдар сағат 22:00-ге дейін ашылды.
Рестораторлар аймақтағы эпидемиологиялық жағдай оқу орындарының офлайн форматқа көшуіне байланысты нашарлағанына сенімді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшыларымен кездесуде мейрамханалар мен дәмханалар иелері өз наразылықтарын білдірді.

— Дәл осы себептен аймақта балалар мен білім беру қызметкерлері арасында коронавирус жұқтыру пайызы күрт өсті. Неліктен қоғамдық тамақтану орындарының иелері әкімдік пен Білім министрлігінің шешімдеріне байланысты зардап шегуі керек? Бізді ермекке доп қылды, - деп ашуланды кәсіпкер Ақмарал Әбдіразақова.
— Аспаздардың, даяшылардың және техникалық қызметкерлердің еңбегіне қалай ақы төлейміз? Адамдар жұмысқа шыққаннан кейін, олар жалақы алғысы келеді және олардың талаптары өте заңды. Жұмыс уақытының шектелуіне байланысты біз түсімді жоғалтып аламыз, ал жалақыны әлі де толық көлемде төлеуге мәжбүрміз: әйтпесе біз қызметкерлерден айрыламыз, – дейді кәсіпкерлер.
Қызылордада шағын дәмханалар жұмысын жалғастырып жатқанда, ірі мейрамханалар жабылуда. Көптеген мейрамхана иелері жеткізу нақты пайда әкелмейді дейді. Бұл жай ғана маркетингтік қадам, оны әлі де алға жылжыту керек.
«Кореяна» кафесінде әдетте көп адам болатын. Әкімші Олег Ли бұл бизнесті он алты жастан бастаған. Мәскеудегі мейрамханада жұмыс істеп, Қызылордаға оралып, «Кореянаны» ашқан болатын.

—Пандемияның алғашқы толқынында жағдай түсініксіз болды. Біз бұл жағдайда өзін қалай ұстау керектігін білмей жабылып қалдық. Қорқыныш болды, қызметкерлерге қауіп төндіргіміз келмеді. Оларға қоймада қалған барлық өнімдер таратылды.
Биылғы жылы, Олегтің айтуынша, белгілі бір тәжірибе бар, кафе келушілерді қабылдайды. Бірақ пайда жоқ.
— Өйткені, залда қанша адам бар екендігі маңызды емес. Бір үстел немесе толық зал болсын. Біз клиенттердің 80 пайызынан астамын жоғалттық, бірақ шығындар бірдей. Ас үй жұмыс істейді, электр қуаты, су жұмсалады. Барлық жұмыс орындарын сақтау мүмкін емес, біз тек қызметкерлерді ұстап тұру және салық төлеу үшін ғана жұмыс істейміз, – дейді Олег.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы алғашқы коронавирус толқынында он мыңға жуық бөлшек және көтерме сауда, қонақ үй бизнесі және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары жұмысын тоқтатқанын мойындайды.
— Мейрамхана бизнесін қайта бағыттау жұмыстары жүргізілуде. Қазір кейбір ғимараттарда балалар алаңдары, медициналық пункттер мен құрылыс материалдары дүкендері ашылды. Соның арқасында жұмыссыз жүрген қызылордалықтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бар, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фирдоуси Қожабергенов.

Кәсіпкер Ақыл Сәдуақасов 2003 жылы Арал қаласында «Ақниет» мейрамханасын ашты. Мұнда мерейтойлар, үйлену тойлары, қыз ұзату және басқа да отбасылық мерекелер өткізілетін. Тойхана карантин енгізілгенге дейін тұрақты табыс әкелген.
— Бұл жағдайдан шығу үшін мен мейрамхананы дүкенге айналдырып, оны жалға бердім. Мұнда он адам жұмыс істейді. Бұл несиені уақытында төлеуге мүмкіндік береді, - дейді Ақыл Сәдуақасов.

Кәсіпкер Алма Ерназарова пандемияға дейін «Ұлытау» мейрамханасын жауып, шырын мен компот құю өндірісін ашуға шешім қабылдады. Жоба құны - 32 млн теңге.
Жергілікті «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы келіп, құрал-жабдық сатып алуды ұсынды. Бірақ идеяны жүзеге асыру әлі мүмкін болмады: банктер несие беруден бас тартты.
— Сусындарды, шырындарды әртүрлі ірі мерекелерде ғана ұйымдастырушылар көп мөлшерде сатып алады. Қазір карантин, ойын-сауық шараларына тыйым салынған. Мен сатып алушыны таба алатыныма кепілдік қайда? - дейді кәсіпкер.
Алайда, қызылордалық рестораторлар өз бизнесін қайта бастаудан үмітті, сондықтан да бизнестерінің бағытын түбегейлі өзгертуге асықпайды.
Авторы: Жанна Балмағанбетова, Кызылорда
Аударған: Мұхит Тұрсынәлі
Жаңалықтар
- Жолаушыларға лық толы ұшақта портативті қуаттағыш атылып, бүкіл әуежай әуре-сарсаңға түсті
- Президент Ұлытау облысының жаңа әкіміне өңірдің тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды
- Театр ардагері Бижамал Кемалова өмірден өтті
- Салық органдары кәсіпкерлерге қызметкерлердің жалақысын көтеруді жаппай талап ете бастады
- Алматыда биыл 105 лифт ауыстырылады
- Цифрлық майнинг: 2 млрд теңгенің заңсыз криптовалюта операциясы немен аяқталды?
- КҚК Новороссийск арқылы мұнай жөнелтуді қайта бастады
- Президент Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады
- 9 ай бойы дұрыс емдемеген: БҚО-дағы аурухана қайтыс болған науқастың отбасына өтемақы төленеді
- Алматыда жер сілкінісін ерте ескерту жүйесі күшейтіліп жатыр: 35 жаңа сейсмобекет салынды
- Немересі әжесінің мәйітімен бірге крематорий пешіне секірді
- Астанада автосалон жұмысшысы клиенттердің көлігін сатып жіберген
- Қазақстандық турист Ыстықкөлде 14 жастағы қызды соққыға жықты
- Қасым-Жомарт Тоқаев Эндрю Бернемді құттықтады
- Аятолла Мұджтаба Хаменеи қарсылықты жалғастыруға шақырып, АҚШ-пен келісім шарттарын атады
- Қытай АҚШ-пен соғыс және Тайваньды басып алу сценарийлерін макет арқылы пысықтауда
- «Боратты» жарнамаға қосқан Shoqan бренді дауға қалды
- Джеки Чан Қазақстандағы кеште Miyagi мен Нұрлан Сабуровпен бірге көңіл көтерді
- Иран: АҚШ-қа 20 млрд доллардан астам шығын келтірдік
- Алматыда түнгі жол апатынан екі қыз қаза тапты